Үздіксіз оқу мен жан-жақты ізденіс – білім беру ісінің алтын діңгегі. Әсіресе, ұстаздардың көркем шығармаға жақын болуы, тағылымды мәтінді талдауға құлшынысың артуы саланы алға сүйрері анық. Осыған орай, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің арасында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты қалалық сайыс өтті.
М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған байқауда ұстаздар «Абай жолы» роман-эпопеясын талдап, шығарма желісіндегі көркемдік шешімдерді саралады. Қатысушылар жазушы мен хакім Абайдың байланысы, әдеби еңбектің бала тәрбиесіндегі орны турасында ой пікірімен бөлісіп, арнайы тапсырмаларды орындады.
Қызылорда қалалық білім бөлімі мен қалалық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен додаға шаһардағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері атсалысып, шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.
Сайысқа қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Орынша Міржақыпқызы қатысып, жүлдегерлерді марапаттады.
Аталған сайыстың мақсаты – мұғалімдерді әдеби кітап оқуға ынталандыру, «Абай жолы» роман-эпопеясының мазмұнын меңгеру арқылы тәрбие әдістемесін саралау. Сондай-ақ шығарманы талдай отырып оқырманның сөйлеу мәнері мен тіл байлығын қалыптастыру да назарға алынды. Мектеп мұғалімдері сайыс барысында «Абай жолы» роман-эпопеясының мазмұнын талдап, әр кезеңде кейіпкерлердің мінез-құлқы мен тағылымды үзінділерді жан-жақты аша білді.
Айта кетейік, И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицей базасында өткізілген додада қазақ ақын-жазушыларының еңбектері талғам мен таным көкжиегін кеңейтіп, педагогика бағытындағы мәселеге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік берді. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейдің командасы иеленсе, ІІ орынды Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицей өкілдері жеңіп алды. Ал жүлделі ІІІ орын М.Толыбеков атындағы № 3 ІТ мектеп-лицейге бұйырды. Сонымен қатар И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицей «Артық білім кітапта» номинациясын, Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясы «Сөз мәйегі – ой жауһары» номинациясын еншілесе, А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектеп «Абай әлемі – қазақ әлемі» номинациясын қанжығалады.
Гүлсая Алдабергенова,
И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицей директорының ғылыми әдістеме ісі жөніндегі орынбасары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!