Фото: ашық дереккөзден
Шетелге шығып, ел көру, жұмыс істеу, білім алу – бүгінде дамудың бір жолы. Қоныс аударып, жат елді жақын көрген қандастарды да көріп жүргеніміз рас. Алайда шекара асу үшін құжатыңды жинап, лезде шабаданыңды дайындап кете алмайсың. Ол үшін арнайы виза алып, Қазақстанның азаматы екеніңді дәлелдейтін паспорт жасатасың, түптеп келгенде шетелге шығудың өзі-ақ «шаршататын» іс.
Визасыз да шетелге шығуға болады
Ең алдымен виза туралы айта кетсек. Бұл құжат адамға белгілі бір уақытқа шетелде жүру құқығын береді. Әдетте виза басқа мемлекеттің аумағына кіруге нақты рұқсатты береді. Алайда елден кетуге құқық беретін «шығу» визалары да бар. Оның түрлері: жұмыс визасы, іскерлік визасы, отбасылық виза, жеке сапарға арналған виза, туристік виза, инвесторлық виза, бизнес-иммигранттар визасы, тұруға ықтиярхат алу үшін берілетін виза. Сондай-ақ шенген визасы да бар.
Алайда визасыз да шетелге шығуға болатынын білгеніміз абзал. Кейбір мемлекеттер қазақстандықтар үшін 1 жыл немесе сол жыл ішінде белгілі уақытқа визасыз жүру үшін беруге келісім жасасқан. Атап айтқанда, Грузия мемлекетінде – 365 күн, Арменияда – 180 күн, Әзірбайжан, Албания, Андорра, Гаити, Колумбия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия (180 күн ішінде 90 күн), Украина, Молдова, Моңғолия мемлекеттерінде – 90 күн визасыз жүруге мүмкіндік бар. Тізім аталған мемлекеттермен тәмамдалып қалмайды. Бұдан бөлек, 20-дан астам елге аталған құжатсыз кіруге болады.
Шенген визасы туралы білесіз бе?
Шенген визасы – Шенген аймағында 180 күн ішінде 90 күннен аспайтын қысқа мерзімді болу үшін кіру визасы. Бұл келісімі 26 мемлекетті қамтиды: Аустрия, Бельгия, Мажарстан, Греция, Дания, Германия, Исландия, Испания, Италия, Латвия, Литва, Люксембург, Лихтенштейн, Нидерланд, Норвегия, Мальта, Польша, Португалия, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Швейцария және Эстония. Егер сіз Франция мемлекетіне бару үшін шенген визасын жасатқан болсаңыз, шенген аймағына кіретін өзге мемлекеттерге Франциядан бару үшін қайтадан виза жасатпайсыз. Бұл шенген визасының ерекшелігі. Шенген визасын алу құны 2024 жылдың 11 маусымынан бастап – 90 еуроны, 6 және 12 жасқа дейінгі балалар үшін – 45 еуроны құрайды.
Шетелге шығу шеттен шықпауы тиіс
Алдағы уақытта Сыртқы істер министрлігі ЕуроОдақ өкілдерімен визалық режимді жеңілдету жұмыстарын қарастыруда. Десек те заңбұзушылық болып, виза алу рәсімі қиындау үстінде. Көптеген азамат жалған құжат беріп, визаны алу процесін жеңілдеткісікеледі. Өз ретінде мұндай әрекеттер Қазақстанның имиджіне айтарлықтайкері әсерін тигізеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері хабарлады. Осы қолайсыздықтың әсерінен шенген визасын алу қиындай түсуде.
– Қазақстан азаматтары көбіне жалған мәліметтер беріп, шетелге шықпақ түгілі елден шыға алмай жатыр. Осы мәселе болып тұр. Әрине, виза беруден бас тарту проценті өсіп келе жатыр. Неге? Себебі біздің азаматтар жалған мәлімет беруде. Олар ұшақ билетін жалған броньға қояды немесе қонақүйдің жалған деректерін көрсетеді, жұмыс істеп жатқан орыннан жалған ақпарат алып келеді: айлығы,банктегі шоты туралы.
Мұның бәрін шетел визалық орталығының консулымен бірге тексеріледі. Бұл уақыт алады. Осыдан «Бізге неге визаны тез бермейді?» деген сұрақ туындайды. Әрине, жалған ақпарат берсең, виза беру рәсімі де созылады. Жалған ақпаратты берген адам олардың арнайы тізіліміне енгізіледі. Келешекте оған виза алу қиын болады. Сондықтан қазақстандықтар ақпарат беретін болса, нақты ақпарат беруі керек. Бұл бәріне әсер етіп жатыр, – деді ведомство өкілі Айбек Смадияров.
Виза алу рәсімі
Ал енді виза алудың оңтайлы жол- дары туралы сөз етейік. Ең әуелі виза алу үшін құжаттарыңызда ешқандай қате жоқтығына көз жеткізіңіз. Тіпті есіміңіздің латынша дұрыс жазылғанына дейін қарауыңыз қажет. Себебі виза дайындау орнында жіберілген қателік өзге мемлекеттің шекарасынан асқаннан кейін сізге тосқауыл болуы мүмкін. Сондай-ақ сізде әлі де виза болмаса, барамын деп жоспарлаған мемлекетіңізге алдын ала билет алмағаныңыз дұрыс. Демалыс мезгілдері көктемнің мамыр айларынан басталады. Сол уақытта виза алудың да уақыты ұзаруы мүмкін. Мұны ескеріп, виза алуға құжаттарды кемінде 1-2 ай бұрын даярлаған жөн. Жалпы виза алу уақыты 15 күн аралығын қамтиды. Егер де өтінім қабылдау мерзімі ұзарса, бұл құжаттарда кінәраттың бар екендігінен хабар береді.
Америка, Жапония секілді алпауыт мемлекеттерге виза алу қиын. Ал көптеген жас сол мемлекеттерге баруды армандайды. Дегенмен құжатын мақұлдамай, салы суға кетіп жүргендер бар. Америкаға виза алу рәсімі тіпті күйзеліске де әкеліп жатады. Әлеуметтік желіде өзінің виза алу тәжірибесімен бөліскендердің бейнежазбасы бұған дәлел бола алады. Сонау 2006 жылы аталған мемлекетке визаны мақұлдау пайызы 12,5-ті құраған статистика бүгінде 41,93%-ға көтерілген.
P.S. Визаға қатысты қызықты ақпарат. Әлемде мемлекеттер ара- сында визасыз саяхаттауға мүмкіндік беретін елдер бар. Мәселен, Сингапур мемлекетінің паспорты – 192 мемлекетке, ал Жапония, Германия, Италия және Испания паспортымен 190 мемлекетке визасыз кіруге болады. Сондай-ақ бұл тізімді Австрия, Люксембург, Финляндия, Франция, Швеция және Оңтүстік Корея мемлекеттері жалғастырады. Олар 189 мемлекетке визасыз саяхаттауға рұқсат етеді.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!