Радио – тіршіліктің тілін білетін, мәдени болмысты, көңіл-күй мен әз әуеннің таратушысы, халықты ақпаратпен нәрлендіретін әсем құрал. Оның тарихи рөлі ерекше. Алғашында ол байланыс құралы ретінде танылса, қазір біз оны шығармашылық пен сазды әуен жаршысы деп атаймыз.
Радио жаңалықты алғаш 1921 жылы Орынбор қаласында тарата бастады. Ол кез совет үкіметінің құрамында едік. Кейін 1927 жылы Алматыда алғаш радио стансасы ашылды. Сол кезден бастап ол ұлттық мәдениет пен халықтың үнін жеткізуші арнаға айналды. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін радионың саны артып, мазмұны жаңа сипатқа ие болды. Бүгінде Қазақ радиосы еліміздің 89% аумағын қамтып, 24 сағат әуе толқынында ойнайды.
Тарихқа үңілгенде біз әр дәуірдің тынысын, қайғысы мен қуанышын қатар көре аламыз. Ол есте қалу үшін қағаз бетіне түседі. Тарих арқылы біз біраз оқиғаның куәгері атанып, көз алдымызға бізден ертеректе өмір сүрген естен кетпес ерліктің иелерімен таныса аламыз. Ал радио тарихты дауыс, интонация арқылы жеткізе алады десем сенесіз бе? Иә, бұл шындық. Радионың пайда болуы біраз салаға өзгеріс әкелді. Ол халықтың сезімін білдіретін рухани көпір атанды. Әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында радиода жүргізілген эфир мыңдаған адамды сағынышпен күттіріп қоятын. Заманның жаршы- хаттары, бұйрықтары мен әл-ауқаты. Бәрі эфирде дауыс арқылы сақталды.
Жиырма бірінші ғасыр – технология заманы. Бұл күнде ескі құралдардың бәрі ұмытылып жатыр. Алайда бір ғасыр легі өтсе де радио әлі қолданыста. Себебі радио – тек ақпарат құралы емес, халықтың жүрегіне жол табатын сенімді серік. Қазіргі заманға бейімделіп оның электронды нұсқасы сайттар мен мобильді қосымшалар арқылы жаңа дем алуда. Тыңдармандар әлі де радионың жаңа шығарымдарын асыға күтіп, сүйіп тыңдайды. Әсіресе көлік жүргізушілері, ұзақ жол жүріп келе жатқан жолаушылар мен белгілі бір жастағы аудитория радиоға әлі күнге дейін құлақ түреді. Қоғамдық көлік жүргізушісі – Арман Рахметов радио туралы пікірін былай білдірді:
– Қазақ радиосын тыңдаймын. Егер желі болса антенналы радиомен, ал егер де мүмкіндік болмаса интернет желісі, қосымшалар арқылы тыңдаймын. Таңертең музыка, таңғы сұрақ-жауап ойындар қосылады. Мәшине айдап келе жатып, хабарласпасам да өз-өзімді шыңдап, сұрақтарға жауап бергенді жақсы көремін. Радионы тек жолда емес, үйде де қосамын. Оның сазды әуені ерекше көңіл-күй сыйлайды. Көбіне теледидар көруге уақыт болмай жатады. Сондықтан жаңалықтардан радио, телефон арқылы хабардар боламын. Радио тіл байлығын кеңейтуге көмектеседі. Кейде жолаушыларым тыңдасын деп дауысын шығарып қоямын. Олар болса радиодағы хабарларды бір-бірімен талқылап отырады. Радионың жақсы әсерлері өте көп. Оларды ұзақ айта беруге болады. Сол себепті радионы тыңдауға жақындарымның бәріне кеңес беремін, – деді тыңдарман.
Радио – өнер мен халық алдындағы борышын арқалап, ұлттың мәдени мұрасын сақтаған әуез үн. Ол ғасырларды тоғыстырған тарихи сыр сандықтың иесі. Уақыт өте заман ағысымен жаңа түрде қолданысқан енген радио, әлі де біраз тыңдарманның сүйіктісіне айналатыны сөзсіз.
Мерей ШӘКРАТ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!