Адамзат баласы ерте замандардан бері сандарға ерекше мән беріп келген. Ғасырлар қойнауынан жеткен көне ілімдердің бірі – нумерология. Бүгінде бұл ұғым көпшілікке таныс. Сандардың тек есеп-қисап үшін ғана емес, адамның мінезі мен денсаулығына, тағдырына әсері бар деген сенім сан алуан елдерде ежелден айтылып жүр. Әсіресе туған күнге сәйкес келетін сандардың ықпалы ту- ралы керекті дерек өте көп. Біз бүгін қажеті болар деген ниет- пен нумерологияның қызықты мәліметтерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бірліктер. Айдың 1-і, 10-ы, 19-ы, 28-і күндері дүниеге келгендер «1» санының ықпалында болады. Мұндай жандардың бойында мақтансүйгіштік, өзімшілдік, менмендік байқалғанымен, олар өзін қадағалай алады, ұсақ-түйекке мән береді. Ашық мінезді болса, сәттілік жолдас.

1-і күні туғандар – еркіндіксүйгіш, шығармашыл, епті, басшылыққа бейім. Дегенмен ұстамдылық қажет. 10-ы күні туғандар – еркін, идеалист, әртістікке бейім. Кез келген істі басынан бастауға қорықпайды, бірақ кейде өз шамасын білмейді. 19-ы күні туғандар – білікті, өзгелерге көп нәрсе үйретеді. Батыл, іскер. Бірақ өркөкіректік жетістіктерін көмескілейді. 28-і күні туғандар – арманшыл, сезімтал, ерік күші мығым. Денсаулығына келсек, бірліктер жүрек, көз, қан қысымы, қан айналымы ауруларына бейім. Олар үшін түймедақ, шафран, лаванда, апельсин, лимон, жүзім, зімбір, арпа пайдалы. Әсіресе балды жиі қолданғаны жөн.

Екіліктер. Айдың 2-сі, 11-і, 20-сы, 29-ы туғандар – «2»-нің адамдары. Оларда өзіне сенімсіздік, мінез тұрақсыздығы байқалады. Шешім қабылдау оңайға түспейді. Бірақ сезімтал, әзілді түсінеді, көңіл-күйі тез өзгереді.

2-сі күні туғандар – аңғарымпаз, түйсігі күшті, момын, ашық-жарқын. Бірақ өзгеге тым жол беріп жібермегені жөн. 11-і күні туғандар – көреген, түйсігі мықты, өзін-өзі ұстай біледі. Бірақ кей жағдайда шыдамсыздық, қатыгездік көрсетуі мүмкін. 20-сы күні туғандар – көпшілікпен тіл табысқыш, дауысы тартымды, әншілікке бейім. 29-ы күні туғандар – арманшыл, басталған істі соңына жеткізуі шарт. Екіліктер асқазан-ішек жүйесіне байланысты сырқаттарға бейім. Мамандар оларға банан, қияр, қауын, зығыр дәні, цикорииді жиі пайдалануды ұсынады.

Үштіктер. Айдың 3-і, 12-сі, 21-і, 30-ы туғандар – «3»-тің адамдары. Сәттілікке жақын, шығармашылыққа бейім, бірақ мақтанқұмарлығы, жеңілтектігі де бар.

3-і күні туғандар – ашық мінезді, әртістікке бейім, әзілқой, бірақ өркөкірек келеді. 12-сі күні туғандар – іскер, ұстамды, ойлы, қиындықты жеңе білетіндер. 21-і күні туғандар – жайлы өмірге құштар, талғампаз, бірақ өзгеге тым талапшыл. 30-ы күні туғандар – шығармашыл, қиялы жүйрік, түйсігі мықты жандар. Үштіктер жүйке сырқаттарына, нефритке, тері ауруларына бейім. Сондықтан оларға қаражидек, спаржа, цикорий, анар, жүзім, жаңғақ, бидай пайдалы.

Төрттіктер. Айдың 4-і, 13-і, 22-сі, 31-і дүниеге келгендер – қатал, идеяға берік, бірақ екі түрлі мінезбен кездеседі: біріншілері – зиялы, тұйық, екіншілері – қызғаншақ, сөзшең.

