фото: ашық дереккөз
Қадірлі жас дос, мектеп қабырғасындағы оқушы кезеңді аяқтап, өмірдің жаңа белесіне көтерілгелі тұрсыз. Алдыңыздан түрлі қиындық пен сабаққа қатысты мәселелер кездесетінін қазірден білетін шығарсыз. Бірақ мұны да шешуге мүмкіндік бар.
«Ақмешіт жастары» газетінің жас оқырмандарына арнап студенттік шақта қалай ерте тұрып, жұмыс өнімділігін арттыру керек екеніне тоқталуды жөн көрдік. Оқып, керегіңізге жаратыңыз. Жаңа кезеңге сәттілік тілейміз, құрметті оқырман!
Алакеуім шақ, сағат тілі 6-ны көрсетіп тұр. Көп студент үшін бұл уақыт – тәтті ұйқының ең терең кезеңі. Алайда табысқа ұмтылған талай жас дәл осы шақта оянып, жаңа күнін бастап үлгереді. Қазақта «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген даналық бар. Расында да, ерте тұрудың артықшылығын ғылым да, өмір тәжірибесі де растап отыр. Әрине, жалқаулықты жеңіп, таң сәріде ояну оңай емес. Бірақ өзін-өзі тәртіпке шақырып, күнін жоспарлай білген жан білім алуға, спортпен айналысуға, жұмыс істеуге әрі кітап оқуға уақыт табады. Ерте тұрған адам өзін күні бойы сергек сезініп, бірнеше істі қатар алып жүруге мүмкіндік алады. Ендеше ерте оянудың пайдасы неде? Ал қатаң күн тәртібі бізді табысқа қалай жетелейді?
Дүниежүзіндегі біршама табысты тұлға таңмен таласа тұруды әдетке айналдырған.
Мысалы, Apple корпорациясының бас директоры Тим Кук күн сайын 4-те оянып, жұмыс күнін бастайды, атақты кәсіпкер Ричард Брэнсон, Starbucks желісінің негізін қалаушы Говард Шульц және АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Мишель Обама да күндерін ерте бастаумен танымал. Мұның себебі де жоқ емес. Мамандар жоспарланған таңғы режимнің адамды табысқа бағыттайтынын айтады. Ғылыми зерттеулер де осыны растайды. Гарвард университетінің биологы Кристоф Рандлер ерте тұрған адамдардың өзгелерге қарағанда белсендірек болып, мәселелерді алдын ала болжап, тиімді шеше алатынын анықтаған. Мұндай проактивті көзқарас олардың жоғары өнімділік көрсетуіне ықпал етеді. Сондай-ақ Торонто университетінің ғалымдары таңертең ерте оянатын жандар кеш оянатындарға қарағанда бақыттырақ сезінетінін анықтап отыр. Демек, ерте тұру адамға қосымша уақыт пен энергия беріп қана қоймай, көңіл күйін көтеріп, жалпы өмір сапасын жақсартуы мүмкін. Ерте тұрудың студенттердің де үлгеріміне әсері бар екенін зерттеулер көрсетуде. АҚШ-тағы бір зерттеу бойынша, өзін «таңғы адам» деп санайтын студенттердің GPA оқу үлгерім көрсеткіші кеш оянатын қатарластарынан жоғары болған. Зерттеушілер мұның себебін ерте тұратын жастардың сабаққа уақытылы қатынап, түнгі уақытты босқа өткізбеуінде дейді. Яғни, таңғы әдет студентке білім жолында қосымша басымдық беруі ықтимал.
