Таңғы ас – адам денсаулығының алтын қазығы. Бұл уақыттағы ас денеге күш-қуат, ақылға азық береді. Қазақ «таңғы асты тастама, кешкі асқа қарама» деп бекер айтпаған. Тіршіліктің тірлігі дөңгелесін десек, ертеңгілік асты дұрыс ішуді әдетке айналдыру қажет. Себебі ол күндізгі белсенділікке ғана емес, жалпы денсаулықтың нығаюына жақсы әсер етеді.
Америкалық ғалымдар таңғы ас қатерлі ісік пен жүрек ауруларынан мезгілсіз өлу қаупін төмендететінін айтады. Ол ағзаны зиянды заттардан тазартып, иммундық жүйені күшейтеді. Сондай ақ, миға қажетті глюкозаның деңгейін арттырады. Ал бұл есте сақтауды жақсартып, зейінді күшейтеді. Өйткені глюкоза мидың жұмыс қабілетіне тікелей ықпал етеді.
Бұл орайда астың құнары мен сапасына да көңіл аударған жөн. Мәселен, «таңғы уақытта сұлы ботқасын тұтынған дұрыс» дейді мамандар. Ол – пайдалы, қарапайым әрі табиғи тағамдардың бірі. Бұдан бөлек дәрумендерге бай және асқазанға жеңіл келеді, ал ботқадан кейін адам ұзақ уақыт тоқ жүреді. Сонымен қатар, жеміс-жидектерде ағзаға қажетті минералдар көп. Дененің жалпы жағдайын жақсарту үшін мәзірге антиоксиданттарға бай жаңғақ пен көкөністерді қосу маңызды. Осындай тағамдарды дұрыс үйлестіріп, таңғы ас мәзірін құрастыру ағзаның жұмысын жақсартады. Ұйқыдан оянған сәтте 1 стақан су ішуді де ұмытпаңыз.
Егер цитрустық жемістерді ұнатсаңыз, таңғы асқа қоспағаныңыз абзал. Себебі цитрус аллергия тудырады және асқазанға да кері әсері бар. Мұндай тізімді тәттілер жалғастырады. Кофе мен йогурт сияқты өнімдерді де таңертеңгілік тұтынбаған дұрыс. Бұл уақытта организм тәттіні қабылдауға дайын болмайды, ал ашқарынға ішілген кофе асқазанның сілемейлі қабатын тітіркендіріп, гастрит туғызуы мүмкін.
Бүгінде жұмыртқа таңғы астың «патшасына» айналды. Қуырылған, суға қайнаған немесе шикі түрінде де пайдаланылады. Ал бұл қаншалықты пайдалы? Құрамында ақуыз, темір және минерал секілді қоректік заттар болған соң белгілі мөлшерде жеу денсаулыққа пайдалы. Ересектер мен балаларға күніне 2 дана жұмыртқа жеуге болады, ағза оның құрамындағы қажет элементтерді өзі сіңіріп алады. Бірақ жұмыртқаны шамадан көп тұтыну жүрек қан тамырлары ауруларының қаупін арттыруы мүмкін. Қуырылған жұмыртқаның дәмі расымен тіл үйіреді, алайда оны маймен қуырғанда калория мөлшері артады. Егер қуырылған жұмыртқаны өзге де майлы өнімдермен бірге қолданса, жүрекке зиян болады. Сондай-ақ құрамындағы белок ұсақ молекулалы амин қышқылына айналады. Ал мұндай амин қышқылының адамды рак ауруына шалдықтыру қаупі бар. Жұмыртқаны қайнату тәсілімен пісіру витаминдер мен минералдарды сақтауға мүмкіндік береді. Емдік немесе дене бітіміне әсер ету мақсатында бұл тағамды шикілей қолданатын адамдар бар. Бірақ мамандар жұмыртқаны бұлай тұтынған қауіпті дейді. Себебі жұмыртқаны жоғары температурада қайнатқанда ғана ондағы бактериялар жойылады. Ал шикі түрінде қанша бактерия тірі қалады, елестетіңізші…
Жұмыртқамен бірге жүретін сыңары шұжыққа тоқталсақ. Жалпы шұжықты таңғы асқа ғана емес, күнделікті мәзірде көп тұтынбаған абзал. Бұл тағам негізінен тіскебасар ретінде қолайлы ет өнімі болғанымен, оның бестен бір бөлігі ғана еттен тұрады.
Кез келген бастама үздіксіз жұмыс пен тәртіптің арқасында оң нәтиже береді. Денсаулық, сыртқы мүсін мен ағзаңыздың жақсы жұмыс істеуін қадағалаймын десеңіз пайдалы ас ішуге дағдыланыңыз. Спорт шеберлері де бұл тәртіпке бағынады. Өйткені бұлшық етті нығайтып, жаттығу жасау үшін энергия қажет. Бастапқыда айтқанымыздай, жақсы таңғы ас – денеге күш-қуат, ақылға азық.
Зерттеулерге сүйенсек, таңертеңгі уақытта дұрыс тамақтану адамның көңіл-күйін көтереді, стресстен арылтады. Қарапайым өмірде де мұны байқаған боларсыз. Құнарлы тағам тұтынғанда күніміз жағымды эмоцияға толы болады.
Әр таңды дұрыс тағаммен бастау денсаулықтың кілті, күш қуаттың қайнар көзі деп сеніммен айта аламыз. Бұл сау болудың маңызды әрі алғашқы қадамы. Ал сіз пайдалы таңғы ас ішесіз бе?
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!