Жыл сайын түрленетін тренд нәзік жандылардың назарынан тыс қалмайды. Иә, стиль – өңді ашатын өзгеріс. Париж сән академиясының түлегі, стилист Ақсәуле Серікқызының да айтар ойы біраз. Жарасымды киінудің тәсілімен бөлісіп, талай сұлуға көмектесіп те жүр. Әуежайда ұшақ күтіп отырғанында жауап берген еді. Тығыз уақытта біз де керектіні түртіп алуға тырыстық.

«Louis Vuitton» кофейнясындағы лебіз

Негізі мамандығым – педагог. Бірақ сәнге қызығушылығым жоғары болғандықтан, білім алып, өзімді осы салада да көрсеткім келді. Қай мамандықта оқысаң, сонымен жұмыс істеу керек деген түсінік бар ғой. Осылайша ұзақ жүріп қалдым. Дегенмен өзіме үңіліп, жан қалауымды ұғынып, сән әлеміне қадам бастым. Әрі бұл қолымнан келген сияқты. Өйткені, қаншама адаммен жұмыс істеп, стилін қалыптастыруға көмектесіп, алғысын да алып жүрмін. Мен үшін сән – өнер. Өзіңнің бірегейлігіңді көрсетуге ықпал етеді. Сән арқылы мықты тұстарыңды айқындап, сенімділікті арттыруға болады.

Қыркүйек айында Париж сән академиясында білім алып, тәжірибе жинақтадым. Сол уақытта бүкіләлемдік сән апталығы да өтті. Сәнге қызығушылық жергілікті тұрғындарынан бірден байқалады. Бөлек киім-киісі мен бекзада болмысы да соған дәлел. Әрқайсысының сән туралы өзіндік көзқарасы қалыптасқан. Мысалы, «Louis Vuitton» кофейнясына барып, кофе ішкенімде сондағы күзетші киіміме, жалпы стиліме жағымды пікір айтып, «Сіз былай істепсіз, ал мен былай үйлестіретін едім» деп ойын айтты. Таңқалдым. Талғамдары да жоғары. Олардың ерекшелігі де сол, сәнге қызығушылықты балабақшадан үйретеді екен. Сонымен қатар Наполеонның жауға шапқанын, қай елді басып алғанын ғана емес, оның қандай түсті ұнатқанын, сүйікті жылқыларының түсі қандай болғанын да айтатын көрінеді. Парижде сәннің тарихын оқып, түрлі музейді араладық. Сонда байқағаным, 80 жастан асқан ата-әжелер мен кішкентай балалар да демалысқа қарамастан музейге барып жүр. Бір қызығы, музейде бұрын қойылған дүниелер қазір трендте, әлі де өзекті. Нағыз сұлулықтың ортасында шабыт алып қайтқан ерекше сапар болды.

Шектеусіз сана һәм шекарасыз сән

Стиль психологиясының сыры

Стилист ретінде ұсыныспен тұтынушының гардеробын жаңартып, жаңа образ құрастыруға көмектесемін. Гардероб талдау кезінде мынадай кемшіліктерді байқаймын. Яғни, эмоциямен және жаппай сатылымда алынған киімдердің көптігі. Олар кейін киілмей, бүктеулі күйі қалып қояды. Себебі адам ойында ешқандай образ құрастырмай, жай ғана сатып алған. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, киім-кешек алатындарды жиі байқаймын. Жалпы, образ жинақтауда да ескеретін критерийлер бар. «Ол қайда жұмыс істейді?», «уақытының басым бөлігін қайда өткізеді?» деп өмір салтына айрықша мән беремін. Оның ішінде кеңседе жұмыс істейтіндер де, үйде отыратын аналар да болуы мүмкін. Мысалы, 30% құрбыларымен қыдырғанда киетін, 20% іскерлік шараларға, қалған 20% балалармен уақыт өткізуге арналған деп күнделікті және қызметтегі образын қатар қарастырамын. Кәсіби тұрғыда мен таңдап берген киім тұтынушының көңілінен шықпаса, пікірімді тықпаламаймын. Керісінше, «өзіңізді осы образбен қалай сезініп тұрсыз?» деп сұраймын. Өйткені, ортада образбен өзін қалай ұстайтыны, жайлылығы, ішкі сезімі маңызды. Егер, менің қалауым бойынша алып кетсе, кейін киілмей қалуы ықтимал. Ортақ келісімге келіп, ойымыз бір жерден шықса құба-құп. Көп адам алғысын айтқанда жұмысымның нәтижелі болғанын сезінемін. Бұл – үлкен қуаныш.

Кейбірі «ұят» немесе «маған жараспайды » деген желеумен жаңа стильде киінгісі келмейді. Тіпті, жарқын түсті киімдерді киетін арулар сирек. Бірақ қалауымыз өзімізге аян. Талғамға сүйеніп, таңдағанды кию әбестік деп ойламаймын. «Жарқын түсті киінген әйелдің көңіл-күйін ешкім түсіре алмайды» деген Коко Шанель. Расында да солай. Бұл тұста, әр тұлғаның стиль психологиясын атап өтуге болады. Мысалы, бір қыздар көрінбегенді, білінбеуді қалайды және солай киінеді. Ал, мен жарқын түстерді жақсы көремін. Елдің назарында болған ұнайды. Стиль психологиясы бойынша «актер» типіне жатамын. Кез келген жерде жинақы әрі жарасымды киіну өзің сөйлемей тұрып-ақ, келесі адамның сені қабылдауына бірнеше секундта әсер етеді. Сенімділік пен өзіңді тыңдата алуына да ықпал етеді. Стиль тек сыртқы көрініс емес, жан- дүниенің бейнесі.

