Фото: gotonight.ru
Кез келген дастарханның сәнін келтіретін түрлі-түсті сушиді жеп көрмеген адам жоқ шығар. Дәмі өзгеше, түрі сүйкімді бұл ас – жапондық асхананың символы. Теңіз өнімдерінен жасалатын тәтті тағамның шығу тарихы қандай? Адам ағзасына қаншалықты пайдалы, қаншалықты зиян?
Суши – күріш пен теңіз өнімдерінен жасалған дәстүрлі жапон тағамы. Сушидің тарихы сонау Оңтүстік Азиядан бастау алады. Алғашында асылған күрішті балықтың ұзақ сақталуы және консервациясы үшін пайдаланған. Бірнеше ай бойы балық пен күрішті сүт қышқылымен ашыту процесі жүріп, балық бір жылға жуық уақыт тұтынуға жараған. Бертін келе балықтың иісі сіңген күріш жеуге жарамсыз деп саналып, тек XVI ғасырдан бастап бұл компонентті ас мәзіріне қосуға болады деп танылды. Жалпы суши сөзі жапон тілінен аударғанда “маринадталған балық” дегенді білдіреді. XVII ғасырдан бастап осы тәсіл арқылы арнайы суши жасала бастады.
Сушидің көптеген түрі бар. Мысалы, нигир – күріштің ішіне салынған балық. Нигирдің ішіне балықтан бөлек басқа да теңіз өнімдерін қосуға болады. Маки – бұл нориге оралған, роллға бөлінген күріш (басқа да ингредиенттер болуы ықтимал). Сашими – күрішсіз ұсынылатын шикі балық немесе теңіз өнімдерінің жұқа тілімдері.
Айта кететін жайт, бұл тағам түрінің денсаулыққа біршама пайдасы бар. Сушиге пайдаланылатын балық түрлерінің көп бөлігі ақуызға толы және құрамында Омега-3 сынды қышқыл майлар кездеседі. Бұл дәрумендер адамның жүрегі мен миының жақсы жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар сушидің құрамындағы балық пен түрлі көкөністе В витамині мен йод, кальций дәрумендерінің де барын ескерген жөн.
Суши – колориясы аз тағамдардың бірі. Әрине, соус пен васабиді көп мөлшерде қолданбаған жағдайда. Яғни суши – арықтағысы келетін адам үшін таптырмас өнім. Күріштің құрамындағы көмірсулар адамға энергия берумен қатар қандағы қант мөлшерін бірқалыпты ұстауға ықпал етеді.
Десе де әр дүниеге екі жақты қараған абзал. Сушидің пайдасымен қатар зияны да жоқ емес. Бұл тағам түрі көбіне шикі балықтан жасалатыны белгілі. Шикі балықтың құрамындағы паразит адам ағзасына түссе, ауруға шалдықтыруы да мүмкін. Сондықтан сушиге тапсырыс бермес бұрын құрамына назар салып, өзіңіз таңдаған асхананың сапасына да көңіл бөлу қажет. Мейлінше тек суши жасауға арналған желілерден тапсырыс берген жөн.
Суши жайындағы қызық ақпаратқа келсек, әлемдегі ең қымбат сушидің бағасы шамамен 3000 3500 долларды құрайды. Бұл соманы теңгеге шақсақ, 1 500 000 теңге көлемі. Неге сонша қымбат тұрады дейтін шығарсыз. Бұл асты әзірлеушілердің тілімен айтқанда “алтын суши”. Дәмділігіне, құнарлылығына берілген баға емес, шынымен – алтын. Алтын сушиден дәм татқыңыз келсе, Филиппин еліне барыңыз. Филлипиндік бас аспаз Анжелино Аранета сушиді осындай ерекше тәсілмен дайындауды әдет қылған. Оның айтуынша, жай ғана дәмді суши мен ролл жеткіліксіз. Оның дәміне қарай түрі де көркем болуықажет.
Саида ЕСЖАНОВА
студент
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!