Әдетте, адамдар таңдаған жүзігін қай саусаққа тағу дұрыс екенінің байыбына бара бермейді. Шын мәнінде, жүзіктің өз егесіне тигізер әсері өте көп екен. Мұнда бұйымның сапасына ғана емес, қай саусаққа тағып жүретіндігі де маңызды рөл атқарады. Тағып жүрген жүзігіне қарап адамның мінезін, ойын оңай білуге болады. Сондай-ақ тағылған жүзік адамның мінезін өзгертіп, қиындықтан шығуына жәрдемші де бола алады деседі.
Бас бармақтағы жүзік – бұл «жүзіктің әміршісі» өте қызғаншақ, бірбеткей, тың идеяларға бай болып келеді. Олар топтан дараланып, көшбасшы болуға талыпынып жүреді. Сондай-ақ өз айналасындағылармен тіл табысуға көп көңіл бөледі.
Психолог мамандар эмоциональды және энергияға бай жандарға бас бармаққа жүзік салуға кеңес береді. Өйткені бас бармаққа тағылған жүзік ойлау қабілетінің дамуына ықпал етеді екен.
Сұқ саусақтағы жүзік – аты айтып тұрғандай, оның қызметі – жол көрсетіп, өз әмірін жүргізу, ой мен әрекетті бағыттау, бұйрық беру. Әдетте, сақинасын бұл саусаққа салып жүретін адамдар еркіндіксүйгіш, тәуелсіз және өзіне тым жоғары баға беретіндер болып келеді. Егер жүзік сұқ саусаққа жиі тағылатын болса, адам өзімшіл және тәкаппар болып кетуі әбден мүмкін.
Жүзікті сұқ саусаққа жасқаншақ, ұялшақ және табиғатынан шегіншек, ортамен тіл табысуға қиналатын адамдарға тағуға кеңес беріледі. Өйткені сұқ саусақтағы жүзік өзіне деген сенімділік тудыруға, көшбасшылық қасиеттерді ұялатып, мақсат қоя білуге және өзіне баға бере білуге үйретеді.
Ортаңғы саусаққа тағылған жүзік иесі адамгершілік құндылықтарды біледі және жоғары бағалайды. «Адалдық» деген ұғымды асқақ тұтады. Айналасындағыларға «ұстаз» болуға жарайды. Ал кейде аталған саусаққа сақина салып жүргенді ұнататындар тұйық және жалғыздыққа құмар болып келеді.
Өмірде қиындыққа жолығып, сәтсіздікпен жолдас болып жүргендерге, тұрақтылық пен ақыл жетіспей, сарсаңға түсіп жүргендерге жүзікті ортаңғы саусаққа тағуға кеңес беріледі.
Аты жоқ саусаққа адамдар неке жүзігін ғана тақпайды. Тұрмыс құрып, шаңырақ көтермесе де аты жоқ саусаққа жүзік тағатын адамдардың жан дүниесі романтикаға бай һәм нәзік болып келеді. Олар ерекше әрі қайталанбас дүниеге, салтанатқа, сезімге құштар адамдар. Көбіне аты жоқ саусаққа сақинаны шығармашылық адамдары салып жүреді екен.
Мамандар ішкі жылулықты күшейтуге талпынып, сәттілікпен жолдас болуды армандайтындарға, өз дарынын мойындатып, шығармашылықтың биігіне шыққысы келетіндерге тағуға кеңес береді.
Шынашақтағы жүзік – бұл адамның актер, суретші, жазушы немесе дизайнер болуы әбден мүмкін. Ал кейде оның құмар ойындарды ұнатушы, жанкешті немесе әйелқұмар жігіт болуы да ықтимал. Өйткені жүзікті шынашаққа қарапайым адамдар сала бермейді. Қалай болғанда да, олар көпшіл, тез тіл табысқыш болып келеді.
Адамдарды түсінуден мақұрым қалған және іскерлік қатынастарды орнатуда жолы болмай жүргендерге шынашақтарына сақина салып жүруге кеңес беріледі.
А.МАРАТҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!