BAQ.KZ. Telegram мессенджерінің танымалдығы артқан сайын, қолданушылардың аккаунттарын бұзу фактілері де жиілеп барады. Мұндай жағдайларда мессенджерден айырылып қана қоймай, жеке мәліметтердің жария болып кетуі әбден мүмкін.
2025 жылы Telegram мессенджерінің қолданушыларының саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 1 миллиардтан асты. Қосымшада криптовалюта мен онлайн саудаға байланысты жаңа қызметтердің пайда болуы оны тек пайдаланушылар үшін ғана емес, хакерлер үшін де қызықты нысанға айналдырды. Соңғы уақытта аккаунттардың бұзылуы жиі тіркелуде. Мұндай қауіп-қатерге жол бермес үшін Telegram қолданушылары киберқауіпсіздік ережелерін сақтауы керек. Жеке аккаунтыңыздың бұзылғанын қалай білуге болады? Оны қалай қалпына келтіреміз және болашақта өз деректеріңізді қалай қорғайсыз? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.
Telegram аккаунтты қалай бұзады?
Мессенджерге жаңа мүмкіндіктер қосылған сайын, алаяқтардың қызығушылығы да арта түсуде. Бүгінде көптеген қолданушы Telegram-дағы аккаунтында банк картасының деректері, жеке куәлік нөмірлері және өзге де құпия ақпаратты сақтайды. Мұндай мәліметтерге қол жеткізу — хакерлер үшін үлкен олжа.
Аккаунттар тек жеке деректер үшін ғана емес, әрі қарай сатылымға шығарылуы үшін де бұзылады. Олар көбіне жаппай спам-хабарлама тарату, жалған топтар мен арналар ашу, бопсалау және басқа да алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылады.
Telegram әкімшілігі қауіпсіздік шараларын күшейткен сайын, хакерлер де жаңа айла-тәсілдер ойлап табуда. Қазіргі таңда ең жиі қолданылатын бұзу тәсілдерінің қатарында мыналар бар:
1. Жалған сайттар мен аккаунттар арқылы деректерді сұрату.
Бұл әдіс ең кең таралған әрі тиімді тәсілдердің бірі саналады. Қолданушы Telegram әкімшілігі атынан келгендей көрінетін хабарлама алуы мүмкін. Хатта жүйеге кіру немесе жеке деректерді растау үшін сілтеме ұсынылады. Мұндай хатқа тек егер ол https://telegram.org ресми мекенжайынан келген болса ғана сенуге болады.
2. Зиянды сілтемелер мен QR-кодтар.
Тағы бір кең таралған әдіс — қолданушыға байланыстағы адамнан келгендей болып көрінетін сілтеме немесе QR-код жолдау. Мысалы, хабарламада Telegram Premium жазылымы сыйға беріліп жатқаны айтылуы мүмкін. Егер пайдаланушы сілтемеге өтсе немесе QR-кодты сканерлесе, құрылғысына зиянды бағдарлама жүктеліп, ол арқылы жеке ақпарат ұрланып, аккаунт бұзылады.
Telegram-ды бұзудың тағы қандай жолдары бар?
Алаяқтар тек сілтемелер мен жалған хаттармен шектелмей, бұзудың күрделі әрі жасырын әдістерін де қолданады. Олардың ішінде ең кең таралғандары мыналар:
1. Жалған QR-кодты сканерлеу.
Кейбір алаяқтар көшеде немесе қоғамдық орындарда шынайы QR-кодтардың үстінен жалған кодтар жабыстырып қояды. Қолданушы оны сканерлеп, жалған сайтқа өтіп кетеді. Ол жерде өз деректерін енгізсе, бұл ақпарат бірден алаяқтардың қолына түседі.
2. Telegram-ның жалған қосымшасы.
Бұл әдіс әсіресе Android пайдаланушылары үшін қауіпті. Интернеттегі форумдарда немесе чаттарда Telegram-ның «жақсартылған» нұсқасы ұсынылуы мүмкін — мысалы, тегін Premium қызметтері бар деп жарнамаланады. Алайда мұндай қолданбалар құрылғыға зиянды бағдарлама енгізіп, тек Telegram емес, бүкіл деректерді ұрлауы мүмкін. Кейде бұл фейк қосымшалар тіпті Google Play дүкенінде де кездесіп жатады.
