Сауда саласы кейінгі жылдары күрт өзгерістерге ұшырап, электрондық коммерция нарығы жылдам қарқынмен дамып келеді. Соның ішінде Pinduoduo, Aliexpress, Temu, Ozon секілді платформалар әлемдік деңгейде қарыштап дамып, көптеген тұтынушының қызығушылығына ие болып отыр. Солардың бірі – «Wildberries» интернет-дүкені. Бұл сауда алаңы өзінің ассортиментінің кеңдігімен, бағасының қолжетімділігімен және ыңғайлы қызметтерімен танымал.

Еліміздегі онлайн сауда нарығының үлесі өсіп, тұтынушылардың қызығушылығы күн санап артуда. 20 жылдық тарихы бар Wildberries платформасы Қазақстанда 2020 жылы ғана өз қызметін ресми түрде бастағанымен, бірнеше жыл ішінде көптеген қазақстандықтың таңдаулы платформасына айналды.

Бұл интернет-дүкенің артықшылығы – әртүрлі санаттағы тауардың үлкен ассортиментін ұсына алатындығында. Мәселен, киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық техника, косметика, тұрмыстық заттар, балаларға арналған заттар, т.б. тауарларды тұтынушы кез келген сәтте үйден шықпай-ақ сатып ала алады.

Платформа әртүрлі өндірушілердің өнімін ұсынады, сондықтан тауардың сапасы да әрқилы болып келеді. Кейбір брендтің өнімдері жоғары сапасымен ерекшеленсе, кейбірі пайдаланушылардың көңілінен шықпай жатады. Бұл мәселеде тұтынушылардың пікіріне, рейтингіне назар аудару өте маңызды. Платформадағы өнімдердің рейтинг жүйесі сатып алушыларға тауардың сапасы туралы шынайы пікір алуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде дұрыс таңдау жасауға көмектеседі.

Қазақстандағы Wildberries-тің дамуы аса қарқынды деп айтуға толық негіз бар. Статистикалық мәліметтер бойынша, 2024 жылы Қазақстанда Wildberries арқылы жасалған тапсырыстар саны 30%-ға өскен. Бұл көрсеткіш платформаның ел тұрғындары арасындағы танымалдығының айқын дәлелі. Wildberries платформасы арқылы сатып алынған ең танымал тауарлар: киім-кешек пен аяқ киім – 45%, косметика және тұрмыстық химия – 20%, тұрмыстық техника мен электроника – 15%, балаларға арналған тауарлар – 10%, кітаптар мен кеңсе тауарлары – 5%-ды құрады.

Мәліметтерден көріп отырғанымыздай, қазақстандықтардың басым бөлігі киім-кешек пен косметика өнімдерін көптеп сатып алады. Бұл платформадағы алуан түрлі брендтер мен қолжетімді баға саясатының арқасында орын алып отыр.

Wildberries-тің ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, оның жеткізу қызметі туралы айта кетсек болады. Жеткізу қызметінің жылдамдығы тұтынушылардың ризашылығын тудырған. Себебі, уақыт – ең құнды ресурс. Аталған платформа өзгелер секілді Қазақстанның кез келген аймағына тауар жеткізеді, дегенмен бір ерекшелігі – жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқа уақытты ғана қамтиды. Өзге платформалар арқылы тапсырыс берілген тауар кем дегенде 2 аптадан астам уақытта келеді.

Wildberries қолданушыларының басым бөлігі еліміздің ірі қалаларында шоғырланған. Әсіресе Алматы және Астана қалаларында платформаның танымалдығы өте жоғары. Алматыда жасалған тапсырыстар ел бойынша жалпы сатылымның 35%-ын, ал Астанадағы тапсырыстар 30%-ын құрайды. Бұл өңірлердегі халық санының көптігі және онлайн саудаға деген қызығушылықтың жоғары болуы көрсеткіштердің көтерілуіне ықпал етті. Шымкент, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында да Wildberries кеңінен қолданыста. Бұл аймақтарда тұтынушылар санының артуына жеткізу қызметінің жылдамдығы ықпал еткен.

Сондай-ақ Wildberries-тің бір артықшылығы – қайтару және айырбастау жүйесінің болуы. Егер сатып алушыға тауар ұнамаса немесе сапасы талапқа сай болмаса, оны қайтарып беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жүйе тұтынушылардың сенімділігін арттыруға және платформаның беделін сақтауға септігін тигізері анық.

Иә, бүгінде базар аралап, дүкен сөрелеріне шолу жасауға уақыт тығыз. Осындай сәтте онлайн сауда платформасының ұсынатын оңтайлы функциясы көп. Алайда бірнеше тәуекелмен бетпе-бет келуге тура келеді. Себебі тауардың сапасы әрқашан сіз қалағандай болмауы мүмкін, ал жеткізу қызметінің ақсап қалмасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!