Өткен жылға өкпе артпай, келер жылға үмітпен қарайтын жандар үшін бұл мерекенің маңызы зор. Жайылған ақ дастархан басында тілек айтып, отбасымен уақыт өткізу тамаша. Дегенмен халыққа қалтқысыз қызмет ететін мамандарға мұндай сәт бұйыра бермейді. Тәртіп пен талапқа бағынып, мереке таяғанда кезекшілікте болады. Сөйте тұра олар «қап» деп күрсінбейтінін жеткізді.
Жолаушылар рейске Аяз ата бас киімімен келеді
Гүлжанат Жалғасбекқызы,
FlyArystan компаниясының бортсерігі:
– Жаңа жылды соңғы үш жылда отбасымнан бөлек қарсы алып жүрмін. Әр жылы 31 желтоқсан жұмыс күніме түседі. Әрине отбасылық мерекені жақыныммен атап өтуді қалар едім. Бірақ жұмыста да қызықты өтеді. Әркім өз үйінен тәтті әкеліп, бірге шай ішіп, әріптестермен жаңа жылдық кешті тойлаймыз. Әр жылы әуе бортында жаңа жылдық әуендер қойылады. Бұл біздің ғана емес, жолаушылардың да көңілін көтеріп, әсер сыйлайды. Былтыр жолаушылар рейске әдемі дайындалып келген болатын. Жаңа жылдық бас киім мен әшекейін тағып келді. Олардың жүзіндегі қуаныш пен күлкі мерекенің мерейін айшықтай түседі. Бастысы, жолаушылар ыстық ықыласын білдіріп, жайлы сапарына алғыс айтады.
Мерекеде еңбекақы екі есе төленеді
Еркебұлан Әлібекұлы,
Әулие-ата халықаралық әуежайының авиадиспетчері:
– Авиацияда бес жыл қызмет атқарсам, екі рет жаңа жылды жұмыста қарсы алдым. Бұл жолы тағы да солай. Бала шағымызда жаңа жылды асыға күткеніміз рас. Түрлі сыйлық алып, тәтті жеп, Президент құттықтауынан кейін от шашу тамашалайтынбыз. Отбасымен бірге «Один дома» фильмін көру де ғажайып мерекені сезіндіретін. Мереке мезетіндегі қызықты сәттер жадымда. Қазір өзіміз ата-ана атандық. Есейдік. Содан болар, мерекені тағатсыз тосу да тыйылған тәрізді.
Жаңа жылда жұмыста болатыным мені қынжылтпайды. Өйткені отбасымдағы жауапкершілікті, қызметтік міндетімді мүлтіксіз орындауға мүмкіндік. 31 желтоқсанда күндіз немесе 1 және 2 қаңтар күні отбасыма уақыт арнап, мерекені бірге тойлаймыз. Ал кешке жұмыста боламын. Негізі мереке күнінде еңбекақы да екі есе төленеді.
Жаңа жылда жұмыста ерекше атмосфераны аңғарамыз. Туған-туысына немесе саяхатқа асыққан көпшілік мерекелік көңіл-күймен жүреді. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, діттеген жеріне аман-есен жетуін қадағалаймыз. Яғни әуедегі ұшақты жерден басқарып отырамыз. Тіпті қаладағы от шашу да бізге айқын көрінеді. Сондай-ақ тосын жайттың да куәгері боламыз. Мәселен, ұшақ Тараздан Астана бағытына жүріп, кенеттен ұшқыш кері қайтатынын хабарлады. Аң-таң болдық. Сөйтсек бір жолаушы ішімдік ішіп, ережені ескермепті. Осылайша оны Таразда қалдырып, Астанаға қайта ұшуына тура келді. Яғни өзге жолаушылардың амандығы мен жайлы жетуін назарда ұстаймыз.
00:00-де мерекені науқастың үйінде қарсы аламыз
Айнұр Әбдікәрімова,
№3 қалалық емхананың фельдшері:
– Медицина саласында қызмет атқарып жүргеніме он жылдан асты. Жаңа жыл қарсаңында үшінші рет түнгі ауысымға түсіп отырмын. Әрине отбасыңмен қарсы алып, бірге тойлау ерекше сезім. Бірақ «әттеген-ай» деген өкініш болған емес. Біз үшін халықтың денсаулығы бәрінен маңызды. Жүрек қалауымен түскен мамандық болғандықтан, жұмысты абыроймен атқару парыз. Тіпті 8 және 22 наурыз мерекесінде де кезекшілікте болғанмын. Аурудың мезгіл, мекен таңдамайтыны көпке аян. Сондықтан кез келген уақытта жедел-жәрдемге қоңырау түседі. Мұндайда мерекені ойлау да әбестік болар еді. Науқастың жағдайы оңалып, алғаусыз алғысын білдірсе мен үшін нағыз мереке сол. Негізі 31-і күні де көп қоңырау түседі. Осылайша жаңа жылды науқастың үйінде қарсы алатынымыз бар.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!