Елдегі күрделі мәселенің түйіні тарқатылып, мемлекет шетелдік есептегі көліктерді заңдастыруға мүмкіндік берді. Дегенмен әкімшілік полиция комитеті дайындаған қаулыға сәйкес, криминалдық, оң жақ рөлді, экокласы төмен автокөліктер бұл жеңілдікке ілінбейді. 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кіргізілген шетелдік автокөліктерді есепке қоюға қатысты өтінімдер мамандандырылған ХҚО-ларда және «Электронды үкімет» порталында қабылданады.

Көлікті заңдастыру үшін иесі мынадай құжаттарды тапсыруға тиіс: форма бойынша өтініш; өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат; транспорт құралының паспорты немесе транспорт құралын тіркеу туралы куәлік; транспорт құралына меншік құқығын растайтын құжат.
Тиісті құжаттар қабылданғаннан кейін көлік тексеруге жіберіледі, тексеріс нәтижесі арнайы базаға тіркеледі. Көлікті заңдастыру туралы өтінім екі жұмыс күні ішінде қарастырылады. Шешім шығарылып, өтінімді қабылданады немесе заңдастырудан бас тартады. Көлік иесін хабардар ету үшін оның телефонына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі. Хабарлама мәтінінде қабылданған шешім, транспорт құралының бірегей нөмірі, моделі мен маркасы көрсетіледі.
Егер көлік иесі көр­се­тілген құжат тізбесін толық ұсынба­ған жағдайда, құжаттардан түзету белгілері байқалған болса, ол Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сай келмесе, транспорт құралы өзге мемлекеттің құзырлы органындағы бұрынғы тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шешілмесе, онда өтінім қанағатта­н­дырылмайды. Мұндай жағдайда көлік иесі келесі өтінімді қайтадан 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін бере алады. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін ел аумағына кіргізілген көліктер заңдастырылмайды. Ішкі істер органдары қай көліктің Қазақстанға қашан әкелінгенін шекара қызметі мен сақтандыру ұйымдарының деректер базасы арқылы анықтайды.
Көлікті заңдастыруға қатысты оң шешім алғаннан кейін ЕАЭО құрамына кірмейтін мемлекеттен, мәселен, Грузиядан әкелінген көлікті кеден рәсімінен өткізуге тура келеді. Заңдастыруға жататын көлік үшін бастапқы тіркеу құны – 200 000 теңге. Заңдастырылған автокөлік иелері утиль алымнан босатылады.
Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлей отырып, кедендік ресімдеуден өткен автомобильдерді бастапқы тіркеу оларды иеліктен шығару (сату) құқығын 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін шектей отырып жүзеге асырылады. Аталған мерзімнен кейін олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауары деп танылып, оларға қойылған шектеу алынады. Қырғыз автомобильдерінің кедендік
айырмашылығы төленген жағдайда оларды бастапқы тіркеу иеліктен шығару құқығын шектемей жүзеге асырылады.
Армениядан әкелінген көліктерді де тіркеу оларды қайта сату құқығын шектемей реттелмек. Өйткені 2023 жылдың 1 қаңтарынан кейін олар да ЕАЭО тауары деп есептеледі. Бұл қазіргі уақытта сары нөмір тағып жүрген көліктерге де қатысты.
Егер транспорт құралының паспорты немесе транспорт құралын тіркеу туралы ку әлік болмаса, ал транспорт құралы бұрын жол қозғалысына не болмаса, ЕАЭО аумағында пайдалануға жіберілмесе және іздеуде болмаса, онда субъектіні мемлекеттік кірістер органының қызметкерлері тексереді. Осы уақытқа дейін не кедендік баж салығын, не өзге де жарналарды төлеместен ел аумағына заңсыз жолмен әкелінген автокөліктерді тіркеуге болады. Ол үшін барлық тиісті сома төленуге тиіс.
Бұл қаулы желтоқсанның ортасына дейін талқыланады. Демек, ресми қаулы жаңа жыл қарсаңында жарияға жолдануы әбден мүмкін. Еске салайық, қаулыға сәйкес шетелдік көліктерді тіркеу 2023 жылдың 1 қаңтары мен 1 шілдесі аралығында жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін шетелдік көліктерді заңдастыру туралы құжатты Мәжіліс те, Сенат та мақұлдады. Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін келген машиналарды заңдастыру үшін бірыңғай алымның белгіленуі 300 мыңға жуық көлікті тіркеуге мүмкіндік береді және жергілікті бюджетке түсетін көлік салығы артады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!