3. SIM-картаны көшіру (дублирлеу).
Алаяқтар қолданушының SIM-картасын заңсыз көшіріп алады. Мұндай жағдайда олар Telegram-мен қатар, әлеуметтік желілерге, электрондық әмияндарға және банк карталарына да қол жеткізе алады.
4. Telegram-боттар мен каналдарды бұзу.
Кейде каналдар мен боттар иесінің бақылауынсыз қалады. Мұндай жағдайда оларды бұзу әлдеқайда жеңіл болады. Алаяқтар ондай ресурстарды спам таратуға немесе өз мақсаттарына пайдалануға кіріседі.
Telegram аккаунттың бұзылғанын қалай білуге болады?
Егер сіздің Telegram аккаунтыңыз бұзылса, мұны анықтауға көмектесетін бірнеше белгі бар:
- бұрын болмаған хабарламалар немесе арналарға жазылу/жазылымнан шығу байқалады;
- аватар суреті немесе жеке профильдегі ақпарат өзгеріп кетеді;
- чаттарда сіздің атыңыздан күмәнді әрекеттер тіркеледі;
- аккаунттан өздігінен шығарып жібереді немесе жүйеге кіру қиындайды;
- таныс емес құрылғыдан немесе орналасқан жерден жүйеге кіргені туралы хабарлама келеді.
Киберқауіпсіздік мамандары аптасына кемінде бір рет «Құпиялық» → «Барлық сессияларды көрсету» бөліміне кіріп, аккаунтыңызға бөгде құрылғыдан кірілген-кірілмегенін тексеріп отыруға кеңес береді.
Telegram аккаунтыңыз бұзылса не істеу керек?
Егер аккаунтыңыз хакерлердің қолына түсіп кеткенін анықтасаңыз, келесі әрекеттерді дереу орындаңыз:
1. Барлық сессияларды тексеріңіз.
Telegram қосымшасындағы «Құпиялық» → «Барлық сессияларды көрсету» бөліміне кіріп, белгісіз құрылғы немесе геолокация байқалса, «Барлық сессияларды аяқтау» функциясын қолданыңыз. Бұл кезде сіз қолданып отырған құрылғыдан басқа барлық сессиялар автоматты түрде жабылады. Соның нәтижесінде алаяқтар аккаунтқа қайта кіре алмайды.
2. Telegram техникалық қолдауына хабарласыңыз.
«Баптаулар» → «Көмек» → «Сұрақ қою» бөлімдері арқылы мессенджердің қолдау қызметіне жүгінуге болады. Сондай-ақ ресми сайттағы арнайы форманы толтыру арқылы да өтініш қалдыруға мүмкіндік бар. Алайда бірден жауап келмеуі мүмкін, өйткені техникалық қолдау қызметінде көбіне еріктілер жұмыс істейді.
Telegram аккаунтты қалай қалпына келтіруге болады?
Егер аккаунтыңыз бұзылып, оған кіру мүмкін болмай қалса, төмендегі тәсілдерді қолданып көріңіз:
1. SMS арқылы аккаунтқа кіру
Егер бұзылған сәттен 24 сағаттан артық уақыт өтіп кеткен болса және сізде аккаунтқа мүлдем қолжетімділік қалмаған жағдайда, Telegram қосымшасына кіріп, өз нөміріңізді енгізіп, «SMS арқылы код жіберу» батырмасын басыңыз. Код келген соң оны және (егер орнатылған болса) облақтық құпиясөзді енгізіңіз. Содан кейін барлық басқа сессияларды тоқтатыңыз.
Маңызды: бұл әрекеттерді тез орындау керек, өйткені алаяқтар сіздің жүйеге кіруге тырысқаныңызды біліп, әрекет етуі мүмкін.
