Фото: ашық дереккөзден

Қарапайым тұрмыстық лексика – біздің сөздік қорымызда бұрыннан бар сөздер. Тек қазіргі жастардың шығарма оқуға, кітап оқуға деген құлшыныстарының төмендеуіне байланысты бұл сөздер тілімізге жаңадан қосылғандай көрінеді. Қарапайым тұрмыстық лексика қазіргі таңда ауызекі сөйлеу стилі мен көркем әдебиет стилінде қолданылады. Екі адамның тілдесіп сөйлесуі барысынан тұрмыстық лексиканы байқауға болады.

Тұрмыстық лексика аясына адамның күнделікті өмірінде қолданылатын заттар, бұйымдардың атаулары, сондай-ақ тұрмыспен тікелей байланысты күнделікті үй шаруашылығына байланысты сөздер жататыны белгілі. Сондықтан да бұл мәселеге қатысты көптеген термин бар. Мәселен, «этномәдени лексика», «этнографиялық лексика», «кәсіби лексика», «тұрмыстық лексика», «материалдық және рухани мәдениет лексикасы», «заттық мәдениет лексикасы», «тұрмыстық терминдер», «кәсіби-тұрмыстық лексика» т.б.

Тақырыпқа қатысты арнайы зерделеуді қажет ететін мәселе – тұрмыстық лексиканың қолданылу аясы, оның күнделікті қарым-қатынас тіліне байланысты қатысымдық мәні мен ерекшелігі. Мұнда негізге алынып тұрған басты белгі – лексикалық бірліктердің тұрмыстық қатынас мақсатына байланысты тілде жұмсалуы.

Ә.Болғанбайұлы мен Ғ.Қалиұлы сөйлеу тілі лексикасын лексика-семантикалық, экспрессивтік-стилистикалық сипаты жағынан төмендегідей топтарға бөліп қарастырады:

1) тұрмыстық-қарапайым лексика; 2) варваризмдер; 3) әдеби-сөйлеу лексикасы. Олар тұрмыстық лексиканы былайша түсіндіреді: «тұрмыстық-қарапайым лексикаға, күнделікті өмірде, тұрмыстық қарым-қатынаста қолданылатын жалпы халыққа белгілі, сөйлеу тілінің аясындағы сөздер жатады. Тұрмыстық-қарапайым сөздердің ішінде бір нәрсенің бағасын кеміту, құнын төмендету мақсатында қолданылатын, стилистикалық бояуы бар сөздер, дөрекі, тұрпайы сөздер, қарғыс- алғыс мәнді сөздер көп кездеседі. Мысалы, оған кемсітіп, мұқатуды, жаратпауды білдіретін: қортық, мыртық, қатын, салпы етек, жаман неме» сөздері жатады.

Тұрмыстық лексика жайлы құнды деректер Ж.А.Манкеева еңбектерінде берілген. Ғалым тұрмыстық лексикаға былайша баға береді: «Сонымен, көне тамырлы этнолексика халықтың этномәдени тарихы және тілдік шығармашылығы туралы баға жетпес «ақпарат» көзі болып табылады. Оның негізін құрайтын тұрмыстық лексиканың дені – ұлттық материалдық мәдениеттің реликті әрі рухани байлығымыздың түбірі. Себебі, бұл жүйедегі сөздер тек атауыштық қана қызмет атқармайды. Қазақ тіліндегі заттық мәдениетке қатысты атаулар немесе тұрмыстық лексика қазақ халқының материалдық өндірісінің деңгейін, сипатын, түрлерін және шаруашылық пен тұрғын үй мүліктері, киім мен тұрмыс бұйымдарын әшекейлеуге қажет мұқтаждықты қамтамасыз етуге бағытталған қазақтың халықтық қолөнер бұйымдарын бейнелейді». Ғалымның пікірінде атап өтілгендей, тұрмыстық лексиканы құрайтын атаулар сан-салалы. Солардың бір тобы – киім атауларына қатысты.

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы да киім атауларын кеңінен қамтыған.

«Абай жолы» роман эпопеясындағы қарапайым тұрмыстық лексикалық сөздер:

  1. Бала деген қорқар болар еді. Ес бар ма өзіңде, пәpyәрдігер, – деп, Байтас бабын таба алмай басын шайқайды. (1-том, 4-бет). Пәруәрдігер – Құдай, тәңір, жаратқан деген мағынада.
  2. Өзі айтқан «Құнанбайдың бөлтірігі» – Абай екен. (1-том, 5-бет) Бөлтірігі – қасқырдың төлі. Бұл жерде Абайдың намысына тиіп, дәрежесін түсіру мақсатында қолданылып тұр.
  3. Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме! – дей беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «жаман неменің» артынан лезде: Қарашығым, қоңыр қозым… Абай жаным… – деп кемсеңдеп, жылауға айналып кетті. (1-том, 11- бет)
  4. Е, жақсы боп қалды. Өркенің өссін, балам! – деп әжесі алғыс айтты. (1-том, 13-бет) Алғыс мәнді сөздер.
  5. Уа, кет, жоғал! Құдайдың кәрін көріп болған Қодар Құнанбайдың кәрінен қорқар деп пе ең? Жоғал арман! – деп айдап жіберген. (1-том, 30-бет). Адамды кемсіту мақтасында қолданылады.

Тіл – ғасырлар жемісі, халық мұрасы, ұлттық қазына. Халық өміріндегі тарихи бел – белестер, ұлы өзгерістер ұрпақтан – ұрпаққа тіл арқылы жетеді. Ұлт мәдениетінің негізгі көрсеткіші – көркем әдебиеттің де шынайы болмысы, шеберлігі оның тілі арқылы көрінеді. Ал осы тілдің бейнелілігін, байлығын арттыра түсетін сөздік қордың ауқымды бөлігі тұрмыстық лексика болғандықтан, әлем жұртшылығы ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған бүгінгі таңда тұрмыстық қарапайым лексиканы зерттеудің теориялық және практикалық жағынан да негізі бар.

Айдана НҰРЛАНҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!