«Орыстар үшін Александр Пушкин, ағыл­шындар  үшін Уильям Шекспир, немістер үшін Иоганн Гете, американдықтар үшін Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани ұлы тұлға». Елбасы Н.Назарбаев «Абай аманаты» мақаласында осылай жазды. Тұлғаны тану­дың  халық үшін маңызы қандай болса, оның жан дүниесі мен еңбегін түсінудің ма­ша­қаты өз алдына бір бөлек дүние. Дей тұрғанмен, мерейлі күн қарсаңында аңыз адамның өміріне тағы бір мәрте үңілуді жөн көрдік.

Абай туралы диссертациясы үшін үш жарым мың дерек жинап, алты сағат бойы талас-тартысқа толы жиында еңбегін абыроймен қорғап шыққан абайтанушы ғалымның есімі қазаққа етене жақын. Оның хакім Абай жайлы талай жыл көз майын тауысқан зерттеу еңбектері көлемі жағынан Мұхтар Әуезовтан асып, он екі томдыққа жиналған. Бұл «Абайды орташа деңгейде ғана таныдық» дейтін профессор Мекемтас Мырзахметұлы екенін сіз де біліп отырған боларсыз. Абайдың жалпы өмірбаяны, қара сөзі мен өлеңдеріне ептеп көз жүгіртіп, түсінуге емеурін танытқанымызбен үстірт ойдың табаны жерге тимейтіні рас. Сол үшін тарихи тұлғаны абайтанушы ғалымның еңбегі арқылы тануға тырыстық.      

Осыған дейін М.Мырзахметұлы Абайды тануда үш кедергі бар екенін айтып келді. Бірінші кедергі – Абайдың өмірі, екіншісі – Абайдың сөздері. Үшінші үлкен кедергі – Абайдың дүниетанымы. Алдыңғы екі кедергіні ғалым отандық басылымға берген сұхбатында келесідей тарқатқан еді:

«Абайды тануда үш кедергі бар біздің алдымызда. Бірінші кедергі, Абайдың өмірбаянын Әуезов арқылы білгенмен, оның заманындағы саяси сырды, құпияны білмейміз. Осыны ашпасақ, Абайдың 18 жыл болыс болғанын, содан қалыптасып үкіметке қарсы шыққанын түсіне алмаймыз. Ресей бізді қол астына алғаннан кейін экономикалық жағынан меңгерді. Сонымен бірге идеологиялық жағынан меңгеруге күш салды. Оған миссионерлерді жіберді. Ильминский бастаған топ келді. Олардың мақсаты бізді шоқындыру, сол арқылы орыстандыру еді. Кейін шоқындыруды қойғанменен, орыстандыру саясатын ұстап қалды. Осыларды білу үшін Абай өмірінің тарихына терең үңілуіміз керек. Бұл Абайды танудағы бірінші кедергі болып отыр. Абай қайдан шықты? Оны билікке араласқандағы қатынасы қандай болды? Абай биліктен де, болыстан да безіп шықты. Бұның астарында үлкен бәле жатқанын көрді. Ол қандай бәле? Батыс-Сібір генерал-губернаторы патшаға жазған хатында айтады: «Қазақтың даласында сексеуіл деген ағаш өседі. Шеге қақсаң кірмейді, балтамен шапсаң жарылмайды. Бірақ өзін ғана бір қатты нәрсеге ұрсаң, быт-шыт болады екен. Біз осыны қазаққа қолданайық». Міне, Ресейдің саяси басты сызығы осы болып келе жатыр. Сөйтіп бір кедергіні аштық. Одан құтылдық.