2. Ескі аккаунтты жойып, жаңа аккаунт тіркеу
Егер бұрынғы аккаунтты қалпына келтіру мүмкін болмаса, сол нөмірмен жаңа аккаунт ашуға болады. Бірақ алдымен ескі аккаунтты жою қажет. Бұл үшін аккаунтқа қолжетімділік немесе облақтық құпиясөз қажет.
Telegram-да «Баптаулар» → «Құпиялық» → «Менің аккаунтымды жою» → «Егер мен кірмесем» → «Аккаунтты қазір жою» тармағын таңдаңыз.
Егер тек облақтық құпиясөз орнатылған болса, жүйеге кіру кезінде «Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?» → «Поштаға қолжетімділік жоқ» → «Аккаунтты қалпына келтіру» нұсқаларын таңдау қажет.
3. SIM-карта ұрланған жағдайда не істеу керек
Егер смартфоныңыз ұрланып, Telegram аккаунты бөтен адамның қолына өтсе, ең алдымен SIM-картаны бұғаттау қажет. Ол үшін байланыс операторына хабарласыңыз. Кейін бұрынғы нөмірмен жаңа SIM-карта рәсімдеп, соның көмегімен өз аккаунтыңызға қайта кіре аласыз.
Егер сіздің аккаунтыңыз хакерлердің қолына түсіп кеткен болса, оны қайтару үшін ең алдымен барлық күдікті сессияларды аяқтап, жаңа облақтық құпиясөз орнату қажет.
Бірақ тез әрекет ету маңызды: кейбір алаяқтар аккаунтты иемдене салысымен оны жойып үлгереді.
Telegram-ды хакерлерден қалай қорғауға болады?
Қауіпсіздікті күшейту үшін Telegram-ның «Баптаулар» → «Құпиялық және қауіпсіздік» бөлімі арқылы мына қадамдарды орындау қажет:
1. Құрылғыны қорғанысқа алыңыз
Қауіпсіздік бөлімінен «Код-пароль» орнатып, PIN-код енгізіңіз. Бұл — құрылғыңыз құлыпталмай қалған жағдайда бөтен адамдардың чаттарға кіруінен қорғайды.
Экранды бұғаттау уақытын 1 немесе 5 минутқа қойыңыз.
Егер құрылғыңыз саусақ ізі немесе бет бейнесі арқылы тануды қолдаса — осы функцияны қосыңыз.
2. Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз
«Екі факторлы аутентификация» бөлімінде қосымша құпиясөз орнатыңыз. Бұл құпиясөзсіз басқа құрылғыдан Telegram-ға кіру мүмкін болмайды.
Құпиясөзді ұмытпау өте маңызды — егер есіңізден шығып кетсе, аккаунтты қалпына келтіру қиынға соғуы мүмкін.
3. Профильдің құпиялылығын реттеңіз
Мамандар мынандай параметрлерді орнатуға кеңес береді:
Нөмірді кім көре алады? → Ешкім
Нөмір бойынша мені кім таба алады? → Контактілер
Соңғы онлайн уақытымды кім көре алады? → Ешкім
Профиль фотосын кім көре алады? → Контактілер
Хабарламаларымды кім сілтемемен тарата алады? → Контактілер
Маған кім қоңырау шала алады? → Контактілер немесе Ешкім
Peer-to-peer қоңырау → Контактілер немесе Ешкім
Маған кім топтарға/арналарға қосуы мүмкін? → Контактілер
Киберқауіпсіздік мамандары тағы мыналарды ескертеді:
Тіпті таныс адамнан келсе де, сыйлық немесе жеңілдік туралы хабарламаларға бірден сенбеңіз. Ақпаратты басқа байланыс арналары арқылы нақтылап алыңыз.
Telegram Premium немесе басқа жазылымдарды тек ресми арналар арқылы сатып алыңыз.
Хабарламадағы таймерлер мен кері санау құралдарына сенбеңіз. Олар – алаяқтардың психологиялық қысым көрсету әдісі.
Telegram-ның балама немесе өзгертілген нұсқаларынан сақ болыңыз. Мұндай қосымшаларда зиянды бағдарламалар жасырынуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!