4-і күні туғандар – ұқыпты, құпияшыл, бірбеткей келеді. 13-і күні туғандар – еңбекқор. 22-сі күні туғандар – әмбебап ойшыл, бірақ ұстамсыз жандар. 31-і күні туғандар – бастамашыл, іскер, бизнеске бейім. Төрттіктердің денсаулықтары анемияға, бел-бас ауруларына бейім. Шпинат, шалфей пайдалы.

Бестіктер. Айдың 5-і, 14-і, 23-і туғандар – еркіндікті сүйетін, бейімделгіш, жол тапқыш. Бірақ қызғаншақтық пен тұрақсыздық тән.

5-і күні туғандар – ақылды, кеңес бергіш, бірақ ұстанымын жиі өзгертеді. 14-і күні туғандар – мінезі жұғымды, түсіністікке бейім, бірақ көңіл-күйі тұрақсыз. 23-і күні туғандар – көпшілікпен тіл табысқыш, іскер жандар. Бестің адамдары жүйкесін өздері тоздырады. Демалыс пен ұйқы – ең жақсы ем. Олардың денсаулығына сәбіз, сұлы, жаңғақ пайдалы.

Алтылықтар. Айдың 6-сы, 15-і, 24-і туғандар – адал, кәсіби білікті, жауапкершілігі мол.

6-сы күні туғандар – ашық мінезді, жомарт, бірақ күмәншіл. 15-і күні туғандар – тартымды, басқаруға бейім, күш-қуаты мол. 24-і күні туғандар – отбасылық үйлесімге бейім, жеке өмірге көп көңіл бөледі. Алтылықтар тамақ, мұрын, ауыз қуысы, жүрек сырқаттарына бейім. Оларға шпинат, жалбыз, қауын, анар, інжір пайдалы.

Жетіліктер. Айдың 7-сі, 16-сы, 25-і туғандар – философ, ойшыл, эзотериялық ғылымға бейім.

7-сі күні туғандар – бірбеткей, көріпкелдікке бейім. 16-сы күні туғандар – қамқорлыққа зәру, ашуға берілгіш. 25-і күні туғандар – түйсігі дамыған, эзотериялық ілімге құштар. Жетіліктердің терісі нәзік, терлегіш. Оларға алма, жүзім, қымыздық пайдалы.

Сегіздіктер. Айдың 8-і, 17-сі, 26-сы туғандар – жомарт, білімге құштар, табанды.

8-і күні туғандар – тәртіпті, ұстамды. 17-сі күні туғандар – мейірімді, үйлесімді, сәнді киінгенді ұнатады. 26-сы күні туғандар – ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Сегіздіктердің денсаулығында бауыр, өт, ішек, бас аурулары жиі кездеседі. Оларға банан, шпинат, шалфей пайдалы.

Тоғыздықтар. Айдың 9-ы, 18-і, 27-сі туғандар – идеясы көп, мақсатшыл, жомарт, кешірімшіл. Бірақ махаббаты тез тұтанып, тез сөнеді.

9-ы күні туғандар – білімге құштар, әртістікке бейім. 18-і күні туғандар – еркіндіксүйгіш, өз ісіне берік. Бірақ үміті шындыққа сәйкес келе бермейді. 27-сі күні туғандар – шешімшіл, эмоцияға берілгіш, рухани ізденіске құштар. Тоғыздықтар қызу көтерілуге, қызылша сияқты жұқпалы ауруларға бейім. Ауыр тағамды азайтып, пияз, сарымсақ, зімбірді көп тұтынғаны дұрыс.

Нумерологтардың пайымынша, әрбір адамның туған күні – тек күнтізбедегі бір белгі ғана емес, өмір жолына, мінезіне, тіпті денсаулығына әсер ететін ерекше код. Әрине, бұл жорамалдар ғылымға сүйенген нақты диагноз емес. Дегенмен әркім өз «санына» ой жіберіп, пайдалы тұстарын күнделікті өмірде қолданса, артықтық етпес.

Дайындаған А.ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!