Күні бойы үй шаруасы, жұмыс, сабақ… Көптің басы бір сәтке де босамайды. Ал түнгі тыныштық келіп, қала шамдары жымыңдай бастағанда кей адамның ойы өздігінен тұтас бір әлемге ұшып кетеді, шабыттанады, түрлі ой келеді. Ал шығармашылық күш неге түнде оянады?

Ғалымдар адам миының серотонин, мелатонин сияқты гормондардың әсерінен белгілі бір уақытта белсенді болатынын анықтаған. Күндізгі шу мен ақпараттың әсері миға қысым жасайды, ал түнде тыныштық орнап, ой еркін қозғала бастайды. Сол кезде адам өзіне бұрын байқалмаған идеяларды «көріп», шығармашылық шабытқа бөленетін көрінеді. Ми тіпті ұйқыға кетер алдында жаңа ақпаратты өңдеуді жалғастырады. Күтпеген шешімдер, логикалық байланыстар, тіпті күрделі мәселелердің шешімдері де осы кезде ойға келеді. Сондықтан кей адамдарға осы уақыт қолайлы. Мысалы жазушылар туынды жазса, суретшілер түн ортасында ең керемет туындысының суретін салады.

Британдық жазушы, сценарист Джоан Роулинг Гарри Поттер туралы әлемге әйгілі кітапты көбіне түнде, баласын ұйықтатқаннан кейін ғана жазған. Түннің тыныштығы оған ойды жинақтауға, өз сиқырлы әлемін сөзбе-сөз тірілтуге мүмкіндік берген. Ал әлемге әйгілі суретші Винсент ван Гог ұйқысыздықпен күрескен. Бірақ сол уақытты тиімді пайдаланып, шығармашылығына көңіл бөлген көрінеді. «Түнгі аспан» туындысы сол кезеңде салынған деген дерек бар. Классик жазушы Лев Толстой да кейде кешкі немесе түнгі уақытта шығармашылықпен айналысқан. Түнгі шығармашылыққа бейім тұлғаның бірі – Марк Твен. Ол түнді миға дем беретін уақыт деп санаған. Түн ортасында шабыт келгенде қаламын алып қағазға түсірген.

Түн – қараңғы ғана емес, кей адам үшін шығармашылықтың алтын сәті тәрізді. Десе де уақытылы жұмыс істеп, уақытылы ұйықтауға бейімдел, оқырман! бейімдел, оқырман!

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!