Жаңа жыл мерекесін Аяз ата мен Ақшақарсыз елестету мүмкін емес. Әсіресе оларды кішкентай балалар асыға күтіп, Аяз атамен кездесуге дайындалады. Мереке күні бүлдіршіндерге көңіл-күй сылайтын Аяз ата мен Ақшақарды қанша ақшаға шақыртуға болады? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро 31 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан алынды
Сержан Баймұратов пен Ақбөбек Жанәділова он жылға жуық уақыт Аяз ата мен Ақшақар кейпіне еніп балаларға қуаныш сыйлап келеді. Биыл да олар бүлдіршіндерге керемет көңіл-күй сыйлауға дайын.
«Он жылдан астам уақыт Ақшақардың кейіпкерін сомдаудамын. Ақшақар Аяз атаның немересі. Ертегілерден құралған. Өзіме ұнайды. Балаларға көңіл-күй сыйлау, балалардың риязсы көңілін көтеру, күлкісін көрудің өзі біздерге жасап жатқан жұмысымызға үлкен мотивация деп айтсақ болады. Бір уақытта өзің де бала болып кетесің, балалардың күлкісін көргенде, әдемі тақпақтарын естігенде, өзің де сол әлемде жүргендей боласың», – деді Ақбөбек Жанәәділова.
Сержан Баймұратов мереке қарсаңында тапсырыстар күрт көбейетінін жасырмайды. Әсіресе балабақша бүлдіршіндері мейірімді атаны ерекше күтетінін айтады. Ал Жаңа жыл жақындаған кезде балаларына қуаныш сыйлағысы келетін ата-аналар жиі хабарласады екен. Аяз ата кейпіне енетін жігіт дәл мереке күні 5-6 үйге баруды жоспарлап отыр.
«Балабақшада, осындай көшеде халықтың көңілін аулап жүрміз. Қазір көбі біледі Аяз ата емес екенімізді. Сонда да біз балалардың көңілін аулап, тақпақтарын тыңдап, сыйлығын беріп, көңілдерін көтеру мақсатымыз Жаңа жыл жақындағаннан бастап көп үйлерде ата-аналар балаларының көңіл-күйлерін көтеру үшін сыйлықтарын дайындап қояды. Сол жерге барып құттықтау айтамыз. Негізі бір Аяз атаның құттықтауы 20 мыңнан басталады. Отбасымен баратын болса 30-40 мың болады», – деді аяз ата Сержан Баймұратов.
Он жылға жуық уақыт кішкентайларға қуаныш сыйлап жүрген жандар Аяз ата мен Ақшақардың рөлін сомдау үлкен жауапкершілік екенін айтады. Себебі, балаларды сендіріп, көңілін аулау оңай шаруа емес.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!