Адам баласы жаратылғалы бері екі ұлы құбылыстың құпиясын ашуға ұмтылып келеді: бірі – уақыт, екіншісі – сана. Уақыт көзге көрінбейді, физикалық қалпы белгісіз, бірақ ғұмырымызды өлшеп, тағдырымызды айқындап отырады. Ал сана болса бізді өзге тіршілік иелерінен даралайтын, әлемді тануға, тіпті оны өзгертуге мүмкіндік беретін тылсым қуат.
Ғалымдардың пайымдауынша, Жер шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды. Егер осы орасан мерзімді бір тәулікке теңесек, адамзат өркениеті сол тәуліктің соңғы бірнеше секундына ғана сыяр еді. Бұл дерек адам өмірінің қысқалығын емес, керісінше, оның ғажайып мүмкіндігін аңғартады. Осынша қысқа уақыт ішінде адамзат жазуды ойлап тапты, өркениет құрды, ғарышқа ұшты, мұхиттың түбін зерттеді. Демек уақыттың аздығын шектеу емес, жігердің сыналатын алаңы деп түсінгеніміз дұрыс.
Сана – адамзаттың шексіз кеңістігі. Адам миында шамамен 86 миллиард нейрон бар. Әр нейрон мыңдаған байланыс түзе алады. Бұл біздің ойлау, қиялдау, сезіну қабілетіміздің қаншалықты ауқымды екенін көрсететін айғақ. Бір сәт ойлап көріңізші: адам көзі секундына миллиондаған ақпарат қабылдайды, бірақ ми оның аз ғана бөлігін өңдейді. Яғни біз шындықтың өзін емес, санамыз сүзгіден өткізген бейнесін ғана көреміз. Демек біздің әлем туралы түсінігіміз көбіне өз ішкі шектеулерімізге тәуелді.
Қызығы, адам тәулігіне шамамен 60-70 мың ой ойлайды екен, әрі олардың басым бөлігі қайталанатын ойлар. Бұл біздің санамыз кейде өзіне өзі құрған шеңберден шыға алмайтынын білдіреді. «Менің қолымнан келмейді», «Бұл мүмкін емес», «Мен бұған лайық емеспін» деген ойлар – нақты шындық емес, санада пайда болған жасанды шекара. Уақыт бізді шектемейді, көбіне біз өзімізді өзіміз шектейміз.
Алайда адам санасының мүмкіндігі мұнымен бітпейді. Кітап оқу нейрондық байланыстарды күшейтіп, эмпатияны арттырады. Музыка мидың екі жарты шарын қатар белсендіреді. Арман мен қиял болашақ жоспарларды құруға көмектеседі. Тіпті қарапайым алғыс айту сезімі адамның психологиялық және физикалық саулығына оң әсер ететіні дәлелденген. Демек сананы тек ойлау құралы деп қабылдау қате түсінік.
Тағы бір таңғаларлық шындық: адам денесіндегі атомдардың басым бөлігі баяғыда жұлдыздардың қойнауында түзілген. Сенесіз бе? Біз жұлдыз шаңынан жаратылғанбыз тіршілікпіз. Ғарышпен байланысымыз осыншалық терең болса, неге өз мүмкіндігімізді тар аяда өлшеуіміз керек?
Өмірдің мәні, бәлкім, нақты жауап табуда емес, үздіксіз ізденісте шығар. Уақыт ағып жатыр, ал сана сол ағысқа бағыт беретін ескек іспетті. Егер адам өз ойын өзгерте алса, өмірін де өзгерте алады.
Бәлкім, адам болудың шынайы құдіреті уақыттың өткіншілігін сезіне отырып, сананың шексіздігін мойындай алуда шығар. Әр сәтті бағалап, әр ойды салмақтап, өз мүмкіндігімізге сену арқылы біз өмірдің мәнін тереңірек түсінеміз. Өйткені шын еркіндік сыртқы жағдайдан емес, адамның ішкі сенімінен бастау алады.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
