Үй иесі жайлы естуіңіз бар ма? Иә, ол туралы бағдарламалар, фильмдер түсіріліп, тіпті түрлі мистикалық әңгімелерге арқау болып жүр. Үй иесі – бұл славян халықтарының наным-сеніміндегі үйді қорғаушы, қамқоршы рух. Ол орыс, украин, белорус мәдениетінде кең тараған және ежелгі халықтық мифологияда маңызды орын алады.
Үй иесі үйдің қорғаушысы ретінде танылған, ол үй ішіндегі жайлы атмосфераны қамтамасыз етіп, тұрмыстағы түрлі жағдайларға көмектеседі деп сенген. Ол туралы түсінік қазақ мәдениетіндегі «үй иесі» немесе «отау иесі» ұғымына ұқсас келеді. Дегенмен діни тұрғыда зерттеп, тереңіне үңілер болсақ оларды жынға теңейді. Бәріне бірдей сыры ашылмаған тылсымның зұлым ниеті бар ма, әлде адамдарға адал тілеулес пе, ол жағы беймәлім.
«Астарлы ақиқат» бағдарламасының кезекті санындағы үй иесі жайлы оқиға елді елең еткізген еді. Светлана Берекеева есімді алматылық тұрғын үйінде жиі көретін «домовой» жайлы әңгімелеп, оның бет-бейнесін анық суреттеп берген. Айтуынша үй иесі түнгі екі мен үш аралығында келіп, атын атап шақыратын көрінеді. Бойы жарты метрге жетпейтін мақұлықтың үсті жүндес деседі. Танымал экстрасенстің кеңесіне құлақ түрсек, үй иесін жындармен шатастырмау керегін ескертеді. Ол барлық үйде бар, сондай-ақ онымен тікелей байланысқа түсу дұрыс емес. Үй иесінің іс-қимылын, жүріс-тұрысын байқасаңыз да назар аудармауға тырысу керегін айтады. Ал егер оған мән берсеңіз, өзін тіпті жиірек көрсете бастайды екен. Басты кейіпкер аталған тылсымды өз үйінде ғана емес, өзге үйге қонаққа барғанда да көретінін жайып салды. Тіпті әр үй иесінің дене тұрқы мен түр-сипатының әртүрлі болып келетінін айтқан. Қызығы сол, бағдарламаның басты кейіпкері Светлана 15 жасында клиникалық өлімді бастан өткеріп, о дүниеге барып келген көрінеді.
Расымен аңыз, әңгімелерде, тіпті балалық шағымызда көрген мультфильмдерде де үй иесі әдетте кішкентай, сақалы бар қарт адам кейпінде бейнеленеді. Оны славян халқы көбінесе үйдің бір бұрышында, әсіресе пештің жанында немесе үйдің астында мекендейді деп сенген. Оның сырт келбеті, мінез-құлқы үй егелерінің өздеріне де байланысты деп саналған. Егер үйдегі адамдар мейірімді әрі қамқор болса, үй иесі де сондай жақсы мінез көрсетеді. Ал егер үйде ұрыс-керіс, жаман мінезді жандар көп болса, ол да ашулы, тіпті зиян келтіруге дайын болуы мүмкін. Жоғарыда жалғыз ғана оқиғаны тілге тиек еттік. Алайда айналамызда орын алып жатқан жағдайлар аз емесін айтқымыз келеді.
Үй иесінің негізгі міндеті – үйді және ондағы адамдарды қорғау, үй ішіндегі жайлылықты сақтау. Мысалы үй иесі үйді ұрылардан, жаман ниетті адамдардан және зұлым күштерден қорғайды деп сенген. Ол үйге қауіп төніп тұрса, түнімен дыбыстар шығарып, иелерін оятады немесе белгі береді. Кейбір жұмыс барысында адамдарға көмектеседі деп те есептеген. Кейде ол түнде ұсақ-түйек үй шаруаларын реттейді, заттарды жинастырады деген сенім бар. Сондай-ақ үй ішінде бір қауіп немесе бақытсыздық күтіп тұрса, ол әртүрлі дыбыстармен немесе түсініксіз әрекеттермен адамдарға ескертуі мүмкін. Мысалы, түнде ұйықтап жатқан адамдарды ояту немесе әртүрлі дыбыстар шығару арқылы бір жағдай болатынын білдіреді.
Үй иесін құрметтеу және оны ренжітпеу – маңызды дәстүрлердің бірі. Славян мәдениетінде адамдар үй иесіне арнайы «қонақасын» арнап, оған тамақ қалдырып отырған. Бұл тамақ – сый- сыяпат ретінде домовойдың көңілін аулап, үйге тыныштық пен жақсылық тілеуін ниет етеді. Үй иесінің көңілін табу үшін үйде тазалық сақтау, заттарды орынды жерде ұстау, үй ішіндегі ұрыс- керісті азайту керек деп саналған. Егер ол риза болса, үйде әрдайым береке болады деп сенген. Үй иесі жайлы көптеген аңыз бен әңгіме бар. Олар халық арасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мысалы бір аңызда үй иесі адамдарға ұры кіретінін ескертіп, белгі береді. Олар бұл аңыз арқылы үй иесін қорғаушы әрі қамқоршы ретінде сипаттайды.
Белгілі исламтанушы Арман Қуанышбаев «Үйдің егесі, жер егесі, базар егесі деген нәрсе бар, осы еге деген нәрсе олар жындар. Сол жерді егеленіп алғандар. Адамдар тастап кеткен үйді жын билеп кетеді, сосын сол жерді иелеп алған соң басынып, кейбір адамдардың қорқақтығын пайдала отырып сол жерге келген адамдардын әр жерінен түрткілеп ұйқысынан оятып немесе түсіне кіріп, күндіз тарсылдатып, дүрсілдетіп ұрады екен. Олар – жын. Ал кейбір адамдар төбеде тарелка ұшып жүреді дейді. Негізі бұлар байқасаңыздар намазхан адамдарға, ойы, сауаты пәк жандарға келген емес. Намаз оқитын тақуа адамдарға көрінбейді» дейді.
Бүгінгі таңда үй иесі туралы түсінік көбінесе мифология немесе фольклор ретінде қарастырылады. Алайда кейбір адамдар әлі күнге дейін бұл дәстүрлерді сақтап, оған сенетін көрінеді. Оны үйдің рухани қорғаушысы деп қабылдап, оған құрмет көрсетеді. Үй иесіне арнап шағын рәсімдер жасайтын елдер әлі де кездеседі.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!