Табиғат – бізді таңғалдырудан жалықпайтын шебер-суретші. Жер бетінде өсімдіктердің 375 мыңнан астам түрі бар. Олардың ішінде ерекше пішінімен, айрықша реңімен және өмір сүру салтымен таңдай қақтырар түрлері аз емес. Бірі жыртқыш, бірі қайықтың қызметін атқара алса, келесісі көз алдыңда биіктеп бара жатады. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға табиғаттың ерекше жаратылыстарын ұсынамыз.

Жыртқыш өсімдік

Әлемде жыртқыш өсімдік бар десем сенесіз бе? Оның аты – шыбынжұт. Бұл тіршіліктің «аңшы» аталуына себеп болған жағдаят – өмір сүру салты. Шыбынжұттың күнделікті тамақтану рационына құмырсқа, қоңыз, өрмекші, шегіртке және ұшатын майда жәндіктер кіреді. Зерттеушілердің айтуынша, олардың ішкі қабатында сезімтал түкшелер бар. Олар үстінгі қабатта қозғалыс сезгеннен кейін жапырақтарды дереу жауып, торға айналдырады.

Германиялық ғалымдардың тәжірибесіне сүйенсек, бұл ғажап табиғат иелері басқа ағзаның олардың торларына неше рет қонып ұшатынын біледі. Бұл оларға кездейсоқ қақтығыстардан сақтанып, күш сақтауға көмектеседі. Санау қабілеті өсімдікке күшін үнемдеуге көмектеседі, яғни ол шыбынжұтқа жемінің мөлшері мен құрамында қанша қоректік зат бар екенін хабарлайды. Бұл өсімдікке аң аулауға жұмсайтын энергиясы мен алатын қоректік заттардың мөлшері арасындағы тепе-теңдікті табуға көмектеседі, – дейді Вюрцбург университетінің қызметкері Райнер Хедрих.

Табиғат ғажаптары

Су әлеміндегі «титаник»

Қызықты өсімдіктер туралы айтқанда, бұл ерекше өсімдік те назардан тыс қалмайды. Амазонкада өсетін, үстіне адам мінсе де батпайтын амазондық Виктория лалагүлдерін «титаник» деп те атайды. Оның көлемі 2 метрге дейін жетеді. Зерттеушілер оның астыңғы тұсы тікенектен тұратынын айтады. Бұл балықтар гүлді зақымдамауы үшін қажет. Гүлдің құрылымы құдды бір механика секілді. Оның ішінен артық жаңбыр суы ағып кету үшін жапырақтарының шетінде арнайы тесіктер орналасқан.

Ғалымдардың айтуынша, бұл су үстіндегі «титаниктің» ерекшеліктерінің бірі ғана. Лалагүлдер 30-50 килограммға дейінгі салмақты көтере алады. Себебі оның жапырақтарында қуыс қабырғалар бар. Елестетіңізші. Амазонка өзені, лалагүлден жасалған қайық және табиғат көрінісі… Дәл бір ертегінің сюжеті секілді.

Табиғат ғажаптары

Минутына өсетін алып ағаш

Егер өсімдіктердің өсу процесін көргіңіз келсе, назарыңызды бамбукқа аударыңыз. Ол бір күннің ішінде 1 метрге жуық бой қосады. Ал кейбір түрі минутына бір миллиметрге өседі. Бұл аз болып көрінгенімен, бір сағатта 6 сантиметрге ұзарады деген сөз. Бамбук пандалар үшін негізгі қорек саналады. Оның орташа биіктігі 10-20 метр, кейде тіпті 40 метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл – он бес қабатты ғимараттың биіктігімен бірдей. Оның үстіне, бұл өсімдіктің құрылысы да өзгеше. «Science Bulletin» журналындағы зерттеуге сүйенсек, бамбук ормандарының өзіндік ерекше экожүйелері бар. Олардың биоәртүрлілігі мен қоршаған ортаны қорғау функциялары адам қиялынан асып түседі.

Табиғаттың бұл туындылары адамның шексіз қиялына қанат бітіреді. Бірақ олардың өмірде бар болуы – нағыз ғажап құбылыс. Келесі жолы саябақта немесе далада өсімдік көрсеңіз, оған мұқият қараңыз, бәлкім, ол да бір жұмбақты жасырып тұрған болар.

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!