2025 жылы қазақша жыл санау бойынша «жылан жылы» кіреді. Жылан жылы елеулі оқиғалар мен маңызды өзгерістер алып келген кезең ретінде ел жадында сақталып қалған. Бұл жыл шығыс мәдениетінде жұмбақтық, даналық, сабырлылықтың символы саналады. Жыланның бейнесі көптеген халық үшін қасиетті, тіпті киелі жануар ретінде қарастырылады.

Шығыс күнтізбесінде жылан алтыншы орынға жайғасқан. Бұл жылы орын алған оқиғалар мен дүниеге келген адамдар көбінесе терең ойларымен, сабырлы әрекеттерімен және жоспарлы қадамдарымен ерекшеленеді. Жыланның сипаты оның тыныш, бірақ қауіпті бола алатынын көрсетеді.

Жылан жылы жайлы ой саралап, өткен жылдарға назар салсақ нәубеті мол кезеңдерден көз сүрінеді. Мәселен, 1917 жылғы қазан революциясы, 1929 жылғы қазақ даласын жайлаған ашаршылық, 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысынан аттап өте алмаймыз.

1917 ЖЫЛ: РЕВОЛЮЦИЯЛАР МЕН ӨЗГЕРІСТЕР ДӘУІРІ

1917 жылы Жылан жылы тарихта терең із қалдырды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы, Ресейдегі Ақпан мен Қазан революциясы секілді оқиғалар сол кездегі әлемдік тәртіпті түбегейлі өзгертті. Адамзаттың жаңа болашаққа ұмтылысы мен өзгерістерге дайын болуы Жыланның символикасымен тығыз байланысқан. Дәл осы тұста, яки 1917 жылы 9 наурызда «Семей облыстық атқару комитетінің» уездік атқару комитеттері Зайсанда, Көкпектіде уақытша үкіметтің ұйымдастырылғаны туралы хабарланып, басқа қалаларда, оның ішінде Орал, Верный, Ақмола, Семей, Әулиеатада алғашқы қырғыз-қазақ және мұсылман комитеттері құрыла бастады. Бұл бастаманың ұйымдастырушысы Ә.Бөкейханов бастаған қазақ интеллегенциясыныңбір топ өкілі болатын. Алаш Орда – Алаш автономиясының үкіметі 1917 жылы желтоқсан айының 5-13 күндері Орынборда өткен II жалпықазақ съезінде сайланды.

Сондай-ақ аталған жылы Қазақстанның барлық өңірінде жалпы халық саны мен қазақтар саны жеке-жеке берілген. Сонымен қатар қай облыста неше пайыз қазақ бар екені де жазылған.

Тізімде көрсетілгендей, Ақмолада 36,6% қазақ болса, Бөкейде 100% қазақ деп көрсетілген.
Семей – 845 756 / 73%,
Ақмола – 582 306 / 36.6%,
Торғай – 573 655 / 58.7%,
Орал, Маңғшлақ – 656 579 / 56.9%,
Жетісу – 857 982 / 65.6%,
Сырдария – 1 272 290 / 62.3%,
Әмудария – 238 913,
Ферғана – 418 328 / 19.1%,
Самарқанд – 116 841 / 10.2%,
Бөкей – 307 284 / 100%.

Жалпы қазақ саны 5 869 934-ті құраған.

1929 ЖЫЛ: ШАРУАЛАР КӨТЕРІЛІСІ

Экономикалық тұрғыдан ауыр кезең болған 1929 жыл дүниежүзілік Ұлы депрессияның басталуымен есте қалды. Экономикалық тұрақсыздық пен жұмыссыздықтың артуы бірнеше елдің саясаты мен экономикасына соққы болып тиді.

