Шыңғыс хан өлімінің бес болжамы
Шыңғыс ханның неден және қалай қайтыс болғаны тарихшылар мен ғалымдар арасындағы даулы мәселелердің бірі. Ұлы ханның неден көз жұмғанын нақты білу үшін оның мүрдесіне зерттеу жұмыстары жасалуы тиіс, алайда осы күнге дейін Шыңғыс ханның қайда жерленгені белгісіз. Италияндық палеопатолог Франческо Галасси Journal of Infectious Diseases журналында Шыңғыс ханның өліміне қатысты өз болжамдарын келтірді.
Галасси ғалымдар арасында Шыңғыс ханның өліміне қатысты нақты төрт болжамның барын айтады.
«Бірінші нұсқа бойынша Шыңғыс хан тұлпардан құлап, жарақат алып, содан көз жұмған. Екінші нұсқа бойынша таңғұт ханшайымымен өткізген түннен кейін, көз жұмған. Яғни ханшайым оны бауыздап тастаған. Үшінші нұсқа бойынша қытайлармен соғыста қаза тапса, төртінші нұсқада ұрыс даласында уланған жебе тиіп, содан жан тәсілім еткен» дейді болжамдар.
Галасси өзінің нұсқасын қосып, бесінші болжамды өмірге әкелді. «Шыңғыс хан обадан көз жұмған» деп отыр ол.
«Жазбаларға сенер болсақ, Шыңғыс ханның өлер алдында сегіз күн қатарынан температурасы көтерілген. Осы симптом мен оның тез арада өмірден өтуі, ханның пандемияның құрбаны болғанын білдіреді. Жорыққа кедергі жасамау үшін, оның денсаулығы аса құпия сақталған» дейді Галасси.
Тарихшы тек қана хан емес, жүз мыңдаған адам сол уақытта оба құрбаны болып, тіпті тұтас елдер жойылып кеткен деген болжамды да жоққа шығаруға болмайды дейді.
Асхат Қасенғали
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!