Енді екінші кедергі шықты алдымыздан. Абай өзінің өлеңдерінде, әсіресе қара сөзінде исламиаттан көптеген терминдер ендіреді. Біз оны оқимыз да түсінбейміз. «Ақыл мен хауас барлығын, Білмей дүр жүрек, сезе дүр, Мүтәкіллимин, мантикин, Бекер босқа езе дүр» дейді. Түк түсінбейсің. Содан «хауас» деген не деп іздедім? Сөйтіп, хауасын таптым, мантықын, мутакаламын таптым. Содан ішіне кірдім. Абайдың дүниетанымы дәл осы жерде тұр екен. Бұны философтар діни өлең деп, аузына алған емес. Негізгі бұрылыс осы жерде жасалынады. Абай неге мутакаламинді, мантықынды терістеді? Бұлар бір кездері исламның ішінен шыққан ағымдар. Мутакалимдер гректердің философиясын исламмен байланыстырып дәлелдейтін. Міне, Абай соларға қарсы екенін осы өлеңдерінде білдіреді. Екінші кедергіні алдық. 

Енді үшінші кедергі қалды. Бұл ‒ Абайдың дүниетанымы. Абайдың дүниетанымын біздің философтар атеист, матералист деп түсіндірді. Ал шын мәнінде Абай атеист те, матералист те емес екен. Дағдарысқа түстік. Енді қалай шығамыз? Бұрынғы жолмен біз ешқайда шыға алмаймыз. Бұдан шығу үшін ұлы санаға бет бұрамыз. Кванттық физика өкілдері материяны мәңгі деп сенетінбіз деп ағынан жарылды. Сөйтсек материя мәңгі емес екен, өзгереді екен. Ол да сананың жемісі екен. Осыған көзіміз жетті деді. Сөйтіп олар өздерінің бұрынғы атеистік, матералистік жолдарын терістеп, ұлы санаға келді. Квант өкілдері бізді энергетикалық өріс қаптап тұрғандығын айтады. Бұл өріс бүкіл дүниені Алланың құдіретімен билеп отыр. Бұл энергетикалық өріс бізге әсер етеді, оған біз әсер ете аламыз. Мысалға, біз бәріміз жақсы тілекпен, адал жүретін болсақ, ана жақ нұрланады. Одан кейін жерге жақсы дүниелер келеді. Ал енді бәріміз ананы өлтірейік, ананы алдайық дейтін арам ойда болатын болсақ, ана жақ түрленіп, бізге белгі береді. Жер сілкінеді, я болмаса жанартау атылады. Кейде су тасып кетеді. Сонда біз тікелей байланысты екенбіз. Энергетикалық өрістің арғы жағында ақыл иесі тұрады. Ендігі жол соған қарай кетті. Міне, философтар осы мәселені ашып беретін болса, үшінші кедергі алынады. Ол болмаса әзірше үшінші кедергі алынбайды».  

Абайтанушы ғалым қазақта ең бірінші ұлттық санасы оянған тұлға Дулат Бабатайұлы екенін, кейін Абайдың да ұлттық санасы тұтас Алашты оятқанын айтады. Тіпті, қазақтың патша билігі қол астында отырып жеке автономия құру идеясы Абайдан бастау алғанын тілге тиек етеді. Мұхтар Әуезовтің «Абайды танудың бір қиыншылығы – ол өмір сүрген заманды білу» дегеніне сүйенген Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың білімін үйрену керек деп санаған орыс билігінен не үшін біржола күдерін үзгенін келесідей түсіндіреді:

