Айналадағы барлық құбылыс, жаратылыс адаммен тікелей байланысты. Ондағы әрбір түстің адамға әсер ететін өзіндік энергиясы бар. Сәйкесінше адамдардың таңдайтын түстері олардың ішкі жан дүниесін, көңіл-күйін және мінез-құлқын көрсетуі мүмкін. Мысалы, біздің таңдауымыздағы түстің өзі психологиямыздан хабар береді екен. Осы мақаламызда түстердің адам психологиясындағы маңыздылығы және әр түс қандай сипаттама беретіні жайлы айтамыз.
Ақ түс – тазалық пен жаңарудың белгісі. Бұл түсті ұнататындар адал, ашық, және жаңалыққа құмар келеді. Олар өмірде реттілікті жақсы көреді және жан тыныштығына ұмтылады.
Қара – құпиялықтың символы. Бұл түсті таңдаған адамдар салмақты, өздеріне сенімді болып келеді. Олар эмоцияларын көп көрсетпейді, ал ішкі әлемдері бай және терең. Қара түсті таңдайтындар өздері мойындамаса да, қоршаған ортаның қамқорлығына зәру. Жалғыздық сезімі бойында тарала бастаған сәтте ойын басқа арнаға бұруға тырысады. Кейде жәй ғана ешкім мазаламайтын жерде болғанды ұнатады. Өзіндік пікірі бар, әрі сол пікірімен өзгелерден ерекшеленеді. Бойын ашу кернеген сәтте ұстамдылық танытады.
Сұр түс – бейтараптық пен салқынқандылықты білдіреді. Бұл түсті таңдайтын адамдар тепе-теңдікті жақсы көреді және көпшіліктің назарында болғанды ұнатпайды. Олар көп ойланып, шешім қабылдауға ұзақ уақыт жоғалтады. «Ашу үстінде айтып қалдым» сынды сөздерді мүлдем ауызға алмайды. Өйткені олардың табиғатына жайдарылық тән. Ішіндегі жан- сырын санаулы адамға ғана айтады. Ең жақсы деген қасиеттерін жасырын ұстайды.
Қызыл түс – энергия, құштарлық және күштің символы. Бұл түсті ұнататын адамдар батыл, мақсатшыл және харизмаға бай. Олар өмірден барынша ләззат алуға тырысады және лидерлік қасиеттері бар. Сонымен қатар қызыл түсті таңдайтын жандар өте эмоционалды және сезімтал келеді. Олар өзгелердің қалай қабылдайтынына қарамастан, сезіміне ерік беруге дайын. Дәл қазір, осы мезетте өмір сүргісі келеді. Бірақ қызыл түсті шамадан тыс қолдану агрессия немесе шыдамсыздықты көрсетуі де мүмкін.
Қоңыр түс – тұрақтылық пен жайлылықтың түсі. Бұл түсті ұнататындар сенімді және отбасы құндылықтарын жоғары қоятын адамдар. Олар қарапайым өмір сүруді жақсы көреді және өзгелерге қолдау көрсетеді. Қоңыр түсті таңдайтындар – нағыз реалист жандар. Оң мен солын анық ажыратып, бос әурешілікке салынбайды. Шама-шарқын да жақсы біледі. Шешімді өзгелердің пікірінсіз, тек өзі қабылдағанды ұнатады.
Сары түс – қуаныш пен оптимизмнің түсі. Бұл түсті ұнататындар көбінесе позитивті, шығармашылыққа бай және еркіндікті жақсы көреді. Олар жаңа идеяларды жақсы қабылдайды, бірақ кейде уайымшыл немесе өзіне сенімсіз болуы да мүмкін. Әдетте адамдармен тығыз қарым-қатынаста болғанды ұнататын жандар сары түсті таңдайтын көрінеді. Жүрген ортасында барлығымен тең дәрежеде араласып, көзайым болғанды жақсы көреді. Оптимист болғандықтан, кез келген ситуацияны пайдаға асыра алады. Олармен тіл табысып, емін-еркін сөйлесу өте оңай.
Көк түс – тыныштық пен сенімділік белгісі. Бұл түсті таңдайтын адамдар әдетте сабырлы, сенімді және тұрақтылықты жақсы көреді. Олар эмоцияларын бақылауда ұстап, терең ойлануға бейім. Сонымен қатар көк түс шығармашылық адамдар арасында да танымал. Эмоциясын сыртқа шығара бермейтін, қарапайым жандар. Отбасына, жұмысына, жеке өміріне қатысты тұрақтылықты жөн көреді. Кемелділікке ұмтылып, жайлы өмірді қалайды. Жан-дүниесі ерекше бай, әрі бойы дарынға толы.
Жасыл түс – табиғатпен тығыз байланысты және үйлесімділіктің, тепе-теңдіктің белгісі болып саналады. Жасыл түсті жақсы көретіндер көбіне мейірімді, қамқор және бейбітшілік сүйгіш келеді. Олар басқаларға қол ұшын беруге дайын және эмоциялық тұрақтылыққа ұмтылады. Өзге біреу олардың үстінен билік жүргізгенін қаламайды. Өмірге деген құштарлығы да зор. Жақындарының қолдауын сезген кезде тау-тасты қопаратындай алапат күшке ие болып, мақсатына ұмтыла түседі. Жанына сүйеу болар адамы болса, еш қиындыққа мойымайды.
Қызғылт түс – нәзіктік пен мейірімділіктің символы. Бұл түсті таңдайтын адамдар эмоционалды, жанашыр және басқалардың сезімдеріне көңіл бөле алады. Олардың жаны романтиканы қалайды және қиялға берілгіш жандар.
Күлгін түс – руханилық пен шығармашылық белгісі. Бұл түсті ұнататындар интеллектуалдық тұрғыда дамыған, креативті және ерекше ойлана алатын тұлғалар. Олар көбіне құпия дүниелерге, мистикалық нәрселерге қызығушылық танытады.
Түстер адамның мінезін, көңіл-күйін және ішкі әлемін көрсетуі мүмкін. Әр адамға тән сүйікті түсі арқылы оның жеке қасиеттерін анықтауға болады. Бірақ түстердің әсері жеке жағдайларға және мәдени ұстанымдарға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан әр түсті тереңірек түсіну үшін, адамның өмірлік тәжірибесі мен құндылықтарын да ескеру маңызды.
Дайындаған Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!