Қазақстандағы өкімет орындарының «жаппай отырықшыландыру» саясатына деген наразылық 1929 жылғы шаруалар көтерілісінде көрініс тапты. Жаппай бой көрсету тұрғындардың ұжымдастыру саясатына қарсы жауабы болатын. Көтерілісшілер Кеңес және партия мекемелерін талқандап, құжаттарды өртеді. Алайда көтерілісшілердің нашар қарулануы мен олардың ұйымдаспағаны 1931 жылы көтерілістің толықтай жеңіліске ұшырауына әкеліп соқты. Осы 1929-1931 жылдар аралығындағы небәрі үш жыл ішінде Қазақстан өңірлерінде 372 көтеріліс өткен деген деректер бар.

Сонымен қатар 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес комитеті ІV сессиясының қаулысы бойынша қазақ жазуы латын графикасына көшірілді.

1941 ЖЫЛ: СОҒЫСТЫҢ ӨРШУІ

1941 жылдың 22 маусымы – ел жадында Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен сақталып қалды. Жыланның терең ойлы, аналитикалық табиғатын суреттегендей, бұл жыл соғыстың зардабы мен стратегиялық шешімдерге толы болды. Себебі фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі Кеңес – Герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса көктеп кірді.

1941 жылдың шілде айында бірінші болып 316-шы атқыштар дивизиясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар Қазақстанда автоматшы, пулеметші, мерген, граната лақтырушы, байланысшы, радиошы, телефонист және басқа да әскери мамандықтар бойынша 134 083 адам даярланды.

Соғыстың алғашқы жылдары Қазақстанға батыс аудандардан эвакуацияланған 532,2 мың адам баспана мен жұмыс тапты, сонымен бірге 50 мың маманданған жұмысшы, инженер-техник қызметкер және 970 мыңдай күштеп көшірілген поляк пен немістер ауылдар мен селоларға орналастырылды. Тамыз айында 316-атқыштар дивизиясы майданға аттанды.

17 қарашада Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің қаулысы бойынша 316-атқыштар дивизиясы жаппай ерлік көрсеткені үшін 8-гвардиялық дивизиясы деп аталды. Дивизия «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ауыр соғыста генерал И.В.Панфилов қаза тауып, дивизияшылар «Панфиловшылар» деп аталып кетті. Ал 6 желтоқсанда Алматы аэроклубынан 662 авиациялық полк майданға аттанды.

1953 ЖЫЛ: ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛУ КЕЗЕҢІ

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі 1953 жыл әлемдегі қайта құрылымдар мен экономикалық жаңғыру кезеңі ретінде маңызды болды. Жылан жылы ғылым мен өнеркәсіптің қарқынды дамуына жол ашты.

1953 жылы 5 наурызда Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Иосиф Виссарионович дүние салды. 6 наурызда КПСС орталық комитеті мен СССР министрлер кабинеті Сталиннің қайтыс болуына орай бүкіл елде төрт күндік қаралы рәсім жариялады. Спектакль, кино, концерттер және өзге де ойын-сауық шаралары тоқтатылды. Медицина академигі Александр Мясников естеліктерінде «Радиодан үш-төрт күн бойы қаралы музыка ғана берді. Шопен, Бетховен, Чайковский, Бах, Моцарттың әсем әуендері ойнап тұрды» деп жазады.

Сонымен қатар аталған жылы алғаш рет түрлі-түсті теледидар дайындалып, қолданысқа ене бастады.

1953 жылы Оңтүстік Шығыс Азияда алапат құйын мыңдаған адамның өмірін қиған болатын. Дауылды тарнадо мамыр айында Мексика, маусым айында Мичиган халқына ауыр зардабын тигізді.

Сондай-ақ, сол жылдың 27 шілдесінде Корей соғысы бітімгершілік келісіміне қол қоюмен аяқталды.

1965 ЖЫЛ: ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЗҒАЛЫСТАРДЫҢ ӨРКЕНДЕУІ

1965 жылы азаматтық құқықтар үшін күрес, әйелдер қозғалысы мен әлеуметтік әділеттілік мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Бұл кезеңде әлемде мәдени, ғылыми және саяси жаңғыру бастау алды. Вильсон Роберд Вудров, А.Пензиаспен бірге тәжірибе жүзінде Ғаламдық реликті фонды радиосәулені ашты.

