Ұйқы – адам баласына табиғаттың өзі тарту еткен ең қымбат нығметтердің бірі. Ол тек тәннің тынығуы емес, ойдың орнығып, жанның жаңаратын сәті.

Ұйқы жетіспеген жағдайда ең алдымен жүйке жүйесі зардап шегеді. Адам ашушаң, сабырсыз, тез шаршайтын күйге түседі. Есте сақтау қабілеті әлсіреп, ойлау процесі баяулайды. Ғылыми зерттеулер ұзақ уақыт ұйқысыз жүру жүрек-қан тамыр ауруларының, жоғары қан қысымының, иммунитеттің төмендеуінің басты себептерінің бірі екенін дәлелдеген.

Бұдан бөлек, ұйқы гормондық тепе-теңдікті реттейтін негізгі факторлардың бірі. Ұйқы бұзылғанда тәбет өзгеріп, адам тез салмақ қосуы мүмкін. Мұндай жағдай қант диабетіне, созылмалы шаршауға, күйзеліске алып келеді.

Қазақ халқы ұйқы мәдениетіне ерекше мән берген. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық», «Түн ұйқысын төрт бөлу» секілді мақал-мәтелдер соның айғағы. Халық танымында күндіз, әсіресе бесін мен ақшам аралығында ұзақ ұйықтау құпталмаған. Мұны «береке қашады», «ырыс кемиді» деп жаман ырымға балаған.

Адам үшін ең пайдалы әрі сапалы ұйқы – түнгі ұйқы. Әсіресе кешкі сағат 22:00 мен түнгі 02:00 аралығы ағзаның өзін-өзі қалпына келтіретін ең маңызды кезең саналады. Бұл уақытта ми тынығып, жүрек пен жүйке жүйесі демалады, жасушалар жаңарады.

Қызық дерек! Жапония мемлекетінде жұмыс уақытында адамды мызғып кеткені үшін жалқау деп сөкпейді, керісінше, түсіністік танытады. Тіпті мұны еңбекқорлықтың белгісі деп біледі екен. Десе де ұйқының өз орны және арнаулы уақыты бар, ол адамның қызметіне кедергі келтірмеуі керек. Сол кезде ғана жұмысыңыз өз жемісін берді.

Ал түнді телефон қарап, әлеуметтік желі ақтарып немесе жұмыс істеп өткізу – табиғат заңына қарсы әрекет. Мұндай әдет ұзаққа созылса, созылмалы шаршау, бас ауруы, көздің көру қабілетінің төмендеуі секілді мәселелер пайда болады. Сондықтан түн тынығу үшін жаратылған уақыт екенін ұмытпаған жөн.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!