Арал теңізінің тартылуы – адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апаттардың біріне айналды. Бір кездері толқыны жағаны шайып, төсінде кемелерді тербеткен алып теңіз бүгінде шаң мен тұзы ұшқан шөл далаға ұқсайды. Алайда теңіздің тартылуы тек трагедия ғана емес, тарихтың қайта тірілуіне алып келді. Ғасырлар бойы су астында жатқан құпиялар теңіз тартылған соң жер бетіне шығып, ғалымдарды ғана емес, әлемді таңғалдырды. Сонда Арал теңізі өз қойнауында нені жасырған? Экологиялық апат адамзатқа қандай тарихи деректерді паш етті?
2001 жылы Арал табаны ғалымдар үшін нағыз сенсация алаңына айналды. Археолог Дмитрий Воякин бастаған зерттеу тобы құрғап қалған теңіз табанынан тұз қабаттарын аршу барысында тосын жаңалыққа тап келді. Қалың тұздың астынан кенеттен кесененің күмбезі көрінді. Ізінше жиырма метр тереңдікте кірпіштен қаланған құрылыстар ашыла бастады.
Тереңдей қазған сайын ортағасырлық қаланың сұлбасы айқындала түсті. Көшелер, ғимараттар, шаруашылық нысандар. Ғалымдар бұл мекенді XIV ғасырдағы Арал-Асар қаласы деп таныды. Алты гектар аумақты алып жатқан қалада диірмендер, күріш егілген алқаптар, су арналары болған деседі. Бұл – кездейсоқ қоныс емес, дамыған, тіршілігі қайнаған шаһар болғаны анық.

Археологтардың пікірінше, Арал-Асар Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты болған. Сауда керуендері осы жерден өтіп, қала арқылы түрлі тауарлар алмасқан деседі. Гүлденген шаһар бір мезетте табиғи апат салдарынан су астында қалып, ғасырлар бойы адам көзінен таса болды. Сол себепті зерттеушілер бұл олжаны «Қазақстандағы Атлантида» деп атап кетті.
Қаланың қирандыларымен қатар, мұнда адам жерленген қорымдардың табылуы тарихтың ең ауыр беттерін ашып берді. Бұл қорымдар Арал маңында адамдардың кездейсоқ емес, ұзақ уақыт бойы тұрақты өмір сүргенін дәлелдейді.Әсіресе қабірлерден табылған әшекей бұйымдар мен тұрмыстық заттар сол заманның дүниетанымын, наным-сенімін айқын көрсетеді.
Мәселен, қазба жұмыстары кезінде табылған құйрығын тістеп тұрған барыс бейнесіндегі алтын сырғалар зерттеушілерді таңғалдырды. Жалпы алғанда бұл бейне – ежелгі пұттық түсініктерге тән символ. Ал ислам кең тараған XIV ғасырда мұндай әшекейдің кездесуі ғалымдарға әлі де жұмбақ. Демек, Арал-Асар – сенімдер мен мәдениеттер тоғысқан, күрделі рухани кеңістік болғаны айқын.

Сонымен қатар адамдар мен жануарлардың жаппай сүйектерінің табылуы алапат су тасқыны кезінде қаланың түгелдей су астында қалғанын айғақтайды. Табиғаттың қаһары бүтін бір өркениетті жұтып, оны ұзақ ғасырларға теңіздің түбіне көміп тастаған. Ғасырлар бойы су астында жатқан сол тарих бүгінгі күнге жетті.
Арал теңізі көне тарихымен ғана емес, өткен ғасырдағы тағдырымен де жүректі ауыртады. ХХ ғасырдың ортасына дейін бұл өңір балық шаруашылығының ірі орталығы болды. Теңіз бетінде жүздеген кеме қатынап, жыл сайын мыңдаған тонна балық ауланған. Арал балығы ел экономикасының маңызды саласына айналған еді. Алайда теңіз тартылған соң кемелер жағалауда қаңырап қалды. Құрғап қалған теңіз табанында ұзақ жыл бойы оннан аса кеме тұрақтаған еді. Бүгінде сол кемелердің үшеуі ғана сақталған. Қалғандары металл ретінде бөлшектеліп кеткен. Ал дәл қазір сақтаулы тұрған кемелердің темір қаңқалары уақыт өткен сайын шіріп, дәуірлердің соңғы куәгеріндей үнсіз мүжіліп барады.
Арал табанындағы жұмбақ құбылыстардың тағы бірі – геоглифтер. 1990 жылы жүргізілген әуеден түсірілім кезінде ғалымдар құрғаған теңіз табанынан ұзын сызықтар мен геометриялық пішіндерді байқаған. Бұл сызықтар кездейсоқ емес, белгілі бір жүйемен салынғаны анықталды.

Геоглифтер – жер бетіне салынған алып суреттер. Ол адамзат тарихындағы ең тылсым құбылыстардың бірі. Әлемдегі ең танымал үлгілердің бірі – Оңтүстік Америкадағы Наска сызықтары. Ал осындай бейнелердің Арал өңірінен табылуы зерттеушілер үшін үлкен жаңалыққа айналды. Кейбір геоглифтерді тек әуеден ғана көруге болады, бұл олардың шығу тегіне қатысты сұрақтарды одан әрі күрделендіре түседі. Сызбалардың қандай мақсатта салынғаны, табиғи құбылыс па әлде адам қолының ізі ме – әлі де зерттеуді қажет етеді. Бұл таңбалар Арал өңірінде біз білмейтін өркениеттің немесе табиғи құпиялардың болғанын меңзегендей.
Арал теңізі табанынан табылған ең таңғаларлық олжалардың бірі – ежелгі орман іздері. Қазба барысында ғалымдар ірі ағаш тамырлары мен жапырақ іздерін анықтаған. Зерттеушілер бұл жерде бір кездері ну тоғайлар, орман алқаптары болғанын айтады.
Ең қызығы, табылған қалдықтар арасында бук, емен, жаңғақ ағаштары кездескен. Қазіргі климатта мұндай ағаштардың өсуі мүмкін емес. Аталған ағаштар әдетте солтүстік әрі ылғалды өңірлерде өседі. Демек, ежелгі кезеңде Арал маңында климат қазіргіге қарағанда әлдеқайда жұмсақ әрі ылғалды болғанын аңғартады. Тек кейінірек теңіз пайда болып, климат біртіндеп құрғап, ыси түскен.
Бүгінде Кіші Аралға су қайта жинала бастады. Табиғат біртіндеп қалпына келуде. Балықшылар қайтадан ау құрып, теңізден несібе күтуде. Алайда Арал теңізі әлі де талай құпиясын ашпаған жұмбақ мекен. Оның түбі – тек экологиялық апаттың емес, тұтас адамзат тарихының үнсіз шежіресі.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!