Өзге тілде сөйлеуді үйреніп жүрсіз. Бірақ көп уақыт бөліп, түрлі әдіс қолдансаңыз да, алға жылжу жоқ секілді ме? Кейде «Менің қолымнан келмейді…» деген ой да маза бермейтін шығар. Бірақ мәселе тек сізде емес, мәселе – тәсіл мен бағытта да екенін ұмытпаңыз.
Шетел, мысалы ағылшын тілін үйренгенде ең алдымен неге мән беру керек? Қай бағыт дұрыс, қайсысы уақытты босқа кетіреді? Біздің сауалдарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті, болашақ ұстаз, Оңтүстік Кореяның Каннам университетінде де білім алған Әйгерім Менлібек жауап берді. 20 жастағы студенттің бүгінде өз шәкірттері бар. Ол «Білім-Ыбырай» қоғамдық қорында ағылшын тілі пәнінен, ал «IELTS IDP Kyzylorda»-да IELTS тесті бойынша сабақ береді. Оның IELTS тестінен 8.0 ұпай алғанын да айта кеткен жөн.
Әйгерім ағылшын тілін 8-сыныптан бастап тереңдетіп оқи бастаған. Негізі оның жүрегіне жақын тіл – корей тілі. Алайда қазақша не орысша дереккөз, оқулықтар мен мәлімет тым аз болған. Сол себепті кәріс тілін меңгеру үшін ағылшын тіліндегі материалдарға жүгінген. Осылайша бір тілді үйренемін деп жүріп, екінші тілдің де тереңіне бойлаған.
− Тіл үйрену мен үшін хоббиға айналды деуге де болады. Бос уақытымда испан тілін үйрене бастадым, қазір оқи аламын, жеңіл фразаларды да айта аламын. Мектеп кезінде француз және қытай тілдерін үйренгенмін және оларды жалғастыру жоспарда бар, − дейді ол.

Ал тіл үйренуді бастағанда неге мән берген жөн? Айгерімнің айтуынша, тұрақты практика қажет.
− Аз-аздан, кішкентай болса да қадам жасап, күн сайын алға жылжуға талпыну керек. Джэймс Клирдың «Атомдық әдеттер» кітабынан мына ой керемет айтылған: егер адам күн сайын небәрі 1% болса да алға жылжып отырса, бір жылдың ішінде орасан нәтиже көрсете алады. Сол сияқты ағылшын тілін меңгеру үшін де күн сайын 1-2 жаңа сөз жаттап, кем дегенде бір сөйлем құрап дағдылансаңыз, уақыт өте еркін сөйлей бастайсыз. Ең бастысы – үздіксіз әрекет пен табандылық. Практиканы күшейту үшін айналаңызды шет тілінде сөйлейтін ортамен толықтырған жөн. Егер жаныңызда ағылшынша сөйлейтін адамдар болмаса, әлеуметтік желі арқылы шетелдік достар табуға болады. Ағылшынша киноларды көрумен ғана шектелмей, «YouTube» платформасындағы қызықты контентті де ағылшын тілінде қарап, өз ортаңызды өзіңіз қалыптастырыңыз.
СІЗГЕ ҚАЙ ТӘСІЛ ТИІМДІ?
Тіл үйренудің тәсілі көп. Мысалы, академиялық тәсіл – мектеп пен университеттегі дәстүрлі білім беру жүйесі арқылы меңгеру болса, коммуникативтік тәсіл – көбірек сөйлесу арқылы үйренуге негізделеді. Ал input-based әдісі көп тыңдап, көп оқу арқылы тілдік қорды арттыруға бағытталса, output-based тәсілі жазу, сөйлеу, күнделік жүргізу арқылы дағдыландырады. Сонымен қатар task-based әдісі түрлі тапсырма орындау арқылы үйретсе, иммерсия тәсілі айналаңды сол тілмен қоршауды көздейді.
Маған ең көп көмектескені – иммерсия тәсілі. Дегенмен бес саусақ бірдей емес. Бір адамға тиімді болған әдіс екіншісіне сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан әр тәсілді байқап көріп, өзіңізге қолайлысын таңдау – ең дұрыс шешім.
СӨЗДЕРДІ ҰМЫТПАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Ұмытпау үшін сөзді мағынасымен бірге жаттау керек. Мұндайда флэшкарта құрауды ұсынамын.
Адам бір сөзді саналы түрде үйренсе, көбіне Баадер-Майнховтың жиілік иллюзиясы орындалатынын байқадым. Бұл феномен бойынша жаңа үйренген дүниеңіз жиі кездесетіндей әсер қалдырады. Шын мәнінде ол бұрын да болған, тек сіз оған назар аудармағансыз. Сондықтан сөздерді жай жаттап алудан гөрі, оларға ерекше көңіл бөліп, саналы түрде мән беру керек. Сонда жиілік иллюзиясы іске қосылып, жаңа сөз көзге жиі түседі де, ұзақ уақытқа есте қалады.
IELTS ТАПСЫРАМЫН ДЕСЕҢІЗ…
• Ең алдымен ағылшын тілін дамыту керек. Ағылшынша журнал, мақала оқу күнделікті әдетке айналуы тиіс.
• Дайындық кезінде Cambridge дайындаған ресми тесттермен жұмыс істеу керек.
• Тайм-менеджмент, яғни тест барысында тапсырмаларды уақытылы тәмамдау да маңызды рөл атқарады. Ал оқылым мен тыңдалым кезіндежақсы көрсеткішке жету үшін фокусты бағыттауға үйреніңіз.
ТОП 3 ҚАТЕЛІК
1.Практика жасамау. Сабақта үйренген тақырыпты тек сыныпта қалдыру, үйде қолданбау – тіл меңгеруді тежейді. Тілді шынымен меңгеру үшін әр сабақтағы білімді күнделікті өмірде қолдану, сөйлеу, жазу және оқу арқылы жалғастыру қажет.
2. Көп адам қатемен жұмыс жасамайды. Ал деңгей көтеріп, біліміңді арттырудың бірден бір жолы − рефлексия.
3. Пікір алмаспау. Енді ғана тіл үйреніп жүрген адамдар көбіне деңгейі өзінен жоғары адамдармен байланыспайды, кеңес сұрауға ұялады. Ал олар керісінше көмек беріп, жақсы кері байланыс орнататынын ескерген жөн. Сол арқылы сен де өзіңнің әлсіз және мықты тұсыңды біле аласың.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!