Шектеусіз сана һәм шекарасыз сән

Париждегі пайым һәм трендтегі түстер

Сән әлемінде 2025 жылды «саналылықжылы» деуге болады. Себебі, сән үйлері бұрынғыдай емес, бетбұрысы басқаша. Жайлылықты ескеріп, соны тренд қылуда. Мысалы, белдемше мен үлкен аксессуарларды сәнді десек, ыңғайыңызға лайықтап, жайлы аяқ киіммен үйлестіріп киюге болады. Яғни, адамның өзін жайлы әрі еркін сезінуі маңызды болып отыр. 2025 жылдың сәннен беретін хабарламасы – стильдерден микс жасаудан қорықпау.

Келер жылы тренд ретінде 5 түс белгіленген.

Ашық қызыл, қызанақ түсті қызыл түс. От қызыл деп те айтады. Мұны көбіне эксприменттен қорықпайтын, өзіне сенімді адамдар киеді. Қою көк, қою қоңыр, ақшыл түстермен үйлестіруге болады.

Күлгін түс. Трансформация мен жаңашылдықтың түсі.

Қанық көк. Бұл түс классика, «old money» стильінде көбірек үйлесім табады. Қаталдау түске жатады. Ақ түспен сәтті үйлесім табатыны анық.

Алтын, бал сынды сарғыш түс тренде. Бұл оптимизмді білдіреді. Осы түстегі акссесуарлар образға градус беріп тұрады. Ақ ақшыл түстермен әдемі үйлесім шығады.

Лайм түс. Жаз мезгілін есімізге түсіреді. Жеңілдік және балғындық сезімін беріп тұрады. Менің сүйікті түсім. 2025 жылы осы түсті күлгінмен үйлестіру ең басты тренд болмақ. Парижде оқып жүргенде білдім.

Жалпы, сәндегі жаңалық трендке дейін жетіп, кейін қызығушылық бәсеңдеп, ұмытыла бастайды. 20-30 жыл бұрын трендте болған киім, кейін қайтадан сәнге оралады. Мысалы, биыл винтажды ретро тондар ерекше сұранысқа ие. Сондай-ақ жұмысшылардың киімі, джинсы комбинезондарды, атаның күртешесін сәнқойлар қайта сәнге әкелді. Осылайша сән шеңберді айналып жүре береді. Сондықтан жақсы сақталған, сапасы құрымаған киімді заманауи киіммен үйлестіру артық етпес. Тіпті заманауи аксессуарды қосып жіберсеңіз, жаңа мәнге иә болады. Негізі тренд қуып немесе тренд емес деп лақтыруды қолдамаймын. Адам өз табиғатына сай, өзін жақсы сезінетін киімдерді кигені жөн.

Шектеусіз сана һәм шекарасыз сән

Саяхаттағы сарқылмас сезім

Жиі саяхаттаймын. Бұл да өмірімнің бөлшегі. Екі-үш ай елден шықпасам, саяхаттағым келіп, шыдай алмай отырамын. Саяхат – тек демалыс емес, дүниетанымды кеңейтіп, санаға серпіліс беретін үлкен мағынаға ие. Әлемді әр қырынан танып, түрлі мәдениетті көріп, түрлі адаммен араласудың мүмкіндігі. Идеяға кенелетін кезең де осы. «Өмірді қалай сүрдім?» деп өзіме сұрақ қойып, өткеніме көз тастағанда, саяхатым көп болса өкінбес едім. Өйткені, әрбір естелік пен аяулы шақ, тәтті естеліктер адам жанын сәулелендіреді.

Жаныма тыныштық сыйлайтыны көк аспан мен теңіз. Теңіздің дауысы, қатты тербелген толқыны – нағыз терапия. Жаз мезгілінде Түркияның Алачаты ауылында болдым. Сондағы Егей теңізінің толқындары бөлек махаббат. Бақыттан толқып, шүкірлігімді айта беремін. Швейцарияның Лаутербруннен ауылындағы көрініс те айрықша. 3 жыл өтіп кетсе де есті естелігі жадымда. Ауылдағы әрбір деталь, әрбір сұлулық, бір ғасыр бұрын салынған ағаш үйлердің сақталуы, жинақы есік алды мен гүлдері, балалардың ойнағаны таңғажайып көрініс. Ал, Парижге әр барған сайын бойымды айтып жеткізе алмайтын бір сезім билейді. Лафайетте көшесіндегі шу, жаңа піскен круассанның иісі, Елисейдегі қымбат дүкендер, Эйфельдегі ығы-жығы туристер өзіне баурамай қоймайды. Сәт сайын сұлулыққа сүйсініп жүргенде, ластау көшесі мен кемшілігін елемейсің.

Әрине, саяхатта келеңсіздік те болады. Бірақ, одан күйремей, өзіңді тез жинап алу маңызды. Біріккен Араб Әмірлігі мен Парижге барғанымда сондай жайттар кездескен, десе де оптимизмді таңдап, өзімді позитивті ұстауға тырысамын. Саяхатта уақыт жылдам өтеді. Сондықтан, естелік заттар жинақтап, үйге алып кетемін. Оны қоятын арнайы бұрыш та бар. Саяхаттағы әсерлерімді еске түсіріп отырамын солай. Негізі бір саяхаттап көрген адам оның рахаты мен маңызын түсінеді. Қыз-келіншектерге айтарым, саяхаттаңыздар. Әр ару қайталанбайтын тұлға десек, даралығыңызды сән арқылы көрсетуге қорықпаңыздар!

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!