1950 жылдардағы Париждің сән үлгісі, Christian Dior-дың музасы, Қазақстандағы атақты сән үйінің символына айналған шығыс сұлуы – Алла Елшін 1926 жылдың 10 желтоқсанында дүниеге келді. Оның әкесі Қуантқан Елшін Алматы қаласының өкілі, жоғары білімді инженер болған. Атасы қазақтың байы, анасы Тамара Михайлова опера әншісі еді.

Алла Харбин қаласында дүниеге келген. Қытайдағы қиын жағдайға байланысты анасымен бірге елден қашуға мәжбүр болды. Әкесі Қуантқанды кейін, «бай тұқымынансың» деп қуғынға ұшыратады. Анасымен Парижге қоныстанған ол, қиын қыстау кезеңді бастан кешіреді. Білімге құштар жас қыз француз, ағылшын, неміс, орыс, италиян және испан тілдерін еркін меңгерді. Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыста, Алла француз әскерінің құрамында болып, лазаретте медбике қызметін атқарады. Осылайша, Парижді басқыншы жаудан азат етуге жан- тәнімен атсалысады.

Қайтпас қайсарлығы мен жігерлігінің арқасында тағдыр жолынан қаймықпай, шыңдалып, өзін-өзі жасап шыққан тұлға. Соғыстан кейін, Алла қарапайым асханаға ыдыс жуушы болып жұмысқа тұрады. Бір күні Елшін, сырқаттанып қалған құрбысының орнына сән үйінің кастингіне барады. Сол жерде Алланы Кристиан Диордың өзі байқап қалып, Диор сән үйіне жұмысқа шақырады.

Алла Қуантқанқызы азияттық түр-әлпеті, көзінің қиығы, 47 сантиметрлік қыпша белі, оны өзге модельдерден айрықша етті. Ол еуразиялық тұңғыш модель болды. Кейін сұлу бойжеткен «Диордың музасына» айналды. Диор сән үйіндегі жиырма жылдық қызметінен соң, Алла Кристианның шәкірті Ив Сен Лоранның сән үйінде он жыл уақыт жұмыс істейді. Бір модельдің осыншама уақыт өзектілігін жоғалтпауы сирек кездеседі.

Зейнет жасына жеткен Алла Елшін мансап қуудан бас тартты. Жанкүйерлерінің көзінде мәңгі жас бейнесінде қалуды қалаған ол, өзін суретке түсіруге рұқсат бермеген еді. Алла бойында қазақтың қаны бар екендігін тек ғұмырының соңын да айтқан болатын. Диордың музасы болған – Алла Елшін 1989 жылы 8 наурызда 63 жасында көз жұмды.

Алла Елшін туралы бүгінге дейін бірнеше көркем фильм, арнайы кештер мен кітаптар басылып шығарылды. Тыңғылықты зерттеу мен айқын дәйек-деректің арқасында Берлин Иришев Мәскеуден және Парижден «Диордың музасы» атты кітабын шығарды.

Айсара МЕЙРАМБЕКОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!