Табиғат – адамзат үшін әлі толық оқып бітпеген кітап іспетті. Ғылым дамып, ғарышқа дейін жетсек те, жер бетіндегі кейбір тіршілік иелерінің қабілеті әлі күнге дейін зерттеушілерді таңғалдыруда. Кей жануарлар уақытқа бағынбайтындай көрінеді, кейбірі денесін қайта қалпына келтірсе, енді біреулері адам түсіне бермейтін сезім мүшелеріне ие. Табиғаттың осындай тылсым құбылыстары ғалымдарды ғана емес, қарапайым адамдарды да қызықтырады.
Табиғаттағы ең ерекше жаратылыстардың бірі – Turritopsis dohrnii, яғни «өлмейтін медуза» деп аталатын тіршілік иесі. Бұл медуза қартайған кезде немесе жарақат алған жағдайда өз өмірін қайта бастай алады. Басқаша айтқанда, ол ересек күйінен қайтадан полип кезеңіне, яғни балалық шағына оралады.
Ғалымдардың айтуынша, бұл процесс жасушалардың қайта «бағдарлануы» арқылы жүреді. Бірақ бұл құбылыстың нақты механизмі әлі толық зерттелмеген. Егер медузаға сыртқы қауіп төнбесе, ол теориялық тұрғыда шексіз өмір сүре алады. Осы ерекшелігі үшін оны кейде «биологиялық тұрғыда өлмейтін жануар» деп те атайды.

Аксолотль – Мексика көлдерінде кездесетін ерекше қосмекенді. Бұл жануардың ең таңғаларлық қасиеті – дене мүшелерін толық қалпына келтіре алу қабілеті. Егер аксолотльдің аяғы, құйрығы немесе тіпті жүрегінің бір бөлігі зақымданса, ол біраз уақыттан кейін қайта өсіп шығады. Ең қызығы – бұл кезде тыртық та қалмайды.
Көптеген құс жыл сайын мыңдаған шақырымға ұшып, дәл сол мекеніне қайта оралады. Мәселен, кейбір құстар жазда Еуропада болса, қыста Африкаға дейін жетеді. Ең қызығы – олар жолда адаспайды. Ғалымдардың пайымдауынша, құстар Жердің магнит өрісін сезе алады. Бұл қабілет олардың көзіндегі ерекше ақуыздар арқылы жүзеге асуы мүмкін деген болжам бар.
Алайда құстардың бұл «ішкі компасы» қалай жұмыс істейтіні әлі толық дәлелденген жоқ. Табиғаттың бұл құпиясы әлі де зерттеуді қажет етеді.

Акулалар – теңіздің ең сезімтал жыртқыштарының бірі. Олардың тұмсығында лоренцини ампулалары деп аталатын ерекше рецепторлар орналасқан.
Бұл жүйе арқылы акулалар судың ішінде пайда болатын әлсіз электр сигналдарын сезе алады. Мысалы құм астында тығылып жатқан балықтың жүрек соғысын да анықтайды.
Табиғаттағы ең төзімді тіршілік иелерінің бірі – тихоходка, ғылымда «су аюы» деп аталатын микроскопиялық жәндік.

Тихоходкалар ең қатал жағдайларға төтеп бере алады. Олар 200 градусқа жуық аязда да, 150 градусқа жақын ыстықта да тіршілік ету қабілетін жоғалтпайды. Тіпті ғарыш кеңістігінің вакуумында да біраз уақыт өмір сүре алатыны тәжірибе жүзінде дәлелденген.
Мұндай тылсым қабілетке ие жануарлардың қатары мұнымен бітпейді. Бұл құбылыстардың әрқайсысы ғылым үшін жаңа сұрақтар тудырады. Біз өмір сүріп жатқан әлем әлі де таңғажайыпқа толы. Ал табиғат бізге осыны еске салатын секілді…
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
