Абай – қазақ халқының мақтанышы. Тек қана Абайдың өлеңдерінде қазақ халқының өмір шындығы, сезім-сыры, арман- тілегі, ұлттық қасиеті түгел көрініп, сезіледі десем, артық емес.
Абай мақсатқа жетудің шынайы жолын көрсетіп берді. Дана ақынның пайымынша, мұратқа жетудің негізгі жолы – шығармашылық. Абайдың айтуынша, ой кісіге өмірдегі бар құбылысты талдап, қорытып, салыстыру үшін берілген. Мұратқа жетудің екінші шарты – еңбек. Ол қазақ қоғамында еңбек туралы жаңа түсінік қалыптастырды. «Еңбек – жай ғана қызмет емес, адам болмысының айнасы» деген ой тастады. Сондықтан ақын еңбек пен мақсатты өлеңдерінде асқақтата жырлаған.
Абай қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған қоғамдық және саяси өмір мәселесін айта білді. Ол қазақ қоғамының қайшы жағын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты озық мәдениетке сүйреді. Ол ендігі жерде ел болудың кепілі – дамыған көрші елдермен қарым-қатынас жасауда екенін айтты. Елді сол жолда бірігуге, ынтымақтастыққа, ауызбіршілікке шақырды.
Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну – Абай даналығының белгісі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Өлеңдерін оқи отырып, одан жалғандық табу қиын. Шығармаларынан қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. Оның өлеңдері өзінің қарапайымдылығымен, табиғилығымен құйылып, ойға, сезімге ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады. Абай ақын болып сөз жазып қана отырмаған, өз өлеңіне өзі ән шығарып таратқан. Оның композиторлық шығармашылығы ерекше бағаланады. Жасынан әке ырқымен ел ісіне араласқан Абай сөз сырын жақсы білді, дау ұстағандардың талай сынынан өтті, шешен атанды, төбе билікке де сайланған. Абай – қайталанбас тұлға. Ақынның өзі өлгенімен, жазып қалдырған өлеңдері ешқан өлмейді. Оның әрбір сөзі – бізге аманат.
Ғазиза ЕРЛАНОВА,
№5 мектептің 11 сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!