«Абайды орыс билігінен біржолата күдерін үздірген бұл 1902 жылы Николай патша II-нің жазған раскривті еді. Басқа құжаттарды патшаның қол астындағы қызметкерлері жазады да, патша тек қолын қойып береді. Ал раскривтті патшаның өзі ерекше мән беріп, аса құпия жағдайда өз қолымен жазады. Осы 1902 жылы жазылған раскривтте патша «Қазақтарды тез арада орыстандырып, шоқындыру керек. Көнбесе, жер бетінен жойып жіберіңдер» деп бұйрық берді. Осы аса құпия бұйрықты Думаға депутат болған Шәймерден Қосшығұлов қолына түсірді. Сөйтті де, оның екі көшірмесінің біреуін Абайға, екіншісін Мәшһүр Жүсіп Көпейге салып жіберді. Басқа да қазақтың зиялы қауымдарына, бас көтерер азаматтарына хат жазып, жағдайды түсіндірді. Алайда мұны патша үкіметінің адамдары біліп қойды да, бүкіл жандармерия, губерния басшылары Абайдың қолындағы аса құпия раскривтті алуға тырысты. Абайдың үйін тінтіді. Бірақ ол хат Ақылбайдың үйінде болып шықты. Ақылбай «мен бұл қағазды темекі орауға алып едім» деді. Абайдың сенген бір тірегі бар еді, «орыстың тілін білу керек, мәдениетін ұғу керек» деген. Осы тірегі құлады. Абайдың құса болғаны осы жәйт. Ақын өлер сәтінде үш-төрт күн ешкіммен сөйлеспей, батысқа қарап жатып алғаны да осы себептен».

«Абайды түсініп кетсең, абайтанудың көкесін көрсетесің»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Толық адам» тұжырымдамасына тоқталды. «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деді Мемлекет басшысы. Абай айтқан «толық адам» деген кім? Қазақ қайтсе «толық адам» деңгейіне жетеді? Бұл сұрақтың да жауабын абайтанушы айтқан пайымнан іздедік.

«Алғашқы кезде Абайдың «толық адамын» түсіне алмадым» дейді Мекемтас Мырзахметұлы. «Оның Абайдың өлеңдерінде, қарасөздерінде, шығармашылығында шашылып-төгіліп жатқанын әбден бәрін зерттеп барған соң көрдім. 20 жылдай зерттеп, тани бастадым. Студенттік кезде Әуезовті үнемі сынға алып жататын. «Ол мынадай теория шығарып жатыр» деп жақтырмай отыратын. Абайды оқығанда, Әуезовтің ол теорияларды қайдан шығарғанын түсінгем. Көп ойдың бәрін Абайдың өзі айтып, Мұхтар Әуезов оны тек қайталаған. Негізінде, Абайды түсіну өте қиын. Оны түсініп кетсең, абайтанудың көкесін көрсетесің. Абайдың «жан тану» деген өлеңі бар, оған әлі де ешкім барған жоқ. Шәкәрім біраз дамытып кетті, бірақ Еуропа оған жеткен жоқ. «Еуропа жанды білмейді, Еуропа иманды білмейді» деген Мағжан. Олар иманды білмейтіні ешнәрсеге сенбейді. Сондықтан да иманды білмейді. Жанды білмейтіні неге? Олар жанды бір материализация деп қана біледі. Адам қазір өмір сүрді де кетті дейді. Жан мәңгілік екенін, өлмейтінін білмейді. Осы ұғымдардың өзі қандай даналықпен айтылғаны Абайдың ғұламалығында жатыр».

Негізінде «Толық адамды» түсіну қаншалықты қиын болса, оны жастардың санасына сіңіру де оңай дүние емес. Бірақ профессор айтқан мына оқиға қоғамды Абай айтқан ізгілікке бастайтыны анық.

