Фото: ашық дереккөзден
Тәттіні шамадан тыс пайдалану зиян деп санағанымызбен оның пайдалы тұстарын да жоққа шығара алмаймыз. Мәселен оны мөлшерлеп пайдаланар болсаңыз, шаршаған ағзаны тез қалпына келтіруге көмектеседі. Сондай-ақ серотонин мен эндорфин сияқты «бақыт гормондарының» бөлінуін арттырады. Бұл адамның өзін жақсы сезінуіне, көңіл-күйінің жақсаруына әкеледі. Яғни стресс кезінде шоколад немесе басқа тәттілерді тұтыну – біршама жеңілдеу сезімін сыйлайды.
Қызығы тәттілер, оның ішінде шоколадтар ми мен жүрекке де пайдалы көрінеді. Шоколадтағы флавоноидтар және кофеин сияқты заттар мидың жұмысын жақсартып, зейінді арттырады. Бұл әсіресе ащы қара шоколадқа тән қасиет, өйткені оның құрамындағы пайдалы заттар когнитивті қабілеттерге оң әсер етеді. Сонымен қатар дәл осы қара шоколадтың құрамындағы антиоксиданттар қан айналымын жақсартып, қан қысымын реттейді. Бұған қоса, холестерин деңгейін төмендетуге көмектесіп, жүрек ауруларының алдын алуға ықпал етеді.
TikTok-та созылмалы әрі қытырлақ жасыл түсті салмасы бар шоколад жеп жатқан адамдарды жиі байқаған боларсыз. Желі қолданушыларының қызығушылығын тудырып, лезде танымалдыққа ие болған шоколадты біз «Дубайский шоколад» деген атаумен білеміз. Ал негізі ол «Fix» деп аталады. Бұл сөз «ерекше дәмді» деген мағына береді.
Дубай шоколадтары өз отанында шамамен 15 мың теңге болса, Қазақстандағы құны 22 мыңнан бастап 30 мыңға дейін жеткен. Аталған тәттіні жағдайына қарамай жапа тармағай сатып алғандар қоғамның қаржылай сауатының деңгейін тағы бір дәлелдеп берді.
Дубай шоколадының шығу тарихына тоқталайық. Тәтті 2021 жылы 38 жастағы дубайлық Сара Хамуда есімді әйелдің тәжірибесінен туындаған. Аталмыш шоколадты ойлап табуға оның жүктілік кезеңінде тәттіге деген жеріктігі себеп болған көрінеді. Кейін өнімді сатылымға шығарған ол кәсіпкерлікпен айналысуды қолға алған. Ал бұл тәттінің әлемге танылуына тікелей әсер еткен Мария Вехера есімді желі қолданушысы. Оның батончикті жеп отырған ASMR-видеосы 90 миллионға жуық қаралым жинады. Нәтижесінде әлем халқының қызығушылығын тудырған өнімге сұраныс сағаттап арта түскен. Алғашқы әрі түп нұсқасын жасаушы Сараның айтуынша, тәттіге күніне мыңға тарта тапсырыс түседі екен.
Бұл шоколадтар құрма, карак және кнафе сияқты шығыс дәмдерімен ерекшеленеді. 200 грамдық бір шоколадтың бағасы 20 доллар (9200 теңге). Оның түп нұсқасы тек Дубайда сатылады. Әрбір шоколад қолдан жасалатындықтан, барлық сұранысты қанағаттандыру мүмкін емес дейді өндірушілер. Бастапқыда үйден дайындауды бастаған Сараның қазір 10 адамнан құралған командасы бар.
Дубай шоколадын үй жағдайында дайындауға қызығушылық танытқан жандардың да қарасы қалың. Оның ішкі салмасы қытырлақ катаифи, пісте пастасы және тахини сияқты ингредиенттерден дайындалып, сырты шоколадпен қапталады. Катаифи – ұсақ вермишельге ұқсас қамыр түрі, оны Таяу Шығыс өнімдерін сататын арнайы дүкендерден табуға болады.
Иә, сұраныстың әп сәтте артуына орай тәттінің көшірмесін жасап сатқандар мол пайдаға кенелгені анық. Мұндайда сатып алушы өз сауатына, сатушы ар-ұятына жүгінгені дұрысырақ. «Ризықтың оннан тоғызы – саудада» десек те, пайда көрудің діндегі пайыздық шектеуін де ескергеніміз абзал.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!