Екеуі универде бір топта оқитын. Қарапайым, тіпті кедей деуге болатын отбасыдан шыққан Марат. Және Айна, үлкен фирма иесінің қызы. Жігіт сабағына маршруткамен қатынап жүрсе, қызды өз көлігін мінбеген күні жеткізіп-әкетіп жүретін ізінен жүгірушілер көп еді. Ақшалы болғандығынан ғана емес, сұлу мүсіні мен жарқын мінезі үшін Айна бүкіл курстың жұлдызы болды. Ал екі жылдан соң оның табынушыларының бәрін ысырып тастап, жүрегін қалай жаулап алғанын Мараттың өзі де сезбей қалды. Екеуінің жұбы жазылмай, бірге түстеніп, бірге қыдыратын.


Бірақ жігіттің көңілінде бір күдік жүретін. Достары арқасынан қағып: ,,Жолың болды»,- деген сайын өз бақытына сенбей, ертегіде жүргендей сезінетін. Бір күндері ,,жастық романтика» жалықтырып, бәрі шашылып қалатындай. Жооқ, Айнаның бұны шын сүюі мүмкін емес…
Кезекті 8 Март мерекесінде ол қызына сырға сыйлағысы келді. Стипендиясынан жинап, оған бос уақытында жүк түсіріп, көлік жуып тапқанын қосып күміс сырғаға қол жеткізді. Онысын қысыла-қысыла қызға ұсынғанда, ол: ,,Бұл менің өмірімдегі ең күшті сыйлығым»,- деп мойнына асылып, шөп еткізіп сүйіп алды да, кешкілік ата-анасымен танысуға шақырды.

Кешке олардың зәулім үйіне кіріп, алдынан Айна шыққанда Мараттың жүрегі қылп ете қалды. Оның құлағында әсем, қымбат алтын сырға тағулы екен. ,,Бәсе, бұлардың деңгейіне лайық сыйлық жасамаған екенмін»,- деген оймен стол басына сұлықсыз өтті.Кеш бойы қыздың ата-анасы бұған жоғарыдан төмен қарағандай болып отырғандай көрініп, әңгімесі де жараспай, бір-екі жерде дөрекі де сөйлеп қойды. Ол өзінің Айнаға жұп бола алмайтынын түсінді.
Осыдан кейін олардың арасы алшақтай бастады. Қыздың көңілі баяғыдай болып көрінгенмен, жігітіміз суына бастады.

Ал оқу аяғында Айна стажировкаға кетіп, оқуын шетелде жалғастыратын болды. Ол жақтан сан мәрте хат жазғанмен бәрі жауапсыз қалды.


Ал бұл кезде Марат алдына жақсы қызмет, баю үшін мақсат қойып, жанталасып жатқан болатын.

Жиырма жыл өтті. Ұйқысыз күндер мен түндер нәтижесін беріп, белгілі ірі бизнесменге айналды.


Баспасөз, теледидарларға интервью алу үшін журналистер кезекке тұратын. Сол кезде табысқа жету жолын сұрағанда өзінің алғашқы махабаты жайлы, соның өзіне қамшы болғаны жөнінде айтатын. Әрине, атын жарияламай. Ол болмағанда әлі маршруткамен жүруші ме еді. Ал қазір әйеліне үй, көлік ғана емес, яхта сыйлауға да мүмкіндігі бар. Бірақ әйеліне қатты сүйіспеншіліксіз үйленген ол, осыны айтқан сайын жүрегін бірдеңе тырнап өткендей сезінетін.
Бірде ірі бизнес-форумда бұрынғы ғашықтар кездейсоқ кездесіп қалды. Бұл әйелімен, ол шетелдік күйеуімен. Сол Айна, тек көздерінің айналасын сәл әжімдер торлаған. Терезе алдына барып екеуі ұзақ сөйлесті. Жарлары, жұмыстары, балалары жөнінде. Әңгіме аяғында одан ата-анасын сұрады.


,,Папам қайтыс болған, ал мамам бізбен тұрады. Айтпақшы сол күні сен оларға қатты ұнадың. Папам сені ,,дерзкий пират» деп атады. Мамамның да көңілінен шықтың. Олар ұзақ уақыт сені сұраумен болды».

Сосын Марат та шешіліп, бәрін айтты. Сырға жөнінде, оны Айнаның менсінбей, тақпағаны жөнінде. Екеуінің пар бола алмайтынын түсінгені жөнінде…


Бұл ақтарылған сайын Айнаның түсі өзгеріп, жанары мөлтілдей бастады. Сумкасынан беторамалын, тағы бірдемелерді алып көз алдын сүртті де, алақанын ашты.


-Танисың ба?

Алақанында сол күміс сырға тұр еді.


-Түсінесің ба? Мен әлі сақтап жүрмін. Естелік үшін. Сол кезде бұл мен үшін қаншалықты қымбат болса, сен де соншалықты қымбат едің. Тек менде алтыннан басқа барлық металлдарға Аллергия! Түсінесің ба, Аллергия!


Мараттың түрі сұрланып кетті. Жарты сағаттан соң әйелі іздеп адамдар арасынан таппай қойды. Бұл кезде ол көлігінде рульге екі қолын тіреп, басы салбырап отырған. Жылағысы келді, бірақ оның қолынан жылау келмейтін.

(Желіден аударылған).
Дарья Исаченко.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!