Сонымен, ерте тұруды қалай әдетке айналдыруға болады? Ең алдымен,
ұйқы тәртібін дұрыс жолға қою қажет. Кемінде 7-8 сағат тынығу үшін 22:00-де ұйықтауға дағдыланыңыз, ерте жатқан адамның ағзасында түнде мелатонин гормоны бөлініп, дене мен ми толық тынығады. Ұйықтар алдында телефон, компьютер секілді құрылғыларды бір шетке қойып, миыңызды тыныштандырыңыз. Оның орнына ертеңгі күнге шағын жоспар құрыңыз. Таңертең сізді қуантатын, асыға күттіретін бір іс даярлаңыз. Мысалы, қызық кітаптың бірнеше бетін оқу, жеңіл жаттығу жасау немесе дәмді таңғы ас ішуді жоспарлау деген секілді дүниелер. Таңертең оятқышқа жұмсақ әуен қойып, шырылын көп созбай, бірден төсектен тұрған жөн. Егер бірден 6-да тұру қиын болса, оянатын уақытты біртіндеп, күн сайын 15-20 минутқа ертерек жылжытып көріңіз. Ең бастысы, мұны бірнеше күндік эксперимент емес, тұрақты әдетке айналдыру қажет. Демалыс күндері де мүмкіндігінше бір мезгілде тұруға тырысыңыз, сонда ағзаңыз жаңа тәртіпке тезірек бейімделеді.
Джим Ронның «Тәртіп – мақсат пен жетістік арасындағы көпір» деген сөзі бар. Тәртіп, яғни өзін-өзі қадағалап, белгіленген жоспарға бағына білу – табысқа жетудің басты тетіктерінің бірі. Америкалық шешен Джим Рон айтқандай, тәртіп адамды армандаған мақсатына жеткізетін көпір іспетті. Шын мәнінде, табиғи талант пен жоғары интеллект әрдайым жетістікке кепіл бола бермейді. Ал темірдей тәртіп пен қажырлы еңбек көп жағдайда кемшіліктердің орнын толтырып, мақсатқа жеткізеді. Осы орайда табысқа жету жолында туа біткен қабілет маңызды ма, әлде тәртіп пе деген сауал туындауы мүмкін. Психолог-ғалымдардың пікірінше, темірдей қалыптасқан тәртіп туа бітті қабілет пен интеллект көрсеткіштерінен де маңызды. Мәселен, АҚШ-та орта мектеп оқушылары арасында жүргізілген зерттеуде өзін-өзі жоғары деңгейде ұстай алатын, күн тәртібіне назар аударатын оқушылардың үлгерімі мен тест нәтижелері құрдастарына қарағанда әлдеқайда жоғары болғаны анықталды. Бұл ғылыми дерек тәртіп пен өз-өзін бақылау қабілеті табысқа жетуге шешуші ықпал жасайтынын көрсетеді. Ол адамды күнделікті мақсат-міндеттерін жүйелі орындауға үйретеді. Өзін тәртіпке бейімдеген жан уақытын ұтымды пайдаланып, басты істерге басымдық бере алады. Мысалы, сабақ пен жұмысты қатар алып жүретін студент үшін қатаң тәртіп – нағыз қажет дүние. Өз уақытын тиімді басқару арқылы ол оқуына да, жұмысына да, денсаулығы мен жеке дамуына да үлгеріп, әр күнін нәтижелі өткізеді. Тәртіп – сыртқы жағдайларға тәуелсіз, әркімнің өз қолындағы құрал.
Жалпы, күн тәртібінде физикалық белсенділікке де міндетті түрде орын беру керек. Гарвард медици-
на мектебінде жарияланған дерекке сүйенсек, жүйелі жаттығу миға нейротрофтық фактор бөліп шығарып, оның қызметін жақсартады. Ал таңертеңгі жаттығу адамға күні бойы қуат пен мотивация сыйлап, жалпы өнімділікті арттырады екен. Әрине, әр күн бір-біріне ұқсамауы мүмкін, кейде жоспардан ауытқу да болады. Бірақ басты мақсат – уақытты тиімді пайдалануды әдетке айналдыру. Өз-өзіңізді дамытқыңыз келсе, күнделікті өміріңізге тәртіпті біртіндеп енгізіп көріңіз. Бүгін қалыптастырған пайдалы әдеттеріңіз – ертеңгі табысыңыздың кепілі болатыны сөзсіз.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!