Ташкентте өткен Түрік дүниесі поэзия фестивалі аяқталды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Түркітілдес елдердің шайырлары кезекті рет өзбек елінің астанасында бас қосты. Екі жылда бір өтетін жыр мерекесі биыл 16-шы рет ұйымдастырылып отыр. Фестивалдің негізгі ұйымдастырушысы Түркия Жазушылар одағы мен Өзбекстан Жазушылар одағы және Түркия Мәдениет министрлігінің ТИКА ұйымы. Қолдаушысы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы «Түркі поэзиясы» фестивалін 1992 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Осы уақыт аралығында жыр мерекесі Алматы, Түркістан, Бұрса, Бішкек пен Баку секілді бауырлас елдердің ірі шахарларында өткен.

Тоқсаннан астам ақын қатысқан алқалы жиында 4 түрлі мүшайра өткізілді.

Фестиваль қорытындысында 3 бас жүлде – “Алтын қаламның” бірі Мехмед Доған атындағы сыйлық – сертификаты Ұлықбек Есдәулетке берілді. Сонымен қатар, “Түркия Жазушылар одағының Құрметті мүшесі” деген куәлік тапсырылды.

Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желі парақшасында бөлісті.

«Фестивальді ұйымдастырушылар менің ескерусіз қалып бара жатқан 70 жас мерейтойыма байланысты осындай құрмет көрсетті деп түсіндім»- деп жазды Ұлықбек Есдәулет.

Ұлықбек Есдәулет –  ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері. «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар», «Киіз кітап»  кітаптарының, «Ахиллестің өкшесі» өлеңдер жинағының авторы.

2018-2023 жылдар аралығында Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы қызметін атқарған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!