Он екі айдың қалай өтетіні кім-кімді де ойландыратыны хақ. Жеке бастың жайы, мемлекеттік мәселе, әлемдік ахуалдың қалай өрбитіні де қызық. Келер жылдың сәттілігі мен ырысы қандай? Тиісінше қамданатын қауіп бар ма? Бұл сұрақтар да көкейден кетпей қойды. Осы орайда нумеролог Жәния Кәрімханмен әңгімелестік.

– Ұлуды «Ұлы жыл» немесе «Үлгілі жыл» деп баға берген. Бұл қаншалықты дұрыс? Жалпы, келер жылға қандай болжам айтасыз?

– Қазақ – дана халық. Он екі жылға он екі жануарды бекер байланыстырмайды. Әрқайсысының өзіндік мағынасы бар. Мәселен, барыс – бірліктің, тышқан – тынбай еңбек етудің жылы. Ал ұлу молшылық мағынасымен астасып жатыр. Ежелден халқымыз егін және мал шаруашылығымен айналысқаны белгілі. Осылайша ауа-райына тәуелді болған көшпенділер қоян жылынан кейін құрғақшылық болмасын, жауын-шашын мол болсын деген оймен келесі жылды ұлу деп атаған. Өйткені ұлу тіршілігі сумен тікелей ­байла­ныс­ты.

2023 – рухани жыл болғаны рас. Өте көп өзгерістер орын алды. Кейбірі депрессияға ұшырады. Бұл жаман деген сөз емес. Керісінше қиындық пен сынақты жеңіп шығуға болатынын ұғынды. Яғни адам өзін танитын, ішкі әлеміне үңілетін өзгеше жыл болды. Тіпті психолог-коучтардың көбеюі, олардың қоғамға әсер етуі, сұраныста болуы соның айғағы. Биыл халықтың санасы трансформацияланды. Ал 2024 жылға тұрақтылық пен табандылық тән.

– Жайлы өмір сүру үшін қаражат керегі түсінікті. Ұлу жылы табысқа кенелте ме?  Нумерология не дейді?

– Нумерология бойынша ұлу жылы 8 санымен сәйкес келеді. Бұл – табысты сан. Себебі шексіздікті білдіреді. Демек қосымша табыс тауып, бизнес ашуға тәуекел етсе табыс екі есе артпақ. Ал жалқауланып, іске құлықсыз болу шығынға ұшыратады. Ұлуды табыс пен қаржы көзі десе артық емес. Табандылықты талап ететінін естен шығармаған жөн. Адам алдына қандай арман-мақсат қойса, жыл соңына дейін діттегеніне жетеді.

Жаңа жыл елімізге ғана емес, әлемге қалай ықпал етпек? Қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?

– Қазақтар үшін ұлу жылы болғанымен, бұл әлем үшін айдаһар жылы. Сондықтан күтпеген жағдайлар орын алып, саясатта жаңалықтар болады. Мәселен, министр немесе саясаткерлер алдағы ахуалды болжап, ықтимал жауабын біліп отырады ғой. Бірақ бұл жылы тосын жайттар, әртүрлі оқыс оқиға болады. Әлемде болып жатқан соғыс өрши түседі. Айдаһар жалынды әрі энергияға толы. Сол себепті жан-жақтан жаңалық көбейеді.

2024 әділдік және адалдық жылы. Көп нәрседе әділдік орнайды. Елімізде заңнама бойынша біраз заңдар қабылданып, оған халық разы болады. Заңда күрделі өзгеріс күтіп тұр.

Ұлу жылының элементіне тоқталсаңыз…

– Ұлу жылының элементі – от. 2022, 2023 және 2024 осы стихиямен байланысты. Яғни адам санасында өзгеріс болып, жаңа мамандықтар пайда болады. Сондай-ақ тосын жағдайға да дайын болу керек. Байқасаңыз, оттың  жақсы да, жаман тұсы да қатар жүреді. Жалындап тұрған адамның  өмірінде оң өзгеріс, жарқын болашақ болады. Эмоционалды тұрғыда өзін басқарып үйрену қажет. Өйткені адам арасында конфликт жиі өрбиді. Рухани құлдырамай, ішкі халдің әлсіремеуін назарға алған абзал. Қысқасы, ұлу – батылдықты қажет ететін жыл.

– «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деген тәмсіл бар. Аз ғана уақыттан кейін 2024-ті  қарсы аламыз. Көпшілікке қандай кеңес бересіз?

– Өткенге өкпе арту адамға әсер етеді. Болашаққа көз тастап, әр сәтті сезінген дұрыс. Жаңа жылдың алдында үй ішін айнадай жалтыратып, артық қоқыстан тазалаймыз ғой. Сол сияқты ішкі жан-дүниені де реттеу маңызды. Негативсіз жаңа жылға еніп, жанымызға жақын жанға жылы лебіз білдірген жақсы. 31 желтоқсан және 22 наурыз мереке ретінде бекер таңдалмаған. Бұл күндері ай мен күннің  энергиясы мықты болады. Мұның адамға да ықпал ететіні шындық. Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, алдағы жылың солай өтеді деген бар. 29 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін жақсы энергияда болған жанды да жайлы етеді. Қуаныш пен позитивті көңіл-күйді сақтау керек.

СұхбаттасқанЗамира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!