1965 жылы наурызда КОКП ОК пленумы өткен соң, елдің ауылшаруашылығы даму тарихындағы маңызды кезең басталды. Пленарлық отырыста халық шаруашылығының өмірлік маңызды саласының жағдайы талқыланды, колхоздар мен совхоздардың, жергілікті партиялық, кеңестік және ауылшаруашылық органдарының қызметіндегі кемшіліктерге терең талдау жасалды.

1977 ЖЫЛ: КСРО-ДАҒЫ ӨЗГЕРІС

1977 жылы ақпараттық технологиялар саласында алғашқы қадамдар жасалып, кино, музыка мен өнердегі жаңа бағыттар пайда болды. Бұл жылғылым мен мәдениеттің бірлесе дамуын айшықтады.

1977 жылы Кеңес Одағы тарихында екі айтулы оқиға орын алды. Бірі – КСРО мемлекетінің бастауында тұрған Қазан төңкерісінің 60 жылдық мерейтойы, ал, екіншіден, 7 қазанда елде жаңа Конституция қабылданған еді. Конституцияға сәйкес, КСРО біртұтас одақ, көпұлтты және социалистік мемлекет болып жарияланды. Сондықтан да бұл жылғы әр табысты қадам, жетістік бір емес бірнеше елдің тарихында ерекше маңызды саналды.

1989 ЖЫЛ: ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР

1989 жыл әлемдік саяси сахнадағы ірі өзгерістердің символы болды. Шығыс Еуропадағы коммунистік жүйелердің ыдырауы, Берлин қабырғасының құлауы және Кеңес Одағының ыдырауы – осы Жылан жылының тарихи оқиғалары.

Оның қатарында Жаңаөзен оқиғасы да бар. Кикілжіңнің туындауына жергілікті аймақта жұмыс істеп жүрген өзге ұлт өкілдерінің қазақ дәстүрімен санаспауы һәм дөрекілік танытуы себеп болған. Кавказ ұлт өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды қаладан эвакуациялап, комменданттық сағат енгізілді. Бұл уақытта Жаңаөзен оқиғасының жаңғырығы Құлсары, Шетпе, Жетібай, Маңғыстау, Ералы жұмысшы кенттері мен Ақтау қаласына да таралды.

Үкімет халықты сабырға шақыру мақсатында Алматыдан белгілі қаламгерлер мен ғалымдарды шақырды. Олар аймақтарды аралап, жағдайды тұрақтандыруға атсалысты. Нәтижесінде, елдің талабымен өзге ұлт өкілдері өз еліне қайтарылып, халық тынышталып, жағдай реттеле бастады.

2001 ЖЫЛ: ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ

11 қыркүйектегі АҚШ-тағы террорлық шабуылдар 2001 жылдың маңызды оқиғаларының бірі болды. Бұл жағдай халықаралық қауіпсіздік мәселелерін өзекті етіп, терроризмге қарсы күресті күшейтті, әрі бірнеше елдің саясатына сабақ боларлықтай жаңа кезең қалыптастырды.

Сондай-ақ, 6-7 қыркүйекте Ақтау қаласында Қазақстан жастарының конгресі өтті. Елде «Қазақстан жастары» бағдарламасы іске қосылып, аталған бастама жастардың қоғамдағы орнын нығайтуға бағытталды.

Осы жылы Жапония үкіметінің қолдауымен Ертіс өзеніне салынған аспалы көпірдің құрылысы аяқталды. Бұл жобаға 157 миллион доллар несие бөлінді. Салтанатты ашылу рәсімі 2000 жылы өтсе де, көпірдің толықтай пайдалануға берілуі

2001 жылы жүзеге асты. 2001 жылы Каспий құбыр консорциумының құбыры іске қосылып, мұнай тасымалдау жылына 28 миллион тоннаға жетті. Бұл Қазақстанның мұнай өнеркәсібі үшін үлкен серпін болғаны анық.

