Әлеуметтік желіде трендке айналған дүние көп. Өткен жылдары шоколадтағы құлпынай танымал болды десек, биыл Дубай шоколады көш басында. Ал жақында «Shine muscat» жүзімі халық арасында кеңінен тарай бастады. Елді елең еткізген жеміс жайында бүгінгі мақаламызда тарқатамыз.
«Shine muscat» немесе «кәріс жүзімі» аталған бұл өнім елімізде аз уақыт ішінде танылды. «Julietasmr» есімді Tiktok желісін қолданушы жүктеген бейнеролик көп қаралым жинады. Онда блогер қыз кәріс жүзімін қытырлата жеп, жүзімнің үлкендігін айтты. Бейне 47 мың репост пен екі мыңнан астам пікір жинады. Желіде жүзімді сатып алып, пікірмен бөлісуші көп. Жалпы алғанда жүзімнің 8 мыңнан астам түрі бар. Ал тақырыбымызға мұрындық болған «Shine muscat» жүзімі құрамында сүйектің болмауымен, сондай-ақ көлемінің үлкендігімен ерекшеленді. Көптеген блогер жемістің дәмін татқан қысқа бейнероликтерді түрлі платформаларға жүктеп, ол көп қаралым жинады. Бірі «сөзсіз дәмді» десе, енді бірі қарапайым жүзімнен айырмашылығы жоқ екенін жеткізді.
Иә, 1 келі қарапайым жүзімнің құны әрі кетсе 500-600 теңгеден аспайды. Алайда аталған кәріс жүзімінің 1 келісі 4-5 мыңнан бастау алады деседі. Баға әр жерде әртүрлі, бірақ жоғары. Күні кеше дубайлық шоколадтың бір данасын 15 мыңдап сатып алып жатқан ел тұрғындары бұл тұрғыда қаржылық сауаттылықты ысырып тастаған секілді. Себебі бағасына қарамастан қымбат өнімді «елден қалмайық» деген пікірмен жаппай сатып алуда. Осы тұрғыда Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев былай деп пікір білдірді.
– Көрсеқызар халықпыз… Немесе маркетинг құрбанымыз! «Дубай шоколады» деген шығып еді, енді кезек «кәріс жүзімінде». Instagram-ға кіріп қалсаң болды, қытырлатып жеп отырғандар қатары көбейді. Соны жалпақ жұртқа жарияламай-ақ жеуге болады ғой… Кішкентай «Дубай шоколадының» бағасы 15-20 мың теңге болып еді, енді мына жүзімнің кішкене бір бөлігі 5-10 мың теңге деседі. Халық «ақша жоқ-жоқ» дейді де, бұл өнімді де бағасына қарамай талап алып жатыр. Оның құрамында не бар, несі пайдалы, қандай зияны бар, ол жағына басымызды ауыртқымыз да келмейді. Бастысы жұрттан қалмау керек. Алла біледі, мұны да 12/24 айға бөліп төлейтіндер шықса таң қалмаймын. Ақшаңыз артылып жатса, ала беріңіз, қарсылығым жоқ. Бірақ елден, трендтен қалмайын деген ой – әбестік. Оданда мына қоңыр салқын күзде ет жеп, сорпа ішіңіздер. Міне, нағыз пайдалы тағам, – дейді ол.
Әрине, таңдау өзіңізде, алайда сақ болған жөн. Себебі жүзімнің құрамына да қатысты нақты ақпарат жоқ. Бірі бұл жүзімдердің будандастырылған түрі десе, енді бірі химиялық қоспалар арқылы өсіп шыққан жеміс дейді. Тайландтық тұтынушылар кеңесі бұл жүзімді зиян деп мәлімдеді. Себебі кәріс жүзімінің 22 сынамасынан 14 түрлі химиялық залалды қоспаны анықтап, онымен қатар өнімнен 50 пестицид қалдықтары табылған. Адам ағзасына атап өткен химикаттар мен бактериялар түсетін болса, денсаулыққа нұқсан келуі мүмкін. Тіпті кейбір әлеуметтік желі қолданушылары аталған өнімді тұтынғаннан кейін аллергиялық реакция бергенін жеткізді.
Кәріс жүзімі дегенімізбен, негізі Жапония елінде пайда болған. Бірақ экспортқа енгізген кәріс халқы болғандықтан, көпшілікке «кәріс жүзімі» деген атаумен танылып кетті. Ал танымал еткен Қытай халқы. Әлемде енді танымал болса да, деректерде бұл жүзім 1988 жылы Жапонияда Ұлттық жеміс ағаштары ғылымы институты (NIFTS) өткізген процесс нәтижесінде, яғни басқа сорттармен қосу арқылы алынған деп көрсетіледі. Ал 2006 жылы Жапонияның өсімдік сорттары мен тұқымдары туралы Заңына сәйкес ресми түрде тіркелген.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!