«Ташкентке кейін барғанда басылып, тазаланып бардым. Ол кезде «толық адамды» меңгергенмін. Сырдария институтына барғанда өзімді таза ұстауға тырыстым. Сонда декан, проректор болдым. Ақшаны қапшықтап алуға болар еді. Мен алмадым. Себебі менде Абай болды. Адамды тазартудың құдіреті бар екенін өзімнен көрдім. Анадай вагон-вагон ақша келетін жерден аман шықтым. Себебі Абайдың ілімі тазалады. Біз өсіп келе жатқан жастардың бәрін осылай тазалауымыз керек. Балаға мақтап, жолдарының бәрін көрсетсек жөн болады. «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деп айтып отырамын. Міне, осылай сабақ бастаймын. «Араларыңда «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ» бар ма?» деп сұрағанда, олар «Бар ғой» деп күліп отырады. Біліп отыр. Енді оны қайтіп құртамыз, сол жағын айтамыз. Содан барып «толық адамға» алып келеміз. Оны бірден қабылдау қиын. Себебі қазір күрделілендірмей, оңайлатып схемаға келтірдік. Балалар оны тез түсінеді, әйтпесе, оны оқып ала алмайды. Кітап жазып, оңайлатып бермесе, тым күрделі. Мұның құдіреті осында болып тұр. Себебі халқымызды рухани тазалауымыз керек. Бәріміз періштеміз деп ойламаңдар, бәріміз адамдармыз. Бізде күнәнің бәрі бар. Содан арылуымыз керек. Оны біз өзіміздің емес, жастардың бойына сіңіруіміз керек. Өсіп келе жатқан солар ғой. Оларды тазартып алсақ, қоқыстың бәрі өзі-ақ кетіп қалады» дейді абайтанушы.

Абай әлемін тану екінің бірінің қолынан келмейтінін алдыңғы буын дәлелдеді. Десе де бұл тақырыпқа құлаш сермеп, тереңдете зерттеген ғалымдар аз емес. Сәйкесінше ақын жайлы дерек те көп. Әрқайсысы аңыз адамды жаңа қырынан танытады.  Соның арасында  белгілі сыншы Тұрсынжан Шапайұлы  Абайдың шығармашылыққа не үшін кеш келгенін былай түсіндіріпті: Абай қырықта болатын… Шығармашылықта “ерте ашылатын, кеш ашылатын индивидуумдар болады” дейді XX ғасырдың ұлы ақындарының бірі, әйгілі әдебиет теоретигі, сыншысы Т. Элиот. Жалпы, ол кісі айтпаса да белгілі жай. Сирек те болса, кездесетін шындық. Уитмен отыз жетісінде “кенет” ұлы ақын болып оянады. Шығармалары сопылық поэзияның шыңы болып есептелетін Жалаладдин Румидің қалғып жатқан ұлы дарыны қырықтан аса бере дүр сілкінеді… Абай ақындық өнерге мән бермей немесе “дайындықпен” жүріп қалды дегенге сенбеймін. Рас, пісіп-жетілу деген де бар шығар, бірақ, анығында, табиғи гений, кезі келгенше, күні туғанша көзін таппай тұмса жататын құпия қуатқа ұқсайды. Бұйрықты күні өзі ашылады, я бір түрткі оятады. Қырықтағы Абайдың өлеңге келуі – өзінің құдіретті тегеурінінен қаперсіз, тынық жатқан телегейдің оқыс теңселіп кеткеніндей, қорданың астында бұғып жатып қоздаған шоқтың алапты айқара лап қойған алапат өртіндей орасан құбылыс… Ғажайып таулар, керемет көлдер – бір кездері жер бетінде болған ұлы апаттардың салдары. Гений де сондай бір pyx сілкінісі. Қазақ санасының жана рельефін жасаған Абайдың шығармашылық қажыры да осы бейнелі”.

Абай ‒ Гималай. Қазақ дана да, дара тұлғасын жер бетіндегі ең биік тауға теңеген. Әзірге шыңына шығып, биіктікті тану ‒ елге парыз. Осы тұста абайтанушы айтқан мына мәселе өзекті болып қала бермек: «Ендігі үлкен кедергі – Абайдың дүниетанымы. Қазіргі философтардың бұған шамасы келмейді. Өйткені олар еуропалық жүйемен даярланған, материалистік, атеистік көзқарастан арылмаған. Мына тақырыпқа даярлығы жоқ. Бұл тақырыпты бір ашса, арапша, парсыша, түрікше, яғни, исламиятты терең білетін жастар ашады. Солардан үміт күтеміз».

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!