2013 ЖЫЛ: ҚИЫНДЫҚТАР МЕН РЕФОРМАЛАР

2013 жыл Жылан жылында саяси және табиғи апаттармен есте қалды. Әлемдік оқиғалар тізбегіне назар аударсақ, бұл жылы Рим папасы Бенедикт XVI отставкаға кетіп, оның орнына Франциск сайланды. Сондай-ақ торнадо, цунами және жер сілкіністері әлемнің әр түкпірінде адамзатқа ауыртпалық әкелді.

Ал Қазақстанда 2013 жылдың қаңтар айында SCAT әуе компаниясының ұшағы Алматы маңында апатқа ұшырап, 21 адамның өмірін қиған болатын. Орын алған оқиға елдің еңсесін түсіріп, есеңгіретіп кетті.

2013 жылдың мамырында әйелдердің зейнет жасын біртіндеп арттыруды қарастыратын заң қабылданды. Сонымен қатар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылып, оның жұмысы 22 тамызда басталды.

Тамыз айында елде жергілікті билік органдары бас шыларының алғашқы сай лауы өтті. Бұл сайлауға 7 мыңға жуық кандидат қатысып, 2 454 адам басшылыққа сайланды.

Жоғарыда аталған оқиғалардың барлығы да Қазақстанның тарихындағы маңызды сәттердің көрінісі және елдің даму жолындағы кешкен қатерлері мен жетістіктерінің айқын дәлелі.

Қорытынды. 2025 жыл Жылан жылы адамзат үшін жаңа технологиялық мүмкіндіктер мен саяси реформалар кезеңі болуы ықтимал. Бұл жыл әлемдік және ұлттық деңгейдегі маңызды оқиғаларға толы болуы мүмкін. Нумерологтардың болжамдарына сүйенсек, Қазақстан мен дүниежүзі халқын ірі өзгерістер мен әлеуметтік дамудың жаңа кезеңі күтіп тұр. Бұл жыл адамзаттың жаңа белестерге жетіп, өзінің рухани және материалдық мүмкіндіктерін ашатын кезең болмақ.

Жылан жылы туған адамдардың ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, психологтардың пайымынша жылан жылы туғандар терең ойлы, интуитивті, сабырлы әрі зерек болып келеді. Олар өз эмоцияларын жиі іште ұстайды және қиын шешімдер қабылдауға бейім. Әрқашан өз әрекеттерін жоспарлай отырып, ұзақ мерзімді мақсаттарға ұмтылады.

Қазақ халқында жылан жайлы көптеген аңыз бен мақал-мәтел бар. Жылан көбінесе пайымдылық пен өміршеңдікті бейнелейді. Алайда оны сақтықпен қабылдау керек деп санайды. Жылан жылы көбінесе адамдардың өздерін қайта бағалауға, сабыр сақтауға, жаңа мүмкіндіктерді байыппен пайдалануға шақырады. Бұл жылда тез шешім қабылдау емес, терең ойлану маңызды рөл атқарады.

Жылан жылы – даналық пен сабырдың жылы. Бұл жылда өз мақсаттарыңызға жету үшін жоспарлы түрде әрекет етіңіз, басқалармен өзара сыйластық сақтаңыз және ішкі интуицияңызға сеніңіз. Бұл жыл сізге үлкен мүмкіндіктер мен терең түсініктер әкелуі мүмкін.

Қытай жылнамасында «отты жылан» һәм «су жыланы» деген ұғым бар. Бірі азап пен ауыртпашылығы мол өзгерістер болса, енді бірі жылдың жайлылығы сенімінен туындаған. Қазақ халқы үйіне кірген жыланды басына ақ құйып шығаратынын ескере отырып, есіктен енгелі тұрған жаңа жылды да жақсылыққа жорығанымыз абзал!

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!