Қазіргі қазақстандықтардың шетелге саяхатқа шығуы, өзге өркениетке қызығушылығы артып келеді. Бұрын алыс-жақын мемлекеттерге кәсібі дөңгелеген немесе қалада қызметі жоғары азаматтар шығаалса, қазір интернеті жоқ ауылдағы ағайындарға дейін бергісі Таиландқа, арғысы Америкаға барып келді. Санаға ерекше серпіліс сыйлап, өмірге деген көзқарасты жетілдіретін мұндай саяхаттың жұмыр басты пендеге берері көп екеніне дауласпаймыз. Әсіресе, теңіз жағасында жан жадыратып, топ болып ұшқан шағаладан шаттық іздейтін, «құсшының» күркесіне келіп, кофе ішуді шындыққа айналдырған саяхатшылар қатары қалың. Сол себепті түріктер туристерді несімен қызықтыратыны туралы ізденіп көрдік.
Кәрі құрлықтың өркениеті, даму қарқыны Орталық Азия елдеріне қарағанда әлде қайда көші ілгері екенін білеміз. Туристерді ынтықтыратын да өмір сүруге әбден лайықты елді бір көріп қайту. Дәл қазіргі сәтте осы арман жетегіндегі жүргендердің қалтасына қарайласатын ел – Түркия. Саяхатшылар мұндағы сапар туралы ой қозғағанда ең алдымен қонақ күтушілердің қызметі туралы айтады. Бірақ түрік еліне барғандар бассейннің жанында жатып алып, дәмді тамақ жеуден бас көтермейді дегенді білдірмейді. Бұл ел кез келген мереке үшін, көптен күткен демалыс үшін таптырмас қолайлы мекен. Тарих пен архитектуралық нысандарға бай ел дүниетанушылардың тамаша уақыт өткізуіне кепілдік береді.
Ел қазынасының басым бөлігі туристерге бағытталған. Туризмге бөлінетін қаржы да, одан түсетін пайда да қомақты. Сондықтан қызмет көрсету өте жылдам қарқынмен дамып келеді. Кейбір демалыс орындарында сіз тіпті қазақ тілді қызметкерлерді және қазақша сөйлейтін бала күтушісін таба аласыз. Жергілікті тұрғындар жайлы отбасылық демалыс үшін сізге барлық қажеттілікті тауып береді. Әр қона қүйде ойын алаңдары, балаларға арналған аквапарктер де бар.
Бұл елдегі ойын-сауық қонақ үйден шықпай-ақ басталады. Көбінесе қонақжайлы және көңілді тұру үшін толық жабдықталған. Туристерге ұсынатын жалғыз демалыс бұл емес. Әрине, ең маңыздысы – тарихи орындарға экскурсиялардың көптігі. Сондай-ақ орта ғасырлық бекіністер, ежелгі монастырлар, жоғалған өркениет ескерткіштері бар. Ежелгі Греция мен Ежелгі Римнің тарихы, Византия және Осман империяларымен және олардан қалған құнды жәдігерлерді көзбен көре аласыз.
Жазда дайвинг, аквапарк, термалды бұлақтар, моншалар шетелдіктерге үздіксіз қызмет көрсетеді. Бұған табиғаттың өзі демеушілік етеді. Өйткені Түркияның төрттен бір бөлігін теңіз, яғни Мәрмәр, Қара, Эгей және Жерорта теңіздері шайып жатыр.
Түркияда арнайы шопинг-турға баруға болады. Қазақша айтсақ, төрт мезгілге арнап киім алып, құдалыққа кит арқалап қайтсаңыз құп. Себебі мұндағы бағалар көзді де, әмиянды да қуантады. Ыстамбұлдың және басқа да ірі қалалардың түнгі өміріне назар аударған жөн. Мұнда клубтық кештер жоғары деңгейде өтеді. Сондай-ақ әдеттен тыс демалыс түрлерін, мысалы, тау шаңғысы курортын немесе джип-сафариді көруге болады.
Сөзсіз, визалық режимнің болмауы туристер үшін ең бірінші артықшылық екенін айта кету керек. Оған қоса жылдың кез келген уақытында қолайлы субтропикалық климат еліктіреді. Ылғалдылық жұмсақ акклиматизация үшін тамаша, оны балалар мен қарт адамдар да жақсы және тез қабылдайды.
Айқын артықшылығы – ыңғайлы барлығын қамтитын жүйе, оның арқасында турист қай жерде түскі ас ішуге немесе коктейльге тапсырыс беруге алаңдамайды.
Кемшіліктерге келер болсақ, жаздыгүні адам қарасы қалың орындарда, мерекелік шараларда ұрылар сізді көк тиынсыз қалдыруы мүмкін. Бұдан бөлек, такси қызметін пайдаланғанда жүргізушілер артық ақша алып қалудың амалын жасайтынын қаперде ұстау керек. Сонымен бірге мейрамханалар мен қонақ үйде тамақтану әлдейқайда қымбат екенін ұмытпаңыз.
Түркияға барған соң бір кесе түрік кофесі, тәттілер мен дәмдеуіштерді жемей кетуге болмайды. Сонымен бірге түрік моншасына бару артықтық етпейді. Ал базарда түріктермен саудаласыңыз, олар мұндайды жақсы көреді.
Памуккале Түркиядағы ең көп баратын орындардың бірі. «Клеопатра бассейндері» деген лақап аты бар аппақ қарлы бассейндер әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартады. Бұл бәрінен бұрын денсаулыққа пайдалы нағыз ғажайып. Көптеген адам денсаулығын жақсартып, стресстен арылу үшін осы жерге барады.
Византия мен Османлы мәдениетінің бірегей ескерткіші болып табылатын Стамбулды ұмытпаңыз. Мұнда сіз бірнеше күн бойы қаланы аралай аласыз, бірақ ешқашан толықтай аралап үлгермейсіз.
Мұнда жыл сайын туризм инфрақұрылымы дамып, қолайлы жағдай жасау үшін қомақты қаржы салуда. Мұнда дем алу кез келген әмиян мен талаптары бар турист үшін қолайлы болары анық.
Сартай БАЙЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!