Фото: gov.kz
Қазақ тілінде кейінгі уақытта «туған күн» мен «туылған күн» тіркесінің аражігі ажыратылмай, балама нұсқа ретінде қолданылып жүр. Әлеуметтік желі қолданушылары бүгінде үш пікірге бөлінген: бірі – «туған күн» тіркесі дұрыс десе, екінші топ – ана баланы туады, бала туылады. Сондықтан «туылған күн» тіркесі дұрыс деп есептейді. Үшінші топ, тіпті екі нұсқаны да дұрыс санайды. Сонымен қай пікір дұрыс?
Қазақ тілінің грамматикасына сүйенетін болсақ, туатын – ана, туылатын – бала, туылу – ырықсыз етіс. «Ыл» жұрнағы өздігінен болған іс-әрекетке ғана жалғанады. Ырықсыз етіс жұрнағының бұл сөзге жалғануы орынсыз. Мысал келтіргеннің өзінде сәби өздігінен туылмайды. Ана дүниеге әкеледі. Қазақ тілінің грамматикасы бойынша «туған күн» тіркесі дұрыс.
Филология ғылымдарының докторы Мұхтар Мағауиннің «Туылған мен өлінген» атты мақаласында «туылған» тіркесін қолданушыларды өткір сөзбен сынайды. «Туылғанға» дауа жоқ екен. Ендеше, келесі саты — «өлінген!». Адам әдетте өз ырқымен өлмейді ғой. Ауру-сырқау ма, көлденең пәле немесе аштық пен кәрілік пе – «өлінеді!». Абай: «Адам жылап туады, кейіп өледі» деп еді, ал күні кешегі Қасым: «О дариға, алтын бесік туған жер!.. Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, – Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім…» – деу мүлде қате: «… Жылап туылады, кейіп өлінеді», «Туылған жер… Сенде туылдым, сенде өлінсем…» – деп айтулары шарт екен. Филолог осылай деу арқылы екі тіркестің аражігін ажыратуда сарказм қолданады. Сөз соңында М. Мағауин: «Сонымен, қыжыртпай айтсақ, «туылған» – тіл мәдениетінің айна қатесіз жаңа бір өлшемі: «туылған» жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар. Ең сыпайы сөзіміз деп біліңіз», – деп қорытындылайды.
Қазақ тілінің грамматикасы мен Мұхтар Мағауин «туған күн» тіркесін дұрыс деп санаса, бұл орайда академик Рәбиға Сыздық: «Бұл күнде туды, туылды деген жарыспа қатардың қолданыстары пікір таласын тудырып келеді. «Пәленше пәлен жылы туды» деп айтылып келген сөйлемді «туылды» деп жазу активтеніп барады. Егер тілдік жүйеге сәйкестікті қуаласақ, туылды тұлғасы дұрыс: туатын – ана, туылатын – бала. Туылу – ырықсыз етіс», – деп пікір білдіру арқылы «туылған күн» тіркесі дұрыс деуші екінші топтың сөзін алға тартады.
Дегенмен сын сөзбен қарасақ, «туылған» тіркесі дұрыс болса, онда «туған-туысқан» тіркесінің дұрысы – «туылған-туысқан». Себебі тек бала туған адамдар ғана туысқан болмайды. Балалы адам да анадан туылады. Бұл тұста ер азаматтарды қайтпекпіз? «Туған бауырым», «туған тіл» тіркестерін «туылған бауырым», «туылған тіл» деп айта алмаймыз. Сонда «туылған күніңмен» тіркесі қайдан шықты?
Түркі тілдес халықтардың даулы тіркесті қалай айтатынына назар аударайық. Қырғыз тілінде «туулган күн», ұйғырша «туғулған күн», өзбекше «тug’ilgan kun». Аталған тілдермен қоса, қазақ тілі де тіркі тілдес топтарының ішінде қыпшақ тілдер тобына жатады. Қазақ тіліне «туылған күн» тіркесі туыстас тілден енген деседі.
Айдана ЕДІЛБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!