Қажеттілігіңіз өтелгенде бойыңызды қандай сезім билейді? Иә, бұл ләззат. Бір қарағанда, оның табиғаты қарапайым көрінуі мүмкін. Дәмді тамақ жеу, сүйікті іспен айналысу немесе сұлулықпен тамсану. Ал ләззаттың шын мәні неде? Ойланып көрдіңіз бе? Ол тек тәннің рахаты ма, әлде жанның тыныштығы ма? Адамзат тарихында бұл сұрақ философтардың ең көп талқыға түскен тақырыптарының бірі.

Ежелгі Грекияда ләззатты адам өмірінің ең жоғарғы мақсаты деп санайтын гедонизм ағымы пайда болды. Оның негізін қалаған Киреналық Аристипп ләззатты тек физикалық тұрғыда түсіндірді. Оның пайымынша, адам табиғатынан ауырсынудан қашып, рахатқа ұмтылады. Сондықтан өмірдің мәні – осы шақпен өмір сүріп, мүмкіндігінше көбірек тән ләззатын алу.

Алайда Эпикур атты философ бұл түсінікті тереңдете түсті. Оның пікірінше, нағыз ләззат – үздіксіз той-думан немесе тән құмарлығы емес. Философ ләззатты «азап пен аурудың болмауы» деп дәлелдеді. Эпикур үшін ең жоғарғы ләззат – атараксия, яғни жан тыныштығы. Оның пайымы «Үлкен ләззатқа жету үшін аздаған азапқа төзген дұрыс, ал ауыр азапқа ұрынбас үшін кейбір ләззаттан бас тарту керек» деп үндейді. Яғни, Эпикур ләззатты ақылмен таңдауға, қанағатшыл болуға шақырды.

Ал шығыс философиясы мен Ислам дүниетанымында ләззат көбіне рухани тазалықпен байланысты. Бұл тақырыпта біздің де философтар қалам тербеп кеткен еді. Оның бірі және бірегейі – Абай.

Ұлы Абай Құнанбайұлы да өзінің қара сөздерінде ләззат тақырыбына жанама түрде тоқталады. Абай үшін тән құмары – бұл «хайуани қажеттілік». Жетінші қара сөзінде Абай: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетің кірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» деп жазған еді. Баланың білуге, тануға ұмтылатын «жан құмары» және ішуге, жеуге ұмтылатын тән құмары» болатынын айтады. Абай тән ләззатын ғана ойлаған адам өзінің адами болмысынан төмендейді, нағыз ләззат – имандылықта, ғылым-білімде және «Толық адам» деңгейіне жетуде деп пайымдайды.

Сонымен, ләззат деген не? Ләззат – ішсем, жесем, «жалғыз ғана өмірім бар» емес, көрсем, оқысам, білсем, «жалғыз ғана өмірім бар» екен. Нағыз ләззат Эпикур айтқандай жан тыныштығында және Абай меңзегендей ғылым мен ақиқатты тануда жатыр.

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!