Коллаж: Зәуреш Смағұл/«ЕQ»
Тәуелсіздік – кез келген елдің өткені мен бүгіні һәм болашағының бейнесі. Ұзақ уақыт теңдік пен еркіндікті асыға күтіп, небір нәубетті артқа тастап, қилы замандарды бастан кешкен ұлт үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар… Егемендік еншісін алып, келешегіне көз тастаған ұлттың әрбір басқан қадамында жас буынның да қосқан үлесі аз емес. Өткенге көз тастасақ, 1991 жылдан бері келе жастарға тәуелсіздік тарту еткен тосынсыйлар аз болмады.
Ел еңсе тіктегелі жастарға берілген мүмкіндіктің алғашқысы – «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның қабылдануы. 2015 жылы қабылданған заңның аясында саяси бағыттың жоспары тізбектелді. Жүйелі жүрген жұмыстың нәтижесі бүгінгі күнге дейін елдің көз алдында. Тың жобалар, баянды бастамалар жас буынға түрлі мүмкіндік беріп, сан салаға серпін сыйлады.
Жастарға жасалған үлкен мүмкіндіктердің ұшар басында білім саласына берілген басымдық тұрғаны белгілі. Өйткені, өскелең ұрпаққа өзге елде білімін жетілдіруге жол ашылды, берілетін гранттардың саны артты. Соның нәтижесінде білімді һәм ой өрісі кең жастардың қатары көбейді.
Мемлекет кейінгі буын үшін қолайлы жағдай жасауда әлеуметтік мәселелердің шешім табуды да назардан тыс қалдырмады. Жастар саясаты саласында түрлі ұсыныстар көтеріліп, жобалар жан-жақты талқыланып, қолдау таба бастады. Шет ауылдарды көгалдандыру мен абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Кәсіп бастағысы келетін жастар үшін шағын несие беретін түрлі бағдарламалар ұсынылды.
Тәуелсіздік алған уақыттан бері жастарға жасалған мүмкіндіктер қатарында ең маңыздысы баспана жайы екенін ұмытпаған жөн. Өйткені әлі күнге дейін өзектілігін жоғалпаған бұл мәселе бүгінгі күннің өзінде оң шешімін тауып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында көптеген жастарға баспаналы болу бақыты бұйырды. Яғни, бағдарламалардың игілігін көрген жастар аз болмады.
Жастар бұрыс бағытқа, басқа арнаға түсіп кетпес үшін олардың уақытты тиімді пайдалануын үйлестіру маңызды мәселе. Яғни салауатты өмір салтын ұстанатын қоғамға бейімдеу басты басымдықтардың бірі. Бұл бағытта да атқарылған жұмыстар аз емес. Елдің түкпір-түкпіріндегі ауыл-аймақтарда жастарға арналған спорт нысандары көптеп ашылды. Одан бөлек өнерлі жастар үшін түрлі үйірмелер есігін ашты. Кітапханалар мен театрлар тұрақты жұмыс істеуде. Мұның барлығы жастардың көзін ашып, таным көкжиегін кеңейтуде, руханият пен мәдениетті қалыптастыруда үлкен рөл атқарды.
Тәуелсіздік – әрбір қазақ баласының қастерлі мерекесі. Бұл күн әрбір жас буынды өз ұлтының өткеніне көз тастап, болашағына байыппен қарауға шақырады. Бүгінде Қызылорда облысында тәуелсіздік тарту еткен тосынсыйларды тиімді пайданалып жүрген жас жетерлік. Білімді, іскер, көшбасшы, кәсіпкер жастардың барлығы сол мемлекет берген мүмкіндіктердің арқасында болашағының іргетасын қалауда.
Айтулы күнде «Ақмешіт жастары» газетінің ұжымы оқырмандарын Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтайды. Тыныштығымыз бен тұрақтылығымыз мәңгі, жастардың болашағы жарқын болғай! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын! Мереке құтты болсын!
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!