Фото: m-gen.ru
Жай түсу – қатты нөсер кезінде шатыр-шұтыр етіп, күн күркіреп, жер бетіндегі бір затты, нәрсені найзағай ұшқынының соғуы. Найзағай – бұл оң және теріс зарядталған бұлттар кездескенде пайда болатын алып электрлік ұшқынды разряд. Найзағай жарқылы үлкен разрядты токпен тең. Найзағай түскенде тал, ғимарат жанып кетуі мүмкін. Найзағайдың адамға түсуі өлімге дейін алып келеді.
Аса қауіпті, қорқынышты нәрселерді халық әртүрлі атпен атау дәстүрімен байланысты жай түсу, жасыл түсті, көк соқты деп те айтқан. Мұндағы жасыл түсті найзағай жарқылының (отының) жасыл болып көрінуімен, ал көк соқты «көк Тәңірінің оғы соқты» деген сөз тізбегіне байланысты айтылғаны аңғарылады. Байырғы таным бойынша халық ауадағы, бұлт ішіндегі айқыш-ұйқыш жарқылды найзағай деп, ал жайды оның оғы деп түсінген. Ал жай деген атау түпқазақ тілінде, көне түркі тілінде «оқ», «садақ» мағынасын білдірген екен.
Ғалымдардың зерттеулері бойынша орташа есеппен бір тәулікте 8 млн-дай найзағай жарқылдаса, жылына 300 млн- ға жуық күн күркірейді екен. Жер бетінде найзағайдың түсуінен бір жылда 3000-ға жуық адам өмірімен қош айтысады.
Бұрыннан келе жатқан халық түсінігінде жай (найзағайдың оғы) көбіне оқшау өскен ағашқа, атты адамға, әсіресе жылқы малына, биіктеу тұрған затқа түседі. Сондықтан жасы үлкен адамдар найзағай ойнаған қатты нөсерде ағаш түбін паналауға, ат үстінде жүруге, биіктеу жерде селтиіп тұруға болмайды деп сақтандырады.
Сонымен қоса электр зарядын жақсы өткізетін жерлерге, биік заттарға түседі. Сондықтан жауынды күндері биік ағаштың астына, ылғал жерлерге тығылуға болмайды. Егер көлікте болса, көлікті тоқтату керек, яғни қозғалыста болмауы керек. Электр құрылғыларын токтан ажыратып, ұялы телефонды өшіру керек.
Осындай найзағайдың жайнынан қорғану үшін жайтартқышты ең алғаш рет Америка заңының негізін қалаушы, саясаткер, ғалым Бенджамин Франклин ойлап тапты. Оның зерттеулерін көптеген ғалымдар қолдамады. Тек француз ғалымы Томас-Франсуа Далибар ғана Франклин ойлап тапқан құрылғыны құрастырды. Франклиннің ғылымдағы, саясаттағы, дипломатиядағы еңбегі ескеріліп, 1914 жылы Америка құрама штаттарының 100 долларлық купюрасына суреті басылып шығарылып келеді.
Жайтартқыш – найзағайдың соққысынан қорғайтын құрылғы, яғни найзағайды өзіне тартып алып, жерге жіберетін құрылғы. Ол үй-жайды, көліктерді, өндіріс орындары мен ауыл-шаруашылығындағы түрлі құрылыстарды және т.б. дүниелерді жай түсуден қорғайды.
Жайтартқыштың найзағайдан қорғай алатын аумағы болады. Неғұрлым биік болған сайын оның қорғау аумағы артады. Ол төбелік бұрышы 45° болатын конустың астын алады.
Кез келген жай түсуінен қорғайтын құрылғы мынадай негізгі бөліктерден тұрады:
- Жай қабылдағыш (яғни найзағайды тартып алушы);
- Токты өткізгіш, (бұл токты жерлендіргішке тасымалдаушы);
- Жерлендіргіш (бұл найзағайдың зарядын жерге сіңдіріп жіберуші).
Қазіргі кезде найзағайдан қорғану үшін көптеген биік ғимараттарда, өндіріс орындарында, зауыттарда және т.б. жерлерде жайтартқыштар орнатылған. Найзағайдың түсу қауіпінен қорғану үшін, биік орналасқан жеке тұрғын үйлерге де жайтартқыш орнатылса артық болмайды деп ойлаймын.
Нұрахмет НҰРЖАНҰЛЫ,
М.Шоқай атындағы
№187 ІТ мектеп-лицейінің
3 «Б» сынып оқушысы
Жетекшісі: Айгүл Қожарипова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!