Жаз мезгілінде ағзаның сұйықтыққа деген қажеттілігі артады. Бұған ыстық ауа райы, тершеңдік, физикалық белсенділік пен бөлмедегі салқындатқыш әсерінен болатын құрғақ ауа себеп болады. Нутрициологтар осы мезгілде суды дұрыс тұтыну туралы кеңес берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Аlmaty.tv-ге сілтеме жасап.
Неліктен су ішіп жүрудің маңызы зор?
Мамандардың айтуынша, адам денесінен термен бірге су ғана емес, ағзаға аса қажет электролиттерді – натрий, калий және магний де шығып кетеді. Бұл әлсіздікке, бас ауруына, зейіннің төмендеуіне, тіпті естен тануға әкеп соғуы мүмкін.
«Көпшілік айтып жүрген “күніне 2 литр су ішу керек” деген қатып қалған норма жоқ. Судың қажетті мөлшері адамның салмағына, күннің ыстығына, ылғалға, физикалық белсенділікке және тамақтану тәртібіне байланысты», — дейді нутрициолог, биохимик әрі тамақтану бұзылыстары бойынша психолог Анна Дивинская.
Мысалы, егер ас мәзірінде көкөніс пен жеміс-жидек көп болса, ағзаға қажетті сұйықтықтың бір бөлігі осы тағамдардан да түседі. Алайда ауа райы ыстық болса, ал адам күннің астында көп жүретін болса, екі литр судың өзі жеткіліксіз болуы мүмкін.
Жазда қанша су ішу керек?
Сарапшының айтуынша, орташа есеппен тәулігіне әр келі салмаққа 30-40 мл су ішу ұсынылады. Мысалы, салмағы 60 келі адамға күніне 1,8-2,4 литр сұйықтық қажет. Оның кемінде 60-70 пайызы таза су болуы тиіс. Қалғаны сорпа, шай немесе басқа да сусындар арқылы толығады.
Күн астында ұзақ жүру немесе жаттығу жасау кезінде су мөлшерін арттыру қажет. Адам денесіндегі судың небәрі 2% жоғалуының өзі ойлау қабілеті мен физикалық күшке кері әсер етеді.
Су жетіспейтінін қалай білуге болады?
- Несеп түсінің қоюланып, иісінің күшеюі;
- Терінің және ауыз қуысының кебуі;
- Бас ауруы, шаршау;
- Зейін қоюдың қиындауы;
- Дәрет шығарудың сиреуі (күніне 4-5 реттен кем).
Суды қалай дұрыс ішу керек?
«Судың мөлшері ғана емес, ішу жиілігі де маңызды. Суды бірден көп мөлшерде емес, күні бойы біртіндеп, аз-аздан ішіңіз. Егер 45 минуттан ұзақ уақыт бойы жаттығумен айналыссаңыз, электролиттермен байытылған су – изотониктерді ішкен жөн», – дейді Дивинская.
Сондай-ақ ол электролитсіз суды шамадан тыс көп ішуден, әсіресе спортпен айналысатын адамдар үшін сақ болуды ескертеді. Бұл гипонатриемияға, яғни қандағы натрий деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Жазда қандай сусын ішкен жөн?
Маман таза суды таңдауға кеңес береді. Дәм беру үшін оған лимон, қияр, имбирь, жидек немесе цитрусты жемістер қосуға болады. Қатты терлеген кезде электролиттерге бай минералды су пайдалы. Қантсыз шөп тұнбалары да жарайды.
«Шөліңізді газдалған сусындармен, энергетиктермен немесе тәтті шырындармен баспаңыз. Олар ағзаға артық жүктеме болып, шөлді күшейтіп жіберуі мүмкін. Жазда өз ағзаңызды сезініп, шөл сезімі мен несеп түсіне мән беріңіз. Су тепе-теңдігі сақталған жағдайда көңіл күй де жақсарады, ойлау қабілеті артады, дене қызуы тиімді түрде реттеледі. Бұл – ыстық маусымдағы денсаулық кепілі», – деп түйіндейді маман.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!