Сақалтай – әлемдегі ең ерекше құстардың бірі. Ол – жыртқыш құстардың қаршыға тәрізділер тұқымдасына жататын ірі құс. Бұл ірі жыртқыш Қазақстан аумағында өте сирек кездеседі. Қызыл кітапқа енген құстың ересегі аса ірі. Оның қанаттарының ұзындығы 2,8 метрге, ал салмағы 7 келіге дейін жетеді. Бұл құс атауының мағынасы тұмсық астындағы қауырсындары немесе «сақалына» байланысты туындаған. Сақалтайдың қауырсындары ашық қоңырдан сарғыш реңкке дейін өзгеруі мүмкін.
Сақалтай Еуропаның, Азияның және Африканың таулы аймақтарында мекендейді. Олар жартастарда, адам аяғы баспайтын жерлерде ұя салуды жөн көреді. Осылайша олар жыртқыштар мен адамдардан қорғанады. Күшті тұмсықтары мен берік аяқтарының арқасында олар сүйек пен қатты жемді жей алады.
Иә, сақалтайдың негізгі қорегі – жануарлардың өлексесі, нақтыласақ олардың сүйектері. Жыртқыштың осы қасиеті оны экожүйенің маңызды буыны екенін көрсетеді. Өйткені сақалтай басқалар жей алмайтын жануарлардың қалдықтарын қайта өңдейді. Сол үшін оны тіпті «таудағы тазалыққа жауап беретін құс» деп те атайды.
Асқазан сөлінің қышқылдығына байланысты, олар үшін қоректік заттардың негізгі көзі болып табылатын – сүйек кемігін сіңіре алады. Сақалтайдың тамақтану процесі өте ерекше және бірнеше кезеңнен тұрады.
Мәселен, ол тамақ іздеп ұзақ қашықтыққа ұшатын аңшы. Бұл құстар 7500 метр биіктікке дейін бара алады. Сақалтай көзінің өткірлігі соншалық, олар бірнеше шақырым биіктен олжасын байқай алады. Солай өлген жануарлардың сүйектерін табады. Сонымен қатар тапқан сүйектерін айтарлықтай биіктікке көтеріп, оларды жартасқа тастайды. Сүйектер сынғаннан кейін, жыртқыш пайда болған бөліктерді жеп, сүйек кемігі мен қоректік заттарды өзіне сіңіреді.
Бұл ғажайып құс Алматы хайуанаттар бағында бар. Олар үшін барынша өз табиғи ортасына жақын жағдайлар жасалған.
Айсара МЕЙРАМБЕКОВА,
10-сынып оқушысы,
Зайсан қаласы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!