Фото: reactor.kz

Сол қолымен тындырымды тірлік істейтіндерді көргенде таңғалған боларсыз. Мұндайда «солақай болудың ерекшелігі неде?» деген сұрақ туындайтыны рас. Қоғамда солақайлықты осалдық санап, солақай жандарға үрейлене қарайтын көзқарас та жоқ емес. Баласының қасықты сол қолымен алып, тамақ ішкенін көргенде «оң қолыңмен іш» деп талап қоятын ата-аналар да кездеседі. Тіпті бұрын сол қолмен жазу жазатын адамдарды ауру деп есептеп, анамолия деп сырқатқа атау берген. Бүгінде медицина ғылымы солақайлық ешқандай кемістік емес, табиғи қалыпты жаратылыс екенін дәлелдеді.

Ғалымдар «солақайлық баланың дағдылануына емес, жаратылысына байланысты» дейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, солақайлар жиырма жыл бұрынғыға қарағанда екі есе көбейген екен. Әлемдегі халықтың шамамен 10-12 пайызы солақайлар.
Бір қызығы, дарындылардың көбі солақайлар арасынан шыққан көрінеді. Себебі психологтар «мұндай жандардың шығармашылық әлеуеті мықты» деген баға беріп отыр. Әлемге әйгілі шығармалардың басым бөлігі солақайлардың туындылары. Мысалы, Леонардо Да Винчи, Альберт Эйнштейн, Чарли Чаплин, Иван Павлов солақай болған. Талантты сазгер, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің домбыраны сол қолымен тартқанын дүйім қазақ біледі. Есімі белгілі қазақтардың ішінде де солақайлар баршылық.
Солақайлар туралы қызықты ақпарат көп-ақ. Олар ерекше қасиеттерге ие, ғылым мен өнер, спортқа жақын. Мінез-құлқы да бөлек. Мазасыз, қатал болуымен қатар эмоцияға беріледі екен. Солақай жандарды сабырға шақыру да қиын. Қалай дегенмен де «солақайлықтың әлі ашылмаған сыры мен құпиясы көп» дейді ғалымдар. Егер балаңыз солақай болса кемістік деп емес, Алланың берген ерекше сыйы деп қабылдаңыз.

Арайлым ҚУАНЫШБЕКОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!