Фото: gerchik.com
Күн мен түнге қарамастан еркін жұмыс кестесі арқылы табыс табуға болатын сала көп. Сондай жұмыстардың бірі – трейдинг. Трейдер уақытының 90%-ын анализ жасауға жұмсайды. Олар әрбір компанияның жаңалықтарын қалт жібермей, актив құнын бақылауда ұстайды. Бұл мақалада трейдинг туралы сөз қозғайтын боламыз.
Ең алғаш бұл термин XVII ғасырда пайда болды. Басты себеп – Лондон биржасының пайда болуымен тығыз байланысты. Трейдинг «саудагер» деген мағынаны білдіреді. Ол өз қалауынша әрекет етіп, сауда процесі арқылы тікелей пайда көзін табуға ұмтылады. Бұрын олар биржа арқылы жұмыс істесе, қазіргі мәліметтерге сәйкес биржамен де, одан тыс та нарықта бағалы қағаз, тауар, валютамен сауда жасайды. Яғни арнайы биржадағы саудадан пайда көреді. Ол тауарға аз ақша жұмсап, мейілінше қымбат сатудың жолын іздейді. Тауардың сатылымынан түскен пайда арқылы табыс табады.
Трейдинг орындалатын уақытына орай бірнеше түрге бөлінеді. Жиілігі жоғары трейдинг, яғни қас пен көз арасында сауда- саттық жүреді және тек роботтар саудаланады. Келесі түрі – Скальпинг (Scalping). Өте қысқа мерзімді стратегия, онда трейдерлер қысқа уақыт аралығында бағаның аз өзгеруінен ақша табуға тырысады. Ұзақ мерзімді инвестициялау (Longterm investing) – пайда табу үшін активтерді жылдар бойы ұстап тұрады, сол арқылы ұзақ уақыт үлесін алып отырады. Позициялық сауда (Position trading) – бұл да нарықтағы позицияларды ұзақ уақыт аралығында ұстап қалуға тырысатын түрі.
Swing-Trading (Swing trading) – бағаның қысқа ауытқуына негізделген сауда, әдетте бір күннен бірнеше аптаға дейін ғана көзделеді.
Интернет-трейдингтің ерекшелігі – интернетке қолжетімділік арқылы қаржы нарығындағы барлық ақпаратқа ие бола алады. Яғни трейдердің арнайы кеңсесіз, үйінде отырып-ақ ғаламтор кеңістігінің көмегімен саудаласу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ интернет- трейдинг ақпараттандырылған шешімдер қабылдауға және нарық жағдайындағы өзгерістерге лезде жауап беруге мүмкіндік беретін әртүрлі сауда платформаларына, талдау құралдарына, кестелерге және нақты уақыттағы нарық ақпаратына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Оның артықшылығы, әдетте брокерлік фирмалар немесе банктер арқылы дәстүрлі сауда тәжірибелеріне қарағанда төмен төлемдер мен алымдарды ұсынады. Бұл сатып алушыға ұтымды.
Трейдинг – тәуекелге бел бууға міндеттейтін салаланың бірі. Себебі «шарықтап тұрып», қате шешімдер кесірінен құлдырауға ұшырауыңыз мүмкін. Құлдыраудың екі түрі болады: нарық және валюта. Нарықтағы деградацияның себебі активтердің құбылмалы болуына байланысты. Сауда құралдарының бағасы үздіксіз өзгерісте. Сондықтан түсетін пайда көзінен бөлек, құлдырау процесін де елеп, оның шығындарын есептеп, кез келген жағдайға дайын болуы керек. Құлдыраудың келесі түрі – валюталық. Валюта бағамдарының әрқашан құбылмалы екені бәрімізге мәлім. Сіз күтпеген бағытқа қарай өзгеріп кетуі де мүмкін. Нәтижесінде трейдер үшін үлкен қолайсыздық туындау ықтималдығы басым.
– Трейдингпен айналысқаныма 2 жылдан астам уақыт болды. Айлық табысым – 4 млн теңге. Өзің қожа, өзің би. Еркін жұмыс кестесі. Интернет пен ноутбук болса болды, бос уақытыңның 1-2 сағатын ғана алады. Жүгі жеңіл жұмыс болып көрінгенімен, ауыртпашылығы да басым. Себебі бұл саламен айналыса бастаған соң адам өзінің психологиялық бет-бейнесімен жүздеседі. Яғни эмоция секілді адам мінезінің маңызды аспектілері жұмыс барысында өзгеріске ұшырап, соның әсерінен жасалған шешімдер сәтсіздікке әкеліп, адам біраз қажуы мүмкін. Бұл менің де басымнан өткен. «Минусқа» кеткен кездерім аз болмады. Алайда қол қусырып қалмай, еңбек етуге үйреніп, қиыншылықтар артта қалды. Ең бастысы – тәртіп. Адам өзін және болмысындағы кемшіліктерін жеңіп, күш-жігерін шыңдауы тиіс. Кез келген жағдайда іскерлік мінез болуы қажет, сол арқылы топ жарып шығуға мүмкіндік бар. Арнайы білім алып, жоғары оқу орнын бітіру міндетті емес. Бастысы – адамның ниеті және күш-жігері.
Көп қаржы бар жерде тәуекел де жүреді. Есесіне жақсы пайда көзін табуға көмектеседі. Бүгінде қазақстандықтар трейдингтің алғышарттарын ұғынып, дамытуда. Ең қуаныштысы да – осы. Көптеген трейдер осы сала арқылы табыс табуға үгіттеп, білім көздерін ашуда. Мен де қалыс емеспін. Курс ашып, трейдинг саласының қыр-сыры туралы білім берумен айналысамын. Жеке имиджімді қалыптастырып, өз командамды құрдым, бірге қызмет атқарамыз, – дейді табысты трейдер Арайлым Сәтбек.
Түйін! Жұмыссыз жастардың көп екені рас. Қазір мұны замана кеселі деуге де болады. Дегенмен трейдинг секілді қомақты қаржы табуға болатын табыс жолдары көп. Мәселен, SMM маманы болу, копирайтерлік, тендермен айналысу, фрилансер болу және тағы да басқа еркін жұмыс кестесі қарастырылған жұмыс көздері жеткілікті. Ізденіс, ниет, күш жігер – жастарға керек ең маңызды қасиет.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!