Шотландия сәулеті – ұстамдылықтың, қаталдық пен қарапайымдылықтың көрінісі. Тастан қаланған коттедждер, күңгірт қасбеттер, сұр мен қоңыр түсі басым көшелер… Мұның бәрі адамды еріксіз орта ғасырға жетелейтін секілді. Алайда осы салмақты көріністің арасынан кейде көзге оттай басылатын бір бөлшек бар. Ол – қызыл есіктер. Бұл жай ғана сән үлгісі ме, әлде терең мағынасы бар дәстүр ме?
Қаржылық еркіндіктің нышаны
Шотландияда үйдің кіре беріс есігін қызыл түске бояу кездейсоқ таңдау емес. Бұл үй иесінің өміріндегі маңызды кезеңнің белгісі. Дәстүр бойынша, үй иесі ипотекалық қарызын толық өтеген кезде есігін қызыл түске бояған. Яғни, бұл «Енді бұл үй расымен менікі!» деген үнсіз, бірақ айқын мәлімдеме.
Бүгінгі көзқараспен қарасақ, бұл дәстүр біреуге оғаш көрінуі мүмкін. Алайда оның тамыры тереңде жатыр. Бір кездері жеке меншікке ие болу сирек бақыт, үлкен мәртебе саналған. Сондықтан үйдің толық өз меншігіне айналуы тек тұрмыстық жағдай емес, нағыз өмірлік жеңіс еді. Сол сәтті шотландтар жай атап өтпей, көзге көрінетін белгімен бекіткен.
Қызыл бояу құтысын ашып, қылқаламды малып, есікті бояу қарапайым әрекет емес, өзінше бір ритуал, ұзақ жылдық еңбектің, төзімнің, жауапкершіліктің символы саналады.
Неге қызыл түс?
Бұл сұрақтың жауабы да тарих қойнауында. Бірнеше ғасыр бұрын қызыл бояу өте қымбат болған. Оны сирек кездесетін пигменттерден жасағандықтан, мұндай бояуды тек ауқатты адамдар, ақсүйектер, дінбасылар немесе патша әулеті ғана пайдалана алған. Сол себепті Ұлыбритания мен Шотландия қалаларындағы қызыл есіктер байлықтың, ықпалдың, жоғары мәртебенің белгісі саналған.
Уақыт өте келе бұл түс тек сән емес, еркіндік пен тәуелсіздіктің символына айналды. Ипотека қамытынан құтылған адам қызыл есік арқылы өз жетістігін ғана емес, қоғамдағы орнының нығайғанын да меңзеген.
Бүгінде бұл дәстүр бұрынғыдай қатаң сақталмайды. Көпшілік үшін қызыл есік жай ғана дизайнерлік шешім. Дегенмен әлі күнге дейін осы салтты құрметтейтіндер де бар. Себебі ол ұзақ жолдың, табандылықтың, арманның орындалған сәттің көрінісі болса керек.
Қызыл есік – әлем мәдениетінде
Қызыл есіктің мағынасы тек Шотландиямен шектелмейді. Әр елде ол әртүрлі мағынада түсіндіріледі. Мәселен АҚШ-та қызыл есік жолаушыға «мұнда сізге пана, ас, қонатын орын беріледі» деген белгі болса, Шығыс елдерінде, әсіресе Қытайда қызыл түс – бақыт пен берекенің нышаны. Мұнда қызыл есік «Қош келдіңіз» дегенді білдіреді. Ирландияда түрлі-түсті есіктердің көп болуы тарихи қарсылық белгісі әрі жын-шайтаннан қорғанудың жолы деп саналған. Католик шіркеулерінде қызыл есік Христостың қанын бейнелейді, ол қасиеттілік нышаны саналады. Ал Францияда қызыл есік жаман күштерді үйге жолатпайды деген сенім қалыптасқан. Сондай-ақ қадым заманда Ұлыбританияда қызыл есік байлық пен әлеуметтік мәртебені білдірген. Қызығы, қазір де көптеген ағылшындар үйінде осы дәстүр сақталған деген дерек бар.
Шотландиядағы қызыл есіктер жай архитектуралық деталь емес. Олар адам еңбегінің нәтижесі, қаржылық тәуелсіздікке жетудің қуанышы, жеке меншіктің қадірін сезіну және өткен дәстүрге деген құрмет.
Қызыл есік – жаңа кезеңнің бастауы, қиындықтарды жеңудің белгісі, «Мен қол жеткіздім» деген үнсіз мақтаныш. Кейде бір ғана бояу түсі бүтін бір өмір тарихын айтып бере алады.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!