1984 жылдан бері ЮНЕСКО ұйымы солақайлар күнін атап өту туралы шешім шығарды. Бұған дейін бұл күн бейресми аталып өтсе керек. Бірақ ұйымның шешімінен соң халықаралық дәрежеде танымал бола бастады. Мақсаты – солақайлардың қабілетіне нұқсан келтірмеу, оларға өздері бейім қолмен еш қысымсыз өмір сүру құқығын беру болды. Мақаламызда солақайлар туралы қызықты деректерге шолу жасадық.

Тас дәуірінде солақай адамдар 50%-ды құраса, қола дәуірінде шамамен 25% болды. Ал бүгінде әлем халқының тек 10-12%-ы ғана сол қолымен әрекет етуге бейім. Зерттеулерге сәйкес, олар көбіне миының оң жақ жарты шарын белсенді қолданады. Өзімізге белгілі, оң жақ жарты шар жадыға, түйсік пен шығармашылыққа жауап береді. Солақайлардың көбі геометрия, сәулет өнерін меңгеріп, математиканы шемішкедей шағады. Спорттың теннис, бейсбол және бокс түрлерінде жоғары нәтиже көрсетеді. Себебі күтпеген әдіс жасап, қарсыласын абдыратуы мүмкін. Олардың стиліне дағдылану қиын.

Әлемде тарихи тұлғалардың бірқатары солақай болған. Олардың қатарында Альберт Эйнштейн, Леонардо да Винчи, Александр Македонский, Юлий Цезарь, Сергей Рахманинов, Наполеон Бонапарт та бар. Еліміздің кейбір танымал тұлғалары да солақай. Олар – композитор Нұрғиса Тілендиев, спортшы Серік Сапиев, қылқаламшы Гүлфайруз Исмайлова және өзгелер.

Өткен ғасырда ғалымдар солақайлық генетикаға арқылы беріледі деген тоқтамға келген. Яғни, бұл – атадан балаға берілетін құбылыс. Нәрестенің ата-анасы оң қолмен жұмыс істеуге бейім болса, баланың солақай болып туылу мүмкіндігі тек 5%-ға тең. Бала ананың жатырында болған кезден- ақ солақай болып қалыптасады екен.

Бұрын ересектер балаларының солақай екенін байқағанда, оны оң қолымен жазуға үйреткен. Себебі сол қолмен жұмыс істеу қолайсыз деп ойлаған.

– Сол қолмен жұмыс істеуге бейім болудың оң қолдан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Бірақ жайсыздықтар жетіп артылады. Көптеген тұрмыстық дүние оңақайлардың ыңғайына қарай жасалған. Сондай-ақ солақайлардың жазуы нашар, қолың көк сия болып қолайсыздық тудырады. Мектеп кезімде парталасыма ыңғайсыз болатын. Тіпті сағат тағудың өзі бір қиындық тудырады. Солақайлар сирек кездесетін болғандықтан таңғалатындар көп, – дейді Данияр Серікұлы.

Ашық дереккөздегі кейінгі мәліметтерге сүйенетін болсақ, солақай әйел адамға қарағанда ер адам көп. Сондай-ақ солақай деп тек адамды ғана емес, жануарды да атауға болады. Олар да сол жақ аяқ-қолдарына басымдық беріп, тіршілік етеді.

Солақайлар ұзақ уақыттар бойы өз болмысын оңақайлардың заманында жасырып келді десек болады. Жай ғана солақай болғандары үшін олар да белгілі бір қысымға ұшырап, оң қолмен тіршілік етуге бейімделді. Африка тайпаларында адамның солақай екені анықталса, оған тамақ дайындауға рұқсат бермеген. Ал жапон елінде ер адам әйелінің жетекші қолы сол екенін анықтаса, ажырасып кетуі мүмкін болған. Бірақ солақай болу кемшілік емес. Қай заманда болсын солақайлықты дұрыс емес көру – қисынсыз. Тіпті олар қабілеттері бойынша артықшылыққа ие десек болады.

Қызықты дерек. Ғаламда оң және сол қолын бір уақытта қолдана алатын да адамдар бар. Оларды «амбидекстр» деп атайды. Мұндай өте сирек кездесетін дарын өкілдері әлемнің 1 пайызын ғана құрайды.

Н.НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!