Фото: soyle.kz

Музей – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы. Жаңақорған ауданының орталығындағы музейден түрлі тарихи қазыналарды тамашалап, соның ішінде «Киіз үй» жәдігері туралы мәліметтерді табу қызықтыра түсті.

Киіз үй

Киіз үй қазақ халқының дәстүрлі баспанасы болған. Киіз үй тек өмір сүруді қамтамасыз ететін баспана ғана емес, сондай-ақ ол материалдық мәдениеттің көрінісі. Ол тез жиылып, шапшаң тігуге ыңғайлы, көшіп қонуға лайықталып жасалған. Киіз үйдің пайда болған уақыты қола дәуіріне тұспа тұс келеді.

Киіз үйдің тарихы

Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың көшпелі өмір салтын ұстанғаны белгілі. Көшпелі өмірге ыңғайлы болғандықтан киіз үйді пайдаланған. Ауа райы жағдайына және мекендейтін аймағына байланысты қазақтардың қыста немесе жазда тұратын тұрғын үйлері әртүрлі болған. Олар жазда киіз үйде, қыста тұрақты салынған жылы жайларда тұрған. Олардың барлығы дерлік киіз үй формасын сақтаған. Қазақтардың өте ертеде тұрған тұрақты үйлері шошала деп аталған. Ол дөңгеленген бір бөлмелі конус немесе жарты ай сияқты күмбезделген. Шошаланы ағаштан кесіп, тоқып немесе ойылған тастан, күйдірілген кірпіштен қалаған.

Киіз үй қандай бөліктен тұрады?

Киіз үй негізгі үш элементтен тұрады: кереге, уық, шаңырақ. Жылжымалы тор көз – кереге, кереге басы мен шаңырақты жалғастыратын ағаш – уық, киіз үйдің төбесі – шаңырақ. Ал,киіз үйдің кеңістігіне келер болсақ, ол 5 бөліктен тұрады: ошақ, қонақтарға арналған орын, ерлерге арналған бөлік, әйелдерге арналған бөлік және босаға.

Киіз үйдің орталығы – ошаққа арналған орын. Кіретін жерге қарсы төр – қонақтарға арналған құрметті орын. Бұл жерде үйдің көркін ашатын сәнді кілемдер, оюлы көрпелер, қамшылар, тіпті қасиетті қара домбыра ілулі тұрған. Босағадан (кіре берістен) солға қарай ерлерге арналған орын. Әлбетте, бұл жерден ерлерге керек қару-жарақтар, ат әбзелдері, аспаптар, қасиетті тұмарлар орын алған. Әйелдер қауымы үшін кіре берістен оңға қарай шымылдықпен бөлінген, ыдыс-аяқ, кереует, үй жабдықтарымен қамтылған бөлік болған. Төрге қарама-қарсы, есіктің жанындағы кеңістік – босаға. Қазақ этносы үшін босаға өте киелі саналған. Оған Сырым Датұлының «Босағадан биік тау жоқ» деген сөзі дәлел.

Керегенің әр бөлігі қанат деп аталатын қабырғалардан тұрады. XVIII ғасырдан бастап, XIX ғасырдың бірінші жартысына дейін 12, 15 және 18 қанатты киіз үйлер болған. Керегелер торкөз, желкөз деп бөлінеді. Керегенің басы мен шаңырақтың ортасын ұзын ағаш шыбықтар – уық тұтастырып тұрады. Үйдегі кереге басы қанша болса, сонша уық керек.

Академик Әлкей Марғұланның «Казахская юрта и ее урбанство» деген еңбегінде «30 қанатты хан ордалары болған» деген дерек келтірілген.

Қайыңды иіп немесе бірнеше иіндіні қималастырып шеңбер бейнелес етіп шаңырақ жасалған. Өн бойына уық шаншылатын төрт бұрышты тесіктер қашайды. Оны шаңырақ көзі дейді. Көздері керегенің басына, үш-үштен, кейде төрт-төрттен айқастырған бүгулі шыбықтар бар, оны күлдіруіш дейді.

Киіз үйдің сәнді, өте әшекейленген есігі сықырлауық деп аталады. Ол ортасынан ашылып-жабылып тұратын жарма есіктерге ұқсайды. Есік ашылып-жабылғанда сықырлап тұрады.

Киіз үйдің есігі табалдырық пен маңдайша және екі жақ босағадан тұрады. Босаға түзу ағаштан жасалады. Маңдайша мен табалдырық жуан қайыңнан шабылып, сүргіленеді. Артынша ою-өрнекпен әшекейленеді.

Маңдайша киіз үй керегелерінің жоғары бастарын тұтас конструкцияға айналдырады. Маңдайшаға маңдай уықтар бекітіледі, ол босаға мен сықырлауықтың жоғары жағын ұстап тұрады.

