Денсаулық жайлы сөз қозғалғанда, ең алдымен дәрігер, емхана, анализ, ота туралы айтылады. Яғни ойға тән саулығын аламыз. Ал сол тәнді тіреп тұрған, өмірге деген құлшынысты оятатын, адамды адам ететін жан саулығы көбіне назардан тыс қалады. Ал сіз білесіз бе? Егер адамның жаны жаралы болса, ол оның физикалық күйіне де оңдырмай соққы береді.
Психологиялық денсаулық дегеніміз тек жақсы көңіл күй емес. Бұл адамның ішкі тепе-теңдігі, эмоциясын түсінуі, күйзеліс пен қысымға қарсы тұра алуы, өзін және өзгені қабылдай білу қабілеті. Психология ғылымында мұны эмоционалдық тұрақтылық, стресс төзімділік, когнитивті икемділік деп атайды. Егер осы жүйе бұзылса, адам өмірдің ең қарапайым соққысына да қарсы тұра алмайды.
Бүгінгі адам бұрынғыдан әлдеқайда осал. Рас. Әлеуметтік желіде бірі бай, бірі бақытты, бірі табысты адам ретінде көрінгенімен, оның артында қандай күйзеліс, қандай жасырын жара жатқанын ешкім білмейді. Адам өзін өзгенің өңделген өмірімен салыстырады да, өзін кем сезінеді. Ал бұл құбылыс жасөспірімдер мен жастар үшін өте қауіпті. Себебі олардың тұлғалық болмысы әлі қалыптасу үстінде. Лүпіл арқылы өзін дәлелдеуге тырысқан ұрпақ пікірге тәуелді болып, өзін «лайксыз» өмір сүруге лайықсыз көреді.
Күйзеліс те емдеуді қажет етеді. Ал дер кезінде тиісті шара, ем жүргізілмесе, арты депрессияға ұласады. Өмірден түңілу, жалғыздық, өзіне деген жеккөрушілік пайда болады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлардың соңы кейде орны толмас қасіретке әкеліп жатады.
Бала – ақ парақ, баптамасақ датталмақ
Баланың психологиялық денсаулығы қоғамның болашағын айқындайды. Бала көргенін қайталайды, сезінгенін ішке жинайды. Үйдегі ұрыс, ата-ананың бір-біріне деген салқын қарым-қатынасы, баланың эмоциясын жоққа шығару оның ішкі әлемін жаралайды. «Жылама», «еркелеме», «ұят болады» деген сөздер баланың сезімін тұншықтырады. Осындай қысыммен өскен бала сол бір шектеулердің кесірінен өзі ойламаған әрекетке жол беруі мүмкін.
Мектептегі буллинг, мұғалімнің қысымы, үздік болуға мәжбүрлеу де баланың өзін бағалауына әсер етеді. Өзін бағаламай өскен бала ертең өз құндылығын дәлелдеу үшін қауіпті жолға түсуі мүмкін. Сондықтан баланың психологиялық саулығы тек отбасының емес, мектеп пен қоғамның да ортақ жауапкершілігі.
Студенттік кезеңде де психологиялық қысым азаймайтынын ескерсек, ересек өмірде бұл жүк еселенетіні тағы бар. Жұмыс, отбасы, қоғам алдындағы міндеттер адамға өз-өзін ойлауға мүмкіндік бермейді.
– Күйзеліс адамның сыртқы ортаға бейімделу реакциясы ретінде қалыпты құбылыс саналады. Алайда ол ұзаққа созылса, эмоционалдық сарқылуға ұласады. Мұндай жағдайда ең алдымен адам өз жағдайын мойындауы қажет. Шаршадым, маған демалыс керек деп айту әлсіздік емес, керісінше саналы шешім. Сонымен қатар адам өзіне қуат беретін дүниелерді анықтауы маңызды. Табиғат аясында серуендеу, сүйікті іспен айналысу немесе спортпен шұғылдану ішкі ресурсты қалпына келтіреді. Тыныс алу жаттығулары мазасыздықты төмендетуге көмектеседі. Ал егер ұйқы мен тәбет екі аптадан астам уақыт бұзылып, бұрын қуаныш сыйлаған дүниелер қызықсыз көріне бастаса немесе өмірден түңілу ойлары мазаласа, психолог немесе психотерапевттің көмегіне жүгіну қажет, – дейді психолог маман Нұргүл Жалелатдинова.
Жауыздық қайдан пайда болады?
Қатыгездікке барған, қылмыс жасаған адамдарды бірден жауыз деп бағалаймыз. Бірақ психология ғылымы мұндай әрекеттердің түп тамырында көбіне терең психологиялық травманың бар екенін айтады. Балалық шақта көрген зорлық, эмоционалдық суықтық, ата ананың мейірімінің жетіспеуі, қорқыныш пен қысым адам психикасында жазылмас жара қалдырады. Бұл посттравмалық стресс бұзылысы, агрессияны бақылаудың әлсіреуі, эмпатияның төмендеуі сияқты белгілерге әкелуі мүмкін. Егер адам дер кезінде психологиялық көмек алмаса, зардабы да ауыр болады. Бірі өзін құртады, бірі өзгені жаралайды. Сондықтан қылмысты тек жазамен ғана тоқтату жеткіліксіз. Оның алдын алу үшін психологиялық себептерін де ашу қажет.
– Психология ғылымы бірнеше салаға бөлінеді. Соның бірі – қылмыскер психологиясын зерттейтін бағыт. Мен бұл бағытта зерттеу жұмысын жүргізбеймін, десе де өз пікірімді білдіре кетсем.
Қоғамдағы қатыгездіктің артуы кешенді әлеуметтік және психологиялық мәселе ретінде қарастырылады. Мұндай адамдарда эмпатияның төмендігі жиі байқалады. Бұл көбіне балалық шақтағы психологиялық жарақаттармен, девиантты мінез құлықпен немесе тұлғалық ауытқулармен байланыстырылады. Сонымен қатар агрессияның қалыпты құбылысқа айналуы, әлеуметтік теңсіздік пен жазасыздық сезімі адамның ішкі моральдық тежегішін әлсіретеді. Осыған байланысты қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруды мәселенің шешімі ретінде ұсынар едім, – дейді психолог.
Десе де қылмысты психологиялық ауытқу деп «жаба салудан» адамыз. Қылмыс ең алдымен саналы әрекет және ол үшін адам заң алдында жауап беруге тиіс. Егер әрбір қатыгездікті психикасы ауытқыған деген жалпылама түсінікпен ақтай берсек, онда қоғамда сары қағаздылар сойқан салары анық. Жаман айтпай жақсы жоқ, бірақ Құдай сақтасын.
Жан сау болса, қоғам да сау болатынын есте сақтайық, құрметті оқырман.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
