Нәзік әрі қайталанбас бояуға ие, сүйкімді гүлдердің ең ерекше сыйлық екені рас. Ұзақ уақыт сақтай алмайсың, бірақ бір сәтте көңілді қуантып, әдемі естелік сыйлайтын сұлу өсімдіктің өзіндік энергетикасы бар. Бағасы да арзан тұрмайды, дегенмен гүл саудасы жылдың төрт мезгілінде де бәсеңдеген емес. Табиғаттың мұндай көркем туындысы Қазақстанға қай елден әкелінеді, түрі мен түсіне сай гүл таңдаудың мағынасы неде? Мұны білмек үшін «Royal» гүл дүкенінің флорисімен тілдестік.
Бұл салада екі жылдан астам уақыт еңбек еткен Нұрай Нұрмағамбетқызы күніне кем дегенде 30-дан астам гүл букеті өз иесін табатынын жеткізді.
– Күзде хризантема, астра, алсьтромерия, георгий көбірек сұраныста болады. Ал раушан, гортензия – қай кезде де трендте. Раушан гүлдер стандарт және метрлік болып бөлінеді. Метрлік розалардың бойы 70-тен 2 метрге дейін болады, ал стандарт түрі 40-60 сантиметр аралығын құрайды. Гүлді ұзақ сақтау үшін салқын жерде ұстап, суын жиі ауыстыру керек. Ең бастысы көңіл бөліп, сөйлесіп тұру маңызды.
Раушан букеті тек тақ сандардан құралуы керек. Жұп қылып бермеудің себебі әр елде әртүрлі айтылады. Ал гортензия секілді гүлдердің санына шектеу жоқ. Осы уақытта келушілер корзинадағы гүлдерге қарағанда, букет гүлдерді көбірек таңдайды. Гүлдер Голландия мен Эквадордан тікелей жеткізіледі, – деді Нұрай Нұрмағамбетқызы.
Бір қызығы, бал араларының өзі гүлді хош иісіне ғана емес, түсіне қарай да ажырата алады. Барлығына қона бермей, сары, күлгін, көк түсті гүлдерді таңдайды екен. Ал қызыл түсті гүлге мүлде қонбайды.
Жуырда әріптесімізді гүлмен қуантуды ойлап, бірақ түсіне келгенде ойланып қалғанымыз рас. Қызғылт сары түстегі раушан балғын әрі әдемі көрінгенімен, бұл түс немен астасады дегендей ойда болдық. Ақыры таңдауымыз басқаға түсті.
Деректерге қарасақ, ақ түс – тазалықтың белгісі. Мұндай түсті гүлдерді шыншыл қыздарға құрмет белгісі ретінде тарту етеді. Отбасын құру ниетіңіз болса да, бұл түсті таңдауға болады.
Қызыл түсті раушандар ең танымал гүл екені белгілі. Бірақ бұл түс тек махаббатты сипаттамайды екен. Ол мықтылық пен күш-қуатты да білдіреді. Сондықтан ерік-жігері мықты, мінезі ерекше, мақсатына берік жандарға да тарту етіледі.
Алқызыл түстегі гүлдер бір қарағанда-ақ нәзіктікті білдіретіндей. Адамдармен жақсы қарым-қатынасты ұқтырады, алғыстың әрі ризашылықтың белгісі саналады. Содан болса керек бұл түсті «универсал» деп есептеуге болады: оны ер адамға да, нәзік жандарға да, үлкен-кішіге де және әріптестеріңіз бен бастығыңызға да сыйлауға болады.
Сары түстегі гүлдер бұрынғы уақытта келіспеушіліктің белгісі саналған. Ал қазіргі уақытта бақыт пен байлық, күндей жарқырауды білдіреді деседі. Сондықтан оны шығармашылық адамдарына, құрбы, достарға сыйлауға болады екен.
Көк түсті гүлдер құпиялылықты аңғартса, жасыл түс бейбітшілік пен тыныштықтың белгісі екен.
Қалай десек те, гүл сыйлау жақсы ниет пен алғаусыз көңілдің нышаны екені анық. Екі-үш күндік әдемілік болса да, гүл арқылы бір адамға әдемі естелік, жарқын сәт сыйлауыңыз мүмкін. Жақындарымызды қуантып жүрейік!
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!