Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы ел азаматтарының неше жасында отбасын құрып жатқаны жайлы статистика ұсынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ел жастары неше жаста үйленгенді құп көреді?

Статистикаға сенсек, еліміздегі қыз-жігіттер 30-ға жақындағанада бір-ақ отбасын құрып жатыр. Нақтырақ айтсақ, соңғы үш жылда қазақстандық жігіттер 25-29 жас аралығында ең көп некелескен. 

«2022 жылы – 41 207 жігіт, 2023 жылы – 36 882 жігіт отбасын құрған. Оның ішінде 2022 жылы – 38 038 жігіт, 2023 жылы – 33 824 жігіт алғаш рет некеге тұрған. Ал 2022-де 39, 2023 жылы – 41 ер адам әйелінен айырылып, екінші рет некелескен. 2022 жылы – 3095, 2023 жылы – 2982 ер адам ажырасып, қайта үйленген» делінген деректе. 

Еліміздегі қыздардың ең көп тұрмыс құратын орташа жасы 20-24 жас. Бұған Ұлттық статистикалық бюро ұсынған дерек дәлел. «Отырған қыз орнын табады» деген мақалға сүйенетіндер қыздар да аз емес. 

«Соңғы үш жылда жалпы алғанда 20-24 жас аралығындағы 97 774 қыз тұрмыс құрған. Оның ішінде 94 439-ы алғаш рет қалыңдық атанғандар. Ал 72-сі жесір қалып, қайта некелескендер. Сондай-ақ 3171 әйел ажырасып, қайта өз бақытын тапқандар» деген сандар көрсетілген деректе. 

Қай аймақтың жастары үйленуге асықпайды?

2023 жылғы статистикамен есептесек елімізде бірінші некеге тұрған жігіттердің орташа жасы – 27,8 құрайды. Ең кеш үйленетін жігіттер Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. 

«2023 жылғы дерекке сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының жігіттері орташа алғанда 29,1 жасында шаңырақ көтереді. Одан кейін, Шығыс Қазақстан – 29,0, Алматы қаласы – 28,8 жастары көшті жалғайды. Өзге аймақтармен салыстырғанда Маңғыстау облысының жігіттері ерте үйленетін жастар қатарына жатады (Маңғыстау – 26,1 орташа жас)» делінген деректе. 

Ал қыздардың орташа жасы бұдан да ерте. 2023 жылғы дерекпен алсақ, қазақстандық арулардың тұрмыс құратын орташа жасы – 25,2 құрайды.

«Солтүстік Қазақстан облысының қыздары орташа алғанда – 26,6 жасында отбасын құрады. Одан кейін тізімді Павлодар – 26,5, Шығыс Қазақстан облыстары – 26,4 жастары жалғайды. Ал Түркістан облысының қыздары (орташа жас – 22,9) ерте тұрмыс құратындарға жататыны белгілі болды» делінген ақпаратта. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!