Табалдырық – маңдайшаның жердегі көшірмесі. Тек табалдырықты көп сәндемейді, бір түспен сырлайды. Табалдырық пен маңдайшаға кереге тіреліп, жалпақ сәнді құралмен бекітіледі. Табалдырықты баспайды, табалдырыққа отырмайды.

Босаға маңдайша мен табалдырық арасын белгілі бір қашықтықта ұстап тұрады, кереге бекітіліп, адамдардың үйге кіріп-шығуы үшін арнайы жасалған.

Киіз үйдің ішіндегі торларды туырлық және жапқымен жапқан. Киіз үйдің сыртын киізбен жабады. Киіз үйдің киізден жасалатын жапқыштары үй корпусына баумен немесе өрнекті құралмен, үлкен түкті кілеммен және басқұрмен бекітілген. Басқұр жасалуына қарай ақ басқұр және ала басқұр деп екі түрге бөлінеді. Екеуі де өрмек тоқу әдісі арқылы тоқылған.

Жел бау – киіз үйдің шаңырағын қатты жел аударып кетпес үшін шаңырақтың күлдіреуіш ағашынан төмен тартып бастыруға пайдаланылатын шашақты бау.

Бас бау – туырлықтың, үзіктің жүннен есіп жасалған жоғары баулары.

Уық бау – керегенің бастарына уықтың аяғын бекітетін бау. Бауды бояуға ақ, жасыл және сары түс пайдаланылған.

Киіз үйдің түрлері

Қазақтың киіз үйлері қолданылуына қарай негізгі үш түрге бөлінген: тұрғын үй қызметіндегі киіз үй; қонақ қабылдауға арналған той киіз үйі; жылжымалы киіз үй. Бұлардан басқа қойма және сарай орнына қолданылған асхана киіз үйі болған.

Киіз үй жабдықталуына қарай да ажыратылған. Оларды арбамен тасымалдау үшін бірнеше түйе қажет болған. Орташа жағдайы бар қазақтың киіз үйі де көлемі жағынан шағын болған. Оларды бір түйемен тасымалдауға болады.

Қазақтың ақ үй, ақ орда, боз үй, отау үй деп аталатын қонақ үйлері көз тартар көркемдігімен ерекшеленген.

Сондай-ақ қазақ халқының жас жұбайларға арналған отау үйі де жасауға бай және сәнді болған. Мұндай киіз үй жиһаздардың әдемілігі, сәнділігі жағынан тіпті билеуші үстем таптың ордасынан да асып түскен.

Жас жұбайларға арналған үйдің екі түрі болған: отау үй және күйме.

Отау – қазақтың байырғы сөздерінің бірі. Отау деп көп жағдайда үлкен үйден бөлініп шыққан, бірақ әлі сол ауылдың ықпалымен көшіп-қонатын үйді атайды.

Күймелі арба қыпшақтар мен ноғайлардың, қазақтардың көшіп-қонғанда, жолда ұзақ жүргенде пайдаланатын тұрғын үйі. Оларда тек қыздар мен балалар тұрған. Рубрук ол туралы былай жазған: «Әйелдер өздеріне тән әдемі күймелер жасатқан. Олар бойжеткен қыздар тұратын бөлме қызметін атқарған».

Киіз үйдің тағы бір түрі – жорық киіз үйлері. Ол арнайы әскери жорыққа арналған. Ол сәнді жабдықсыз, шағын көлемді болған. Жорық киіз үйінің бір түрі – жолым үй.

Көш кезінде шаршаған малдың, көш көліктің жағдайына қарап аз уақытқа тоқтап, бума уықтардың басын түйістіріп, үстіне киіз жауып жасаған баспананы жолым үй атаған. Бұл сөз жолшыбай жасалған үй деген мағына береді.

Киіз үйдің тағы бір түрі – жабасалма. Көшіп, не керуен салып келе жатқанда бір қонып аттанатын жағдайда екі керегені жайып, бастарын түйістіріп, бекітіп, үстіне киіз жауып жасаған баспананы жабасалма деп атаған.

Жабасалма мен жолым үйдің ішінде от жақпайды.

Киіз үйді жабу әдістері

Қазақ киіз үй жабатын киіз бұйымдарын түндік, үзік, туырлық, іргелік деп бөледі.

Түндік – киіз үйдің шаңырағын жабатын киіз. Төртбұрышты пішіліп, шаңырақ диаметрінен 50-60 сантиметр молдау жасалады.

Үзік киіз үй сүйегінің шаңырақ қырынан бастап уық бойын тұтас жабады.

Туырлық кереге бойын жабады.

Іргелік керегенің аяқ жағын жабады.

Мен сөзімді қорытындылай келе киіз үй қазақ этносы үшін ең ыстық ұя дегім келеді. Киіз үй қазақ халқын V-VIII ғасырлардан бастап, бүгінгі күнге дейін бауырына басуда.

Шапағат ҚОЖАМҰРАТ,
№167 орта мектебінің 10-сынып оқушысы,
Жаңақорған ауданы, Жаңарық ауылы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!