Дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында домбыраны ұшақта емін-еркін алып жүретін заң шығаруға ұсыныс жасады. Ол кейінгі жылдары ұлттық өнерде жүрген әншілердің аэропортта «абыройдан айырылып» жүргенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Домбыра күні деп ұлттық аспабымызды ұлықтасаңдар, салмағы 2-кг-дық домбырамызды Флайарстан, Қазақайр, Скаттың самолетіне еркін алып кіруге заң шығарсын!

Концерттен халықтың құрметіне бөленген жалғыз бақытты шағымызды қызғанғандай , халықтың қошаметінің быт-шытын шығаратын, аэропортта самолетке тіркейтін қыздар домбыра аспабымызды өткізбей, одан күзеттегілерді шақырып, аса қылмыскерді ұстап бергендей, елдің алдында абыройымызды шашып жатқанына біраз жыл болды. Самолеттен түсіп, домбырамыз аман ба деп, көңіл -күйімізді түсіріп үйімізге қайтатын болдық.

Бұл жайт — Қазақ музыка мәдениетін қорлау, Ұлттық руханиятымызды қорлау, Ұлттық аспабымызды қорлау, Ұлттық өнерді қорлау, Ұлттық өнерді ұстап жүрген қазақтың талантты өнер иелерін қорлау деп білемін. Біз халықтың ұлттық дәстүрлі өнерін келесі ұрпаққа жеткізуші осы замандағы дәнеркерші өнер иесіміз. 

Президент мырза парламенттегі, мәжілістегі халық сайлаған депутат мырзалар, Қазақстанда 2-кг салмақ тартатын домбыра аспабын самолетте еркін алып жүру заңына қолдау білдіруге мүмкіндік жасаңыздар! Бұл заң ұлттың мәдениетін, руханиятын қолдау деп білемін!

2-кг-дық ұлттық аспабымыз домбыраның , өз елінде, қазақтың даласында қорлануына, жол берілмесін. Домбыра бар жерде қазақ деген ұлт бар!!